Өлкенің тыныс-тіршілігін таспаға түсіріп, оқиғасы мен ақпаратын жедел түрде көрерменімен бөлісіп келе жатқан арна жаңа мауысымының тұсауын кесті. Күздің алғашқы күнінен экранға шығатын тың жобаларын көпшілікке таныстырды.
Ақпарат айдынында 48 жылды артақ тастаған арна 40-тан астам хабарды эфирге ұсынып келеді. Жаңа маусымда олардың бірнешеуі жаңа сипат алып, бірнешеуінің тұсауы кесілмек.
Айта кетейік, өткен жылы «Рухани жаңғырудың» белгісін көрсетіп «Қазақстан» телерадио кешені ребрендинг жасаған болатын. Соның аясында өлке телеарнасының да атауы «Маңғыстау» болып өзгерді.
Тәулігіне 14 сағат хабар тарататын теле арнаның 72 пайызын өз өнімі құрайды. 85 пайыздан астамы мемлекеттік тілде. Эфирдің басым бөлігі мемлекеттік ақпараттық саясатты насихаттау, қолдау мақсатында шығарылады.
- Біз жаңару маусымын көктемде бір бастағанбыз. Сол кезде жаңалықтар топтамасының атауы «Каспий ақпарат» болып өзгерді. Ол тәулігіне 5 рет эфирге шығады, оның үшеуі тікелей эфирде. Қыркүйек айындағы жаңа маусымда ұлттық құндылықтарымызды дәріптей отырып, жаңаша сипатта, заманауи өнімдер ұсынғалы отырмыз. Қоғамдағы маңызды оқиғалар, қилы тағдырлар, қызықты кейіпкерлер талқыланатын «Сіз не дейсіз?» атты әлеуметтік ток-шоу, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында көрерменге анықтамалық құрал ретінде «Бизнес старт» бағдарламасы ұсынылмақ. «Рухани жаңғыру» аясындағы «Туған жер» жобасының негізінде жасалған «Ауылым» бағдарламасы, жастар еркін пікір білдіретін «Мінбер», қыз баланың тәрбиесіне арналған «Қыз жолы», жас ата-аналарға кеңес беру мақсатында қолға алынған «Балаtime», отбасы құндылықтарын дәріптеп, үлгілі жанұяларды көрсету мақсатында «Шырайлы шаңырақ» жобасы ұсынылады. Сондай-ақ кино саласына қатысты ақпараттарды «Кинопарк» бағдарламасы қамтитын болады, - дейді арнаның бас редакторы Гүлнұр Ғазизқызы.
Маңғыстаулық тілшілердің ұстаханасына айналған арнада 100-ден астам маман қызмет етеді. Әр аудиторияның сұранысына сай, бала тақырыбы, отбасы, саясат, әлеумет барлығы қамтылған. Тақырып жағынан баладан қарияға дейін көретін өнімдер бар. Халықпен арадағы алтын көпір мейлінше тиімді болу үшін күнделікті түсте және кешке тікелей эфирлер ұсынылады. Онда қоғамдық мәселелер қозғалып, оған көрермен атсалысып, сұрақтарын қойып, ойын білдіреді.
Тұсаукесерге арна қызметкерлерімен қатар, телевизия ардагерлері, алғашқы басшылар, өлкенің БАҚ саласы қызметкерлері және «Қазақстан» РТРК» АҚ Коммерциялық қызмет және стратегиялық маркетинг департаментінің басшысы Жаннұр Айтжанқызы Айдарбекова қатысты. Олар жаңа маусым ұсынатын жобалармен танысып, ұжымға сәттілік тіледі.
- Мен облыстық арнада алғашқы жылдан бастап қызмет еттім. Ол кезде арна күніне 3 сағат хабар таратады. Соны толтыру үшін таңнан кешке дейін ақпарат іздеп, тынбай еңбектенетінбіз. 1970 жылы Қазақстанда қалалық 4 телестудия болды: Балқаш, Шевченко, Байқоңырда болатын. Телевизия ашылған тұста қаланың 12 пайызы ғана қазақ. Жалғыз газет бар «Огни Мангистау» атты, ол да орысша. Сондай саңырау, сақау аймақ едік. Телевизия ашылған соң тұман сейілгендей болды, - деп еске алды телеарна ардагері Жоламан Бошалақов.
Еске сала кетейік, Елбасымыз еліміздің 2021 жылға қарай толығымен цифрлық хабар таратуға көшетінін айтқан болатын. Биыл Жамбыл,Түркістан облыстары және Шымкент қаласымен бірге Маңғыстау облысы да цифрлық хабар таратуға толық көшпек.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="60956,60955,60954,60953,60952,60951,60949"]