Ұлы мұратқа жетудегі алғашқы қадамдар
[ 2018 ] 3 мамыр, 10:18 | Рухани жаңғыру
Қазақ даласы дамудың жаңа сатысына көтеріліп жатқаны баршамызға аян. Бұл - «Рухани жаңғыру». Егемен Қазақстанның тұңғыш басшысы Н.Назарбаевтың қазақ қоғамына берер бұл бастаманың, соның ішінде қазақ алфавитінің латын графикасына көшудегі пайдасы туралы сөз қозғайық.
Тарихты сөйлетсек, қазақ әліпбиі бірнеше кезеңдерді қамтыған. Бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланып келсе, 1929-1940 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирил графикасы әліпбиін қолданып келеміз. Ендігі сол өткен тарихымызға қайта оралып, түбі бір түркі халқының жазу емлесіне көшетін уақыт келіп жеткен сыңайлы. Сонымен, латын графикасына көшудегі артықшылықтар:
- Өткен ғасырдың 40-жылдарынан келе жатқан кирил графикасы жазуындағы орын алған қателіктерімізді түзеу. Сөз жоқ, осы уақыт ішінде төл сөздігімізде біршама олқылықтар бар екені белгілі. Латын графикасына көшу арқылы қазақ сөздерінің дұрыс айтылуына ықпал жасаймыз.
- Қазақтар тек қана Қазақстанда емес, әлемнің түкпір-түкпірінде шоғырланған. Оларды Отанда қарсы алу үшін барлық жағдайды қарастыру қажет, өйткені статистикаға көз жүгіртсек, сол жақтағы қандастарымыздың 80% жуығы латын әліпбиін қолданатын көрінеді.
- Жоғарыда айтып өткендей, 1929-1940 жылдары қазақ елі латын әліпбиінде жазды. Ал, осы уақытта біздің қазақ деген кең байтақ даласында қаншама ғұлама даналарымыз өмір сүрген. Ұлы тұлғалардың жазып өткен шығармалары мен қолжазбаларын, шын қазақтың тарихын ақ қағазға түсірген жәдігерлерін неліктен біз келер ұрпаққа түпнұсқада қиындықсыз оқуға мүмкіндік жасамасқа?!
- Латын – жаңа технология, ғаламтордың тілі. Қазақ қауымын сатылы түрде латын графикасына көшіру арқылы ел сауаттылығын арттыруға ықпал жасаймыз. Оның үстіне өзге тілді меңгеруге мүмкіншілік туады. Ал, жаңа тіл дегеніңіз жаңа әлемді танып білу.
- Дүниежүзінде кирилл графикасы тек қана 12 мемлекетте. Демек, әлемдік аренада латын графикасы ойып тұрып өз орынын алған. Дамыған елдердің қатарында көріну үшін бұл бастама ең маңызды, әрі дұрыс шешім.
Жасұлан АЯЗБАЕВ
931
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.