Түркістан облысы Арыс қаласында болған төтенше жағдай бүкіл Қазақстанды біріктіргені баршаға аян. Осы тұрғыда «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы Арыс қаласындағы зардап шеккендерге көмек қорына 20 миллион теңге аударды. Қазір мұнайшылар Арыс қаласынан келген балаларды қабылдауда үлкен қуанышқа бөленуде. Компания басшылығы мен жазғы лагерьдің қызметкерлері балалардың Каспий теңізі жағалауындағы демалыстарының ұмытылмастай жақсы әсерде өтуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Басқармасы өз шешімімен Арыс қаласында болған жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарына көмек көрсету мақсатында 20 миллион теңге көлеміндегі қаражатты қайырымдылық қорына аударды. «Арыстағы төтенше жағдай бүкіл Қазақстан халқын біріктірді. Қысылғанда көмекке дайын тұратын халқымыздың ұйымшылдығы мен бірлігіне куә болып отырмыз. Еліміздің азаматтары қайғылы оқиғаға тап болған арыстықтарға барынша қолдау көрсетіп, көмек қолын созып жатыр. Бұл жағдайды біздің компанияның мұнайшылары да зор алаңдаушылықпен қабылдады. Әлеуметтік жауапкершілік – біздің компания саясатының басым бағыты. Қайғылы оқиғадан қаза болған азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Жарақат алған кісілердің тез сауығып кетуін тілейміз», - дейді Бас директордың әкімшілік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Жетібай Төлеғожаев. Қазіргі таңда Арыстың 100 баласы қала маңындағы «Алау» сауықтыру лагерінде жазғы маусымдық демалыстарын өткізуде. Демалыс барысында балаларға мұражайлар мен аттракциондарға түрлі экскурсиялар, жергілікті көрікті жерлерге саяхат, спорттық ойындар мен білім сайыстары, флеш-мобтар музыка және би жарыстары өткізілуде. - Біз бірден осы лагерьге, теңізге ғашық болдық. Бұл өте әдемі жер екен! Менің ойымша, «Алау» - бұл балаларға арналған ең жақсы лагерь. Біз осында болғанымызға өте қуаныштымыз», - дейді өз әсерлерімен бөліскен Арыс қаласының кішкентай тұрғыны Назерке Шағырбай. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="83373,83374,83371"]