©
Барудан отанасының жүзін шырамыттым. Бірақ лезде есіме түсіре алмадым. Сөйтсем, ол қаладағы №9 орталау мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ берген, қазір №19 орта мектепте ұстаздық ететін, аздап өлең жазатын өнері бар, ақынжанды Базаргүл Ерғалиева екен. Ол мен арнайы іздеп келген Келдібай Өтемағанбетовтың жұбайы болып шықты. Сондықтан әп дегеннен әңгімеміз жарасып, шүйіркелесіп кеттік. Дегенмен Келдекең сөзге сараң кісідей тартыншақтана берді. Әлде баяғы кеңестік солақай саясаттың салдарынан солқылдақтық танытып сескеніп отыр ма, білмедім. Әйтеуір, ағынан жарылмай, кібіртіктей берді.
Ертеңіне таңертең белнемере інісі Суатбай Қанқулиевпен де кездесіп, әңгімелестік. Жаңаөзен қаласының құрылғанына жарты ғасырлық торқалы тойына тыңғылықты дайындық жұмыстары жан-жақты жүргізілмесе Өзен Қиғылықұлының қасымызда жүрген ұрпақтары әлі белгісіз болып қала берер ме еді, кім біледі? Ол жағында дөп басып айту қиын. Бірақ әйтеуір, бір қуаныштысы табан тіреп, тырнақ ілетін нәзік сәуленің лапылдап жанып, жан-жағына нұрын шашатын кезеңі келген сияқты. Соған себепкер болып, септігімізді тигізер бізге де ұрымтал сәт туғандай. Ендеше, іске сәт! Айту бізден, тыңдау сізден.
Өзен деген кім? Құдық па, әлде адам ба?Әңгімемізді бастамастан бұрын, түсінікті болуы үшін шежірелік түзілімге назар аударалық: Мұңал – Жары – Базар – Отыншы, Жәнтен. Жәнтеннен – Азамат, Бисау, Түктібай, Түрнияз, Игілік, Қиғылық, Бүрге, Битім деген 9 бала тарайды. Қиғылықтан Өзен. Өзеннен Жарылепес. Жарылепестен Көбен мен Көбеген туылады. Көбеннен Қангелді (Қанқұл), одан Сағынбай дүниеге келеді. Сағынбайдан Өсербай (қазір Бейнеуде тұрады) мен Суатбай (қазір Теңге ауылында тұрады) тарайды.
Ал Жарылепестің Көбегенінен Өтемағанбет пен Сүйеумағанбет дүниеге келген. Өтемағанбеттен Келдібай (Жаңаөзен қаласында тұрады), Жомарт (Қызылсай ауылында), Алпысбай (Жаңаөзенде тұрады) туылған.
Сүйеумағанбеттен Амантұрлы (Жаңаөзенде тұрады), Ілес (Жетібайда тұрады) дүниеге келген.
Өзен шамамен 1794, 1799 жылдары XVIII ғасырда, Жарылепес 1824, 1829 жылдары XIX ғасырда, Көбен 1854, 1859 жылдары XIX ғасырда туылған сияқты. Қангелді 1854 – 1932 жылдары туылып, өмір сүрген. Сағынбай 1924-2009 жылдары ғұмыр кешкен.
Сонда біздің бүгінгі сұхбаттастарымыздың бірі – Келдібай ақсақал Өзеннің төртінші ұрпағы, яғни шөпшегі. Ал Суатбай - бесінші ұрпағы, неменесі.
- Менің естігенімнен есте қалғандары сонау ертедегі Базар бабамыздың өзі аса бай болған адам көрінеді, - дейді Суатбай Қанқулиев. – Төрт түліктің ішіндегі жылқыға өте құмар болған деседі. Үйір-үйір жылқысының көптігінен көз тұнатын болған. Әсіресе, жылқыларының ішінде мүйіздің тұқыл орны бар, нышанды қасиетті жылқылары бар екен. Оның екінші баласы Жәнтеннің тоғыз баласы болғандығы жоғарыда айтылды. Соның соңғы екеуін асыранды бала болған екен. Сол екі баланың бірінің қалың малы үшін бір мүйізді жылқының бір үйірі құдалар жағына кетіп қалыпты. Оны білген басқа балалары «Келімсек үшін қасиетті жылқыларды бердің. Сол нышанды жылқылармен бірге ырыс, несібе, бақ, дәулетіміз де кетіп қалатын болды. Жылқыларды қайтару керек» деп реніш білдіріп, дау шығарыпты. Қалың мал қайтса, қалыңдықты да кейін қайтару керек. Бұл елдігімізге сын, сүйекке таңба, атымызға ұят. Бір мүйізді бір үйір жылқы кетті деп несіне даурығасыңдар? Бір мүйізді бір үйір жылқы кетсе, қос мүйізді жылқылардың үйірі жеткілікті емес пе?! Жә, болды енді, бәріңе де өздерің талапкер болсаңдар, байлық жетеді, - деп Базар қария басу айтқан екен дейді ертеректе өткен үлкендер.
- Менің жас кезімде, жас болғанда әскерден оралған шағымда қазіргі Сайын Шапағатов ауылында тұратын Бисенбай Мейіров деген жақын тумалас ағамыз ауылымызға жиі-жиі қыдырып келетін. Біз ол кездері Бесқалада тұратынбыз, - деп Келдібай Өтемағанбетов өткен күндерін еске алып әңгімесін бастады. – Сол ағамыз барған сайын бізді киелі мекен Маңғыстауға қоныс аударыңдар деп көп үгіттейтін. Өзі өте әңгімешіл жан болатын. Айтқан сөздерін әңгімелеп, майын тамызып, жеті жүйеңе жеткізіп, санаңа сіңіретіндей әсерлі етіп айтатын. Тыңдап отырып қанаттанып, құлшынып, бойыңды белгісіз бір күш еріксіз баурап, көңіліңді қуаныш кернеп, атамекенге деген құштарлығың артып отырады. «Сіздер енді мынау қарақалпақ, түрікмендердің жерінде қашанғы жүресіңдер? Ең болмаса мынау бүгінгі тума-туыс, бала-шағаларың ертедегі ата-бабаларының атақ-абыройын, мақсат-мүддесін, ой-арманын, бедел-биігін, даңқы мен кісілік келбетін , туған жерге, өскен елге сіңірген еңбегін біліп, еткен ерліктерін сезініп өссін. Кім біледі, ертедегі ескі шалдар, жеті атаның бойындағы асыл қасиеттер арадан пәленбай уақыт өткенде бір ұрпағы арқылы қайталанады деп айтып отырушы еді. Сол айтылғандай мүмкін сіздердің де ұрпақтарыңның ішінен елге тұлға, халыққа қамқор, қайырымды да мейірімді, келешегінен көп үміт күттіретін ұрпақтар шығып қалар, бәлкім. Ылайым, ондайлар шығып жатса, өзге елде басқаның бетіне жәутеңдемей, ата-баба рухынан нәр алып, әруақтардың шапағаты мен шарапатынан нұрланып, ететін еңбектерін, қайырымы мен мейірімін, қадір-қасиетін, қайрат-жігерін, ата-бабаның кіндік қаны тамған, аялы алақаны мен табанының ыстық табы қалған киелі мекеннің топырағына арнасын. Өйткені тікелей сендердің ата-бабаларыңның ішінен шыққан атақты тұлғалар аз болмаған. Мен анау Мұңал, Жары, Базар, Жәнтен, Қиғылық деген бабаларыңды айтып бастарыңды қатырмай-ақ қояйын. Оны өздеріңде уақыт сәті келгенде біліп аларсыңдар. Бірақ біріңнің төртінші, тағы біріңнің бесінші аталарың Өзен туралы естімеген боларсыңдар. Маңғыстауда Жаңаөзен деген қала бар. Сол қаланың түп төркіні - Өзен деген құдық. Оның суы өте мол болған. Ғасырлар бойы елдің мал-жаны сол құдықтан тіршілік етіп, күн көрген. Сол бабаларың ертеде қазіргі Өзеннің ойы мен Қызылсайдың төңірегін қыс қыстау ретінде мекендеген. Жаз жайылымы Ақшымырау, Қызан жақта болған. Сол құдықты Маңғыстауда мыңғырған мал айдаған байлардың бірі, әлгі сіздердің тікелей бабаларың - Өзен Қиғылық баласы қаздырған. Берегірек келгесін ресейлік топографтар Маңғыстауды зерттеп, картасын сызып жүргенде сол жерлерді «Өзен деген бай қаздырған құдық, яғни «Өзен құдығы» деп белгі қойған деген хабар бар. Соған байланысты қазіргі Қызылсай ауылы бастапқыда «Ескі Өзен» аталды. Соның негізінде «Узень» поселкесі құрылды. Бұл - қазіргі Жаңаөзен қаласының түп төркіні. Сондықтан күн көріп, тойған жерлеріңде жүре бермей, ата-бабаларыңның мекеніне жақындаңдар. Қара тамақ қайдан болса да табылады. Ең болмаса келешек ұрпақтарыңның қамын ойлаңдар!» деп Бисенбай Мейіров ағамыздың соңғы, 1970 жылы барғандағы қатқылдау айтқаны әлі есімде. Содан дәм-тұз бұйырып бабаларымыздың тарихи Отаны киелі мекен Маңғыстаудың Жаңаөзен қаласына арадан дәл 70 жыл өткенде, яғни 1997 жылы біздер көшіп келіп қоныстандық.
Өзен ұрпақтары Бесқалаға қалай және қашан ауған?
Өзеннің қос немересінің бірі – Көбен. Көбен шамамен 1854 әлде 1859 жылдары туылған сияқты. Ол өте ауқатты, күйлі кісі болған. Яғни Өзен атасының бақыты мен бағы, байлығы мен малы дарыған – тұңғыш немересі. Бірақ Көбен көпке дейін перзентсіз болып, бала сүйе алмай, бір тырнаққа зар болады. Жаратқаннан бала тілеп, әйелімен екеуі әулие-әмбиелерді кезіп кетеді. Әйтеуір, ақтан тілегені қабыл болып, қырыққа келгенде Қангелді деген торсық шеке ұлды сүйеді.
Көбен Қызылсайда отырғанда түйе қарап жүріп Қосайдың Сүйіндігінің Қарамендесіндегі Қалнияз деген кісімен бесік құда болып, қызын айттырады. Ол кезде Көбеннің Қангелдісі 7 жаста, ал айттырған қыз Қарақыз 1 жастың о жақ, бұ жағындағы бесікте жатқан сәби көрінеді. Содан ұл өсіп, қыз бойжеткесін ұлан асыр той жасап, Қангелді мен Қарақызды үйлендіріп, отау құрып, шаңырақ көтереді.
Жас кеңес өкіметінің жаңа саясаты қазақ байлары мен белгілі тұлғаларының басынан бағын тайдыра бастайды. 1910 жылғы ашаршылық халықты қос өкпеден қысып, қабырғасын қайыстыра түседі. Ұжымдастыру туралы «Жұрттың бәрін бір көрпенің астына жатқызады екен» дегендей ұшқары пікір, әңгімелер елдің үрейін ұшыра түседі. Оның үстіне байлардың тіпті әрең күн көріп отырған қарапайым халықтың маңдайын сыпырып, «Кооперативке біріктіру» деген желеумен кәмпеске жүргізіп, малдарын тартып алып, орталыққа сала бастайды. Осының бәрі ел арасында алауыздық туғызады. Жас кеңес өкіметіне қарсылық күшейе түседі. Большевиктік тәртіпке көнбегендер қудаланып жатты. Қазақтың малы – жаны. Екінші рет кәмпеске жүргізілгенде жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілді. Тек бұлардың жанын сақтап тұрған Көбегеннің Бесқаладан жібертіп тұрған азық-түлік, көкөніс, астықтары. Соның арқасында бұлар аштықтан аман қалды деуге болады. Әйтпесе қарапайым халық түгіл, байлардың да шаңырағы шайқалып, әлеуеті әлсіреді. Сосын «Байтал түгіл бас қайғы», қаймана қазақ туған жер топырағын еріксіз тәрк етіп, дүниенің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылады. Солардың ішінде Өзеннің немере, шөберелері де бар еді.
Бұлар алмағайып заманның аласапыранында сең соққан балықтай, не істерін білмей, тығырықтан шығар жол таппай, шарқ ұрады. Сөйтіп олар шекара асып, Ауғанстанға өтіп кетуге бел буады. Бірақ шекара жабылып қалғандықтан бұл жоспарлары бұзылады. Бәрібір бұл жақта қалғанымен өмірлерінің берекесі кететінін іштері сезеді. Сондықтан алған беттерінен қайтпайды. Екі кәмпескеден қалған қолда бар азын-аулақ түйе, жылқыларына жүктерін жүктеп, жолға шығады. Өзен бабасы қаздырған құдықтың басына барып, бір жандық сойып садақа беріп, бір түнеп ертесіне тағы жолға жиналады. Әйтеуір, туған жер топырағынан жырақтай береді. Ендігі барар жерлері Көбегеннің қайынатасы тарту еткен Хожелі ауданындағы жері еді. Содан басқа бұларға қылтиып тұрған үміт сәулесі де көрінбеді. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген осындай-ақ болар.
«Жантай» деген құдықтың басында Қангелді мен Қарақыздың жалғыз ұлы Сағынбай дүниеге келеді. Бұл 1924 жыл болатын. Бұлар одан әрі жүрісін жалғастырады. Бесқалаға бағыттап "Қасқа жолдан" құларда тағы қарулы күзеттің қолына түсе жаздап, әрең құтылады. Жандарының аман қалғанына шүкір етіп, Хожеліге тартады. Келіп Карл Маркс атындағы, қазіргі «Достық» ұжымшарына маңдайын тірейді. Сол кезде Сағынбай 5 жасар бала екен.
Жарылепестің екінші баласы Көбеген де өте күйлі, бай болған, байлығына төрт түлігі сай болған кісі. Оның бірінші әйелі Бесқаланың бірі - Хожелідегі белгілі Шамай Таздың көзінің ағы мен қарасындай жалғыз қызы. Шамай – Хиуа ханының мөрін бастырып, рұқсатын алған Хожелі ауданындағы бұрынғы Карл Маркс атындағы, қазіргі «Достық» ұжымшарының орнында бүкіл қазақты қанатының астына алып, қамқорлық көрсетіп отырған ірі жер иеленуші. Сол Шамай Таз қартайған, өлер шағында Маңғыстаудағы күйеу баласы Көбегенді шақыртады. «Қарағым, жалғыз қыздан басқа перзентім жоқ екенін жақсы білесің. Менің төрімнен көрім жақын қалды. Сен де менің баламсың. Ендігі жерде менің жеріме өзің иелік ет» деп Хиуа ханының мөрі басылған рұқсат қағазды жергілікті жерден рәсімдеп, Көбегеннің атына өткізеді. Бұл – 1920-22 жылдардың шамасы. «Жарылардың Хиуа ханынан сұрап алды» деп жүрген жері осы болар.
Сол жылдардан бастап Көбеген Маңғыстаудағы ел-жұртына Бесқаланың қауын, қарбыз, көкөністерінен бастап, арпа, бидай, жүгері, тары сияқты дәнді-дақылдарын үзбей жіберіп тұрады. Жылдың жартысын Маңғыстауда өткізсе, 6 ай жазда Бесқалада болады. Соның салдарынан бүкіл ауыл аймағы аштықтың алапат ажалына ұшырамай, аман қалады.
Маңғыстауда екі рет болған кәмпеске байларға да тықыр таяндырады. Соны сезген Көбеген ауыл-аймағын, бота-тайлағын шұбыртып, Қызаннан қопарыла көшеді. Жол-жөнекей атасының қыс қыстауы Өзеннің құдығына келіп, бір мал садақа тарқатып, түнеп, ертеңіне ұлы көш қайта жолға түседі. Бұл 1927 жыл болатын. Араға 4-5 қонып, шаршап-шалдығып Хожелі ауданына жетеді. Көштің ішінде Көбекеңнің Көрпе Бәйімбеттің қызы, екінші әйелі мен Өтемағанбет, Сүйеумағанбет деген екі ұлы мен бір қызы бар еді.
Қарайған жылқы мен түйе жетектеп келіп Бесқалаға қоныстанған қазақтарды көріп большевиктік партияның тыңшылары жоғарыға хабар береді. Сосын «Сен кеңес өкіметінің кезінде жалшы жұмсайтын шонжарсың» деп иықтарына сары алтындай погон таққан, көздері тұздай, кілең сары орыс мұны алып кетеді. «Бұлар менің жалшыларым емес, ағайын-туысқандарым, бала-шағаларым» дегеніне ешкім құлақ аспайды. 200-300-дей адамды айдап апарып, көне Хожелідегі Қазақбай деген өзбектің байының қорасына топырлатып қамап тастайды. Содан іші ызғар, астынан сыз өтетін, құрт, құмырсқа, бұзаубас, шаяндары жетіп артылатын қорада 6 ай жатып тергеледі. Күнде сұрайтыны бір сұрақ. Мұның да қайтаратыны бір жауап. Әбден мезі болды. Тек уайымдайтыны – денсаулығының күннен-күнге нашарлап бара жатқандығы. Нашарламай қайтеді, өзі жасы келген қарт адам. Алты ай бойы тынымсыз тергеліп, ақыры ақталып шығады. Шыққаны құрысын, қу шөп сияқты құр сүлдері қалады.
«Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады». Байдың тұқымы екені байқалып, таяғына сүйеніп, сүйретіліп әрең жүрген шалды ФЗО-ға айдап жібереді. «Өлмегенге өлі балық жолығады» дегендей тек кеудесінде жаны бар, әйтеуір аман келеді. Сөйтіп сексеннен өткен шағында сол жердегі «Мәздімхан сұлу» қорымынан топырағы бұйырады.
Бақ пен дәулет, ырыс пен несібе әулеттің бір адамының басында болатыны шындық болар. Көбеген кеткесін ізіндегі бала-шағасы мен тума-туысқандары тағдырдың тәлкегіне тап болып, ауыр күндерді бастарынан кешіре бастады. Өтемағанбет пен Сүйеумағанбет бастап Ташауыз облысының Көнеүргеніш ауданына көшіп, Байрам Тағанов атындағы ұжымшарға қоныстанады. Өтемағанбет ол жерге барғасын 1945 жылы Келдібай деген ұлды болады. Одан кейінгі баласына Жомарт деп ат қояды. Екеуінің есімін төркініндегі атақты адамдардың аттары деп Көрпенің қызы әжесі қойды.
1960 жылы Қарақалпақстандағы Шоманай ауданының Шоманай кеңшарына көшіп келеді.
- Менің әкемнің әкесі Қанқұл (Қангелді) малшаруашылығымен айналысқан, - дейді Суатбай Қанқулиев. – Малдарын ерте көктемде қырға айдап, ала жаздай сол жақта бағатын болған. Егін, яғни диқаншылық толық жиналып болғасын, күзгі қара суық түспей тұрып, малдарын айдап ойға құлайды. Себебі Бесқала – қыс қыстауы болған. Осы жолда жүріп ол кісінің көрмеген құқайы қалмаған. Ол кезде Хожелінің бас полицейі, яғни аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы – Құнанорыс Бермағанбет Аманжолов. Ол менің әкеме «Сен мал айдап қырға шығасың, ойға құлайсың. Сонда саған өзіңмен мал-жаныңды қорғап, қорғануыңа екі мылтық жетеді. Қалғандары өзіңе қауіп төндіруі мүмкін, басы артығын тапсыр» деп қару-жарақтарын алып қояды. Шынында да «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей ақтар мен қызылдардың жаудай жағаласып, ақтардың жеңіліске ұшырап, жаралы қасқырдай елге ауыр зардабын жиі тигізіп тұрған кезі. Оның үстіне қызылдарға қаны қарайған жәуміт баспашыларының да қаруын кезеп, қарапайым халыққа тізесін батырып тұрған шағы. Бірде қырдағы «Байшағыр» деген жерде аяқастынан қашып бара жатқан ақтарға кез келіп, ойламаған жерден қақтығысып қалады. Ақтардың ішінде Бижан деген Құнанорыс болған көрінеді. Осы шайқастың белортасында Көрпе Бәйімбет Бастыбайұлы Ер Төлеп те бар екен. Сол жерде Жомарт деген Көрпе оққа ұшып, қайтыс болады. Басқасын білмеймін, - деп Қангелді атам марқұм айтып отыратын болған.
Иә, Қангелді де ерлігімен елге танылған, Бесқала қазақтарының ішіндегі бас көтерері болған. Анау әлгі соңында шетелге баспаналап қашып кетіп, қаза тапқан баспашылардың басшысы Жөнейт ханның зардабы қарапайым халықты қанқақсатқан. Бірде Хожелінің «Қаракөл» деген жерінде осы хан Жөнейттің Шалтай деген бас қарақшы жендеті Құнанорыстың Тәтіман деген байының 300 бас сиырын айдап кетіпті. Оған жол-жөнекей Қангелді кездесіп, тағы аяқастынан атыс басталады. Қангелдінің жігіттері басым түсіп, баспашыларды тоз-тоз қылып қуып, Тәтімананың 300 бас сиырын шашау шығармай, аман-есен алып қалыпты.
- Көбеген атамыз бен Қарақыз әжем және менің шешемнің сүйегі «Мәздімхан сұлу» қорымында қалды. 1884 жылы туылған Қангелді атам 1931-32 жылдары қайтыс болған. Ал Көбен, Жарылепес, Өзен бабаларымыз Қызылсайдың төңірегінде жерленген. 1924 жылы туылған әкем Сағынбай Жаңаөзенге көшіп келгеннен кейін 2009 жылы дүниеден өтті, - дейді Суатбай әңгімесін аяқтап.
Жалпы бұлар ата-бабасының бай болғандығынан біраз жыл қиындыққа түссе де ешкімге есесін жібермеген әулет. Ішкі сырын сыртқа шығармай жүрсе-дағы халықпен қатар еңбек етіп, біреуден ілгері біреуден кейін дегендей өмір сүрді. Мысалы, Көнеүргеніште түрікмен тілінде мектеп бітірген Келдібай Өтемағанбетов Шоманай ауданындағы Шоманай кеңшарына көшіп келгесін сол жердегі Жамбыл атындағы орта мектепте ұстаздық етті. Қарақалпақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіріп, 15-20 жылдай жұмыс істеді. Одан кейін Шоманай ауданының орталығындағы кәсіптік техникалық училищеде оншақты жыл мұғалім болды. Ол сүйікті ісін Маңғыстауға оралғасында тастамады. Әуелі бір-екі жыл Теңге ауылындағы №14 орта мектепте, соң түрмеханада сабақ берді. Қазір зейнеткер. Атакүлдік Отанының ортасына 1997 жылы оралды.
Ал Суатбай 57-58-дерге келген жігіт ағасы. Әкесі Сағынбай Шоманай кеңшарында біраз жыл бригада басқарды. Мақтадан мол өнім жинап, жылда аудан бойынша озаттар қатарынан орын алып, жылдық жоспарды артығымен орындап, үздіктер қатарынан көрініп, бесжылдықтардың екпіндісі атанды. Соның нәтижесінде өңіріне ордень, медальдар тағылып, «Қарақалпақстанға және Өзбекстанға еңбегі сіңген мақташы» құрметті атақтарының иегері атанды. Әкенің жасы келіп, зейнеткерлікке шыққасын, оның орнына баласы Суатбай бригадир болды.
«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол». Осыны ойлаған Өзен Қиғылықұлының неменесі Суатбай Сағынбайұлы 2002 жылы бесінші бабасының жұрты Жаңаөзенге қоныс аударады. Иә, Суатбай Өзеннің неменесі. Суатбайдың ұлы Аманқос – жүрежаты. Ал Аманқостан сүйген 6 жасар Нұрлыбегі Өзеннің – туажаты. Демек бүгінгі таңда біздің қоғамда бізбен бірге Өзен бабаның жетінші ұрпағы өмір сүріп жатыр деген сөз.
Өзен бабасының ескі жұртына бірге бардықСенбінің демалыс күні. Бағытымыз - Өзен бабаның ертеде қаздырған құдығы. Құдық болмаса да орнын көріп қайту. Жолбастаушымыз – Рахим Серікбаев.
Екеумізден өзге Өзеннің Жаңаөзендегі ұрпақтары – Келдібай Өтемағанбетов пен Суатбай Қалқулиев бар.
Көздеген жеріміз Жаңаөзеннен онша қашық емес екен. №2 мұнай және газ өндіру басқармасының шығыс жағындағы жарқабақтың астында. Жарқабақтың асты доғаша иілген сай. Сайдың төр жағына бойшаң жыңғылдар өскен. Жұрттың айтуына қарағанда осы жыңғылдықтың астында, яғни сайдың түбінде 6-7 құдық болыпты. Соның беріге келгенше үшеуі елдің иігілігіне жараған көрінеді. Содан қазір біреуі қалыпты. Оны ескінің қадірін түсінетін, жөн білетін бір азамат аузын ұлутаспен шегендеп, іске жарамды етіп қойыпты. Ішінде әлі мол суы бар екенін суретке түсірер кезде, кесек тастап байқадық.
- Ойпырмай, Алла-ай, құдіретіңе шек жоқ-ау, шек жоқ! Мынау дәл әжемнің айтқанының айна қатесіз айғағы ғой, - деп Келдібай ақсақал таң қалып, әрі толқып тұрып қалды. – Әжем жарқабақ түбіндегі сайдағы атамыз қаздырған құдықтардан жылқылар бір жағынан кіріп, су ішіп, шөлдерін қандырып, сайдың екінші жағынан өріске шығып кете беретін болған» деп айтып отырушы еді. Жарықтық, қайран әжемнің айтқандары дәл келіп тұр ғой... (көңілі босап кетті).
- Аға, енді уайым, қайғы шекпеңіз. Байқап тұрмын, бұл жерге табаныңыз тұңғыш тиіп тұр ғой. Енді бұл жер сіздің жеріңіз. Себебі сіздің ата-бабаңыздың ескі жұрты. Өзен бабаңыздың қаздырған құдығының жұрнағын, жұрнағы емес дәл өзін десек те болады, тұңғыш рет көзіңізбен көріп тұрсыз. Жаңа «Әжемнің айтқандары айна қатесіз келді» деп қуанып, Жаратқанға шүкірлік еттіңіз. Қуанышыңыз ұзағынан болсын! – деп Рахим Серікбаев ағамыз Келдекеңнің қолын қысып, көңілін аулап, құттықтады. – Жаңа айттым ғой, әскерден келгесін мен де кеңшардың жылқыларын, соң бір отар қойын институтқа түскенше екі жыл бойы осы жерде бағып, осы құдықтан суарып отырдым. Жалғыз мен емес, жұрттың бәрі үйір-үйір жылқысын, отар-отар қойын осы құдықтан суаратын. Сонда да бұл құдықтың суы ешқандай сарқылмайтын. Үнемі бір деңгейде тұрады. Соған қарап сонау 1968-70 жылдары осы құдықтың «Өзен» аталатынын мен де тұңғыш рет естігенмін. Сөйтсем Өзен деген ертеде өмір сүрген, осы құдықты қаздырған бабамыздың есімі екен ғой. Бұл біле-білген адамға анау-мынау құдық емес. Маңғыстаудағы тарихи маңызы бар құдықтардың бірі. Биыл 50 жыл толып отырған Жаңаөзен қаласының түп дерегі осы құдықтан басталады. Сондықтан мына құдықтың суын тазартып, айналасын безендіріп, қайтадан шегендеп, көз тартатындай етіп естелік тақта орнатып, бұл жерді тарихи орынға айналдырып, көпшіліктің игілігіне пайдалану керек.
- Рахмет, рахмет, менің де көптен бері еңсемді езген ауыр жүк түскендей, тұлабойым жеп-жеңіл болып қалды ғой, - деді Келдібай Өтемағанбетов ағамыз қобалжуы мен толқынысы әлі басылмаған күйде.
Иә, толқымай қайтеді. Елге пайдасы тиген бай, дәулетті, қайырымды ертедегі ата-бабаларының қадір-қасиеті, ел арасындағы абырой-беделі бұларға өмір бойы қиындық тудырып келе жатса. Сонау Көбен, Көбеген аталары малы көптіктен, елге пайдасын тигізгендіктен, ағайын-туыстарына қамқорлық жасағандықтан қайта-қайта кәмпескеге ұшыраған. Сондықтан туған жер топырағын еріксіз тәрк етіп, Бесқалаға ауып кетуге мәжбүр болған. Қарақалпақстан, Түрікменстанда да «Байдың тұқымы» деген атақтан құтыла алмай үнемі көзтүрткі болып, қарақалпаққа да, түрікменге де өмір бойы жәутеңдеп жүру қорлық емес пе? Атақты ата-бабаларының атын айтып, мақтанып жүрудің орнына, білгенін сыртқа шығара алмай, ғасырлар бойы тіс жармай, тіліңді тістеп жүру әрине тірілей азап емес пе? Сондықтан Келдібай ағамыздың және сол сияқты басқа да оралман бауырларымыздың арадан 70 жыл өтсе де Отанына оралғанына алғыс айту керек. Ата-баба жеріне бұдан 21 жыл бұрын көшіп келгенімен бабасының ескі жұрты мен қаздырған қасиетті құдығын іздемегендігіне де кешіріммен қарау қажет. Өйткені Келдекеңдер жастайынан советтік солақай саясаттың аумалы-төкпелі талай салдарынан әбден зәрезап болып қалған. «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» дегендей сақтық, секемшілдік санасына мызғымастай болып сіңген. Ол қасиеттен арылу оңай емес. Сол үшін «Өзеннің көне жұртын, Өзеннің құдығын Жаңаөзенге көшіп келгелі неге іздемедің?» деп кінәлапудың қажеті жоқ шығар дейміз. Әйтеуір, бүгінгі күнге аман-есен жетті ғой. Басқаларды білмеймін, қайтар жолда менің санамды осындай шым-шытырық ойлар шырмап алды. Тек ақын Сабыр Адайдың осындай ойларды дөп басып айтқандай мынабір жыр шумақтары тілімнің ұшына орала берді:
Нарлардың жүгі ауыр-ды,
Қазаққа қазақ бауыр-ды.
Көк бөрі тектес бабамыз,
Көп көрді зұлмат дәуірді.
Атадан қоныс қалған дүр,
«Аһ» ұрған өксік жалған бұл.
Сағыныш толы жүректе,
Сарғайған үміт, арман жүр.
Талқыға түскен құрбанбыз,
Таусылмай жеткен бір дәмбіз.
Атасы нұрдан жаралған,
Айбыны бөлек жырданбыз.
Ақ бөкен болып желгенбіз,
Аллаға ғана сенгенбіз.
Маңғыстау – көздің қарасы,
Бекетті туған Елденбіз!
Дегенмен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің жарқын үлгілерін табуға болады» деген сөздері қобалжыған көңілді басып, алға қойған мақсатымызға жететіндей үміт сәулесін ұшқындатты.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН,
Жаңаөзен қаласы