Күн қызара ұясына батқанда ауыл халқы сахнаға қарай бет алды. Нағыз ауыл өмірінен қол үзіп, рухани демалатын сәт туды. Тарихты жырға қосқан жыршылар ел алдында домбырасын қолға алып, Сайөтес сахнасында өткен мен бүгінді жырлады. Өңірге тән мақаммен маңғыстаулықтардың құлақ құрышын қандырды. Тағылымға толы ән-жырды тыңдаған халық түн жамылса да тұрғысы жоқ. «Сисем Ата – игі жақсылардың мекені. Осындайда Шалбар Қалнияздың: «Халқымнан кімдер өткен жоқ, Кімдерге залал жеткен жоқ. Ағаларың кешегі, Ойласам қазір тіптен жоқ. Ойласам өткен соларды, Көңілге түсер көп салмақ, Жасқанбай шапқан ерлері, Қаптаған кезде жау қалмақ. Солардың бірі бұрыңғы, Белгілі Бегей Бозыбақ. Тәңірберген, Шотан мен Сарымыс, Есен, Ер Жанақ...» - деп айтқан өлеңі еске түседі. Сол еңселі ерлердің көпшілігі осы қауымда жатыр. Бабамыз Шотан ата, Қонай ата, Төлеу ата, Байбоз, Бәйімбеттің барлық батырлары, Сүйінқара баба, ел-халыққа пайдасы тиген Қожаназар бай жатыр. Тек Адайдың емес, қазаққа ортақ наркескендер. Көптеген жырларда есімі айтылып жүр. Әр рудың бірлігі, татулығы, алып күшті балуаны көрінетін астар болып тұратын. Соның жалғасы ретінде бүгін үлкен ас беріліп жатыр. Ас қабыл болсын! Елімізге тыныштық тілейміз! Жыр кеші – рухани дария, жырмен батырларды қайрап, жырмен шариғат айтқан, жырменен тәлім-тәрбие, нақыл сөз айтқан. Халықтың еңсесі түскенде жігер беретін де жыр еді. Қазір жас жыршылар көбейіп келеді. Жыршыдан бөлек тыңдаушылардың көбейгенін қалаймыз. Міне, бүгін жырды тыңдап, шабыт алу үшін жиналған халықты көріп қуанып отырмыз», - дейді жыршы Арғын Бисенов. 30 жылдан аса жыр жырлап, өнегелі сөзді өскелең ұрпаққа жеткізіп жүрген Ұзақбай Сақиев та асқа келіп, ата-баба рухына құран бағыштап, ниеттестігін білдірді. «Бұл ас, бұрыңғы астарға қарағанда ерекше өтіп жатыр. Себебі халықтың пейілі кең. Қай ағаш үйге барса да, құшақ ашып, күлімсіреген қазақты көресің. Ниет түзу болса, береке де, бірлік те болатыны анық. Көпшілік жиналған жерге келіп өсиет сөзді, тағылымды жырды айтсақ, содан өнеге алса, үйренсе біз үшін сол жеңіс. Халықтың ризашылығына қарай ауа-райы да қарасып, табиғат өзінің таңғажайыбын көрсетіп тұр», - дейді жыршы Ұ.Сақиев. «Елдің, халықтың баянды болашағы үшін жанымыз садақа. Игі іс, ізгі бастама оң болсын», - деп әр ауылдың үлкендері тілек білдірді. Аталы сөзден соң Сисем Ата және қауымдағы ата-бабалар рухына арналған астың ақындар мүшәйрасы өтті. Ұйқасы келіскен, мазмұны терең қара өлең шығарған шабытты ақындар кеш барысында марапатталды. 1-орынды Асылбек Жаңбырбай алды. Ол «Сисем ата» өлеңін шығарып, қалың қазақтың қошеметіне ие болды, сондай-ақ ақшалай сыйлық берілді. 2-орын «Абырой немесе Үстірттің ернеуінде үнсіз ауыл» деп өлең арнаған Алмас Алтайға бұйырды. Ал Бақтыбай Жайлау «Қожаназар мырза мазары басында» тақырыбында өлең шығарып, жүлделі 3-орынды иеленді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="85282,85280,85277,85278,85276,85274,85273"]