Ақтауда Абай атындағы мәдени демалыс кешенінде Маңғыстау жыршылық мектебінің өкілі, өнер зерттеуші, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, жыршы Ақылбек Тасқараұлының «Сыпырадан қалған жыр» атты шығармашылық кеші өтті.
Кештің жүргізушісі, Құрмет орденінің кавалері, ақын Светқали Нұржан жыршы Ақылбек Өтешовтың жеке қасиеттеріне қысқаша тоқталып, сондай-ақ кеш иесіне деген құрметтің ерекше екендігін атап өтті. Айта кетсек, ол Ақылбек Тасқараұлының сазгерлігі, туындыгерлігі, ән-күйден ән тірілту, ән орындаушының шеберлігі, орындайтын шығарманың тарихы туралы, аспапта орындау шеберлігі туралы кеш барысында айтып отырды.
Ақылбек Өтешов – республикаға белгілі адам. Қазіргі таңда Маңғыстау ауданы Шетпе ауылына қарасты Қосбұлақ ауылында тұрады. Соған қарамастан республикаға танымал тұлға, Маңғыстаудың ерекше жыр мектебінің көрнекті өкілі, көп шықпаған жырды шығаруға, шәкірттерді тәрбиелеуде үлкен үлес қосып келе жатқан азаматтардың бірегейі екендігіне, Қазақ ақын-сазгерлерінің әндерін насихаттауға арналған «Сөз бен саз» бағдарламасының авторы Бердіхан Әлмен тоқталды:
«Ақылбек ағамыз бүгін тұңғыш рет концерт беріп жатыр. Кеш Маңғыстау облысы мәдениет басқармасы мен облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып жатыр. Біз көрермен ретінде келгенімізге қуаныштымыз. Билет жетіспей, кейбіреулері ренішін білдіріп жатыр. Соған қарағанда, қазаққа жыр-терме, дәстүрлі ән керек дүние. Бұрынғы ата-бабамыздан қалған асыл-мұра керек екендігіне көзіміз жетіп отыр. Бұдан кейін тек Ақылбек Өтешовтің кешін ғана емес, бірнеше жыр-кешін ұйымдастыру керек. Халықаралық конкурстарда, фестивальдерде, Маңғыстаудан үнемі Ақылбек ағамыз барады. Кез келген түркі тілдес халықтарының арасындағы фестивальдерде де Ақылбек ағамыздың қатысқан жерлерін көріп, естіп жүрміз», - деді Б.Әлмен.
Салтанатты кеште Маңғыстаудың мәдениет саласындағы көрнекті тұлғалар Айгүл Қосанова, Еркін Шүкіман, Клара Төленбаева, Қайрат Кәкімов, Армат Исламғалиев сынды тұлғалар көнеден қалған жыр-термелерді орындап, дәстүрлі әндерден шашу шашты.
Шығармашылық жиын алдында ардагер ұстаз Сәнбибі Есболаева жыршы Ақылбек Тасқараұлы туралы пікірін білдірді:
«Ақылбек Тасқараұлының өнерлілігі, жыршылық, сазгерлік қасиеттері тегіннен-тегін жерден шыққан жоқ. Оған қан арқылы тарады. Ақылбектің ата-бабасы Мыңкісі деген қасиетті адам болған. Елдің бәріне шипагер, бүкіл қауымды бағындырған кісінің жалғасы болса, кеше ғана өмірден өткен Қаратайұлы Тасқара деген кісі емшілік-шипагерлікпен, жыршылықпен ақындықпен елге әйгілі болған адам еді. Сыпырадан қалған жыр - жастарға өсиет, үлкендердің құлағының құрышын қандыратын жақсы жыр, жақсы өнер, туынды деп айта аламын. Осындай жырлар, өнер туындылары көбее берсін. Рухани жаңғыру өнегесімен келе жатқан барлық халыққа рақметімді айтамын», - деді ол.
Әрбір айтылған жыр, әрбір айтылған өлең болашаққа бастайтын жол, көнеден қалған сөз. Осынау рухани жаңғыру аясында өткен әсерлі кеште көрермендер рухани азық алып, дүниесі рухани кеңейіп қайтты деуге болады.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="64984,64985,64986,64987,64988,64989,64990,64991,64992,64993,64994,64995,64996,64997"]