"Сұхбат" айдарының келесі кейіпкері - Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының актері - Еркебұлан Бекен. Қазақстанның шығысында туып, батысында шыңдалған өнер иесі бүгінде облысқа белгілі тәжірибелі әртістердің бірі. "Жастар жылы" аясында және 27 наурыз - Халықаралық театр күні қарсаңында театр актерімен тілдесіп қайтқан едік. Оқи отырыңыз. - Алдымен өзіңіз, отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз. - Мен Еркебұлан Бекен Тәңірбердіұлы 1988 жылы 16 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Құмбел ауылында дүниеге келдім. 2006 жылы мектеп бітірген соң Семейдегі Абай атындағы музыкалық драма театрда бір жыл жұмыс істедім. Ол кезде Алматыда Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы барын білген жоқпын. Театрда бірге жұмыс істеген актерлер «Алматыда академия бар, сонда барып оқы, болашақта диплом керек болады» деген соң, 2007 жылы оқуға тапсырдым. Оразхан Кенебаев деген ұстазымның сыныбында білім алдым. 2011 жылы академияны бітірерде Ақтаудан Гүлсина ханым, Нұрнияз ағамыз келіп, Жантөрин театрына шақырды. Сөйтіп оқуды тәмамдай сала осында келдік. - Бірден мұндай шешім қабылдау қиын болмады ма? Бұрын келіп көрмеген өңірге қалай үйреністіңіз? - Алғашында «Қайда бара жатырмыз? Алыс жер, таныс, туысымыз жоқ қой» деген ойлар болды. Бірақ келгеннен кейін аралас-құралас болып, үйренісу қиынға түскен жоқ. Қазір актерлердің үлкендері – аға-әпкемдей, кішілері – іні-қарындастарымдай болып кетті. Былайша айтқанда сол кісілер туысқандарыма айналды. Менің жұмыс істеген ортам жақсы. Ұйымшыл, бауырмал жандар маған жақындарымды жоқтатпады. Әрине, сағынасың, дегенмен әріптестерім оны байқатқан жоқ. Бәріне бауыр басып, отбасымдай қабылдап кеттім. - «Осында келдік» деп көпше түрде айтқаныңызға қарағанда жалғыз келмегенсіз ғой? - Иә, өзіммен бір топта оқыған Айбек Иманқұлов екеуміз келдік. Биыл, міне, Жантөрин театрындағы сегізінші маусымымызды аяқтаймыз. - 8 жыл ішінде қайту туралы ой болған шығар? - Әрине, болды. Ата-анам ауылда болған соң, жақында жүргенімді қалайды. Картадан да қарасаңыз, екі қала екі шетте. Ауылым Семейден 450 шақырымда жатыр. Кейде пойызбен жүрсек, 1 апта уақытымыз кетеді. Сондықтан үйдегілер «ауысатын ойың жоқ па, келсеңші» деп қояды. Бірақ мен осында маңғыстаулық қызға үйленіп, отбасын құрдым. Жанұям, жұмысым бар. Өз жұмысым ұнағандықтан, әзірше осындамын. Ата-анам ініммен тұрады, екі әпкем тұрмыста. Барлығы Шығыс Қазақстанда. Мен ол жаққа қайтқанда не істеймін? Жұмыс табылар-ау, дегенмен мында менің қаншама рөлім, мойнымда жауапкершілігім бар дегендей. Маған арналып қойылған рөлдерді, спектакльдерді, көрермендерімді қалай тастаймын? Оларды сатып кеткендей боласың. Менсіз де театр жұмысын жалғастыра береді ғой. Дегенмен «Мен осы театрсыз қалай өмір сүремін?» деген сұрақ туады. Міне, қараңызшы, осылай рөліңді беріліп ойнайсың, оған бар жан-тәніңді арнайсың (Сұқбат кезінде сахнада премьераға дайындық жүріп жатты). Спектакльді ойнап болғаннан кейін бәріміз басымызды иіп жатқандағы көрерменнің ыстық ықыласы шабыт сыйлайды. «Браво» деп айқайлағанда шаршағаныңның бәрі басылып қалады. Ол бізге рахат сыйлайды. Кетіп қалуға осы рахатты қимайсың. - Семейдегі театр сіз барсаңыз бірден қабылдайды ғой. Біліммен, қаншама тәжірибемен келесіз. - Иә, қабылдайды. Мен оқуға кетерде де академияны тәмамдаған соң қайта кел деген еді. Алла осында қалуды бұйыртқан болар. - Жақсы, енді театрдағы алғаш келген кезіңізді еске түсірсек. Ең бірінші рөліңіз қандай еді? - Марат Абай-Ділдә ағамыздың «Пай-пай, жас жұбайлар ай» спектаклінде Бекзат деген жігітті ойнадым. Кішкене, кіріп-шығатын рөл болса да ең алғашқысы ыстық болады. Одан соң жүріп келе жатқан спектакльдерге басқа актердың орнына ойнай бастадым. Сөйтіп-сөйтіп рөлдерімнің қатары көбейді. - Рөлдеріңіздің ішінде өзіңізге қатты әсер еткені қайсысы? - «Бір түп алма ағашы» қойылымында Мақсат деген баланың рөлін сомдаймын. Ол бәрінің басын қосу үшін өзін құрбан етеді. Өзім сахна сыртына кетемін де, арбам сахнада қалады. Сонда анасы «Мақсатым-ай, құлыным-ай» деп айқайлағанда жүрегің езіліп кете жаздайды. Тұрмыстық спектакль болса да, адам жанына қатты әсер етеді.Осындай қойылымдарда бас иіп болғанша, сахнадан кеткенше осы атмосферада боламыз. Ал сахнадан кеткеннен кейін жүрегің орнына түседі. - Демек сіздің образдан шығуыңыз, оған бірден кірігіп кетуіңіз қиындық тудырмайды. Дегенмен ұзақ дайындалуды қажет еткен рөліңіз болған шығар? - «Калигула» спектакліне ұзақ дайындалдық. Алғашқы үлкен рөлдерімнің бірі. Басқа образдарым да бар, бірақ бұл – көлемдісі әрі классикалық туынды. Калигула бүкіл әлемге, Құдайларға қарсы шығады. Дүниені теріс айналдырғысы келеді. Бұл өзімнің табиғатыма қарсы болғандықтан, мен көпке дейін ене алмадым, 3,5-4 айдай дайындалдық. - Режиссер сізді ауыстырғысы келмеді ме? - Жалпы ол кісінің ондай ойы болған. Бірақ маған бұйырып тұрған рөл екен. Әжелер барлық немересін жақсы көреді, дегенмен ішінде ең сүйіктісі болады ғой. «Калигула» да мен үшін сондай. - Бүгінге дейін қанша образ сомдадыңыз? Санап көрдіңіз бе? - Білмейді екенмін... Осыдан 2-3 жыл бұрын аттестация тапсырған кезде 14-15 басты рөлім болды. Қазір 20-дан асып қалатын шығар. Ал жалпы барлығын қосқанда 40-тан астам болар. - Көрермендер сізді театр актеры терінде таныды? Көпшілік білмейтін басқа қандай қырыңыз бар, немен айналысасыз? - Театрдан бөлек оқушылар орталығында актер шеберлігі курсынан сабақ беремін. Абай мәдени-демалыс кешеніндегі «Өркен» жастар театрында 30 шақты оқушым бар. Өзімнің осы мамандығым актерлық саласы бойынша білгенімді балаларға үйретіп жүрмін. - Өнер саласында жүрсіз ғой. Сіздің көңіліңіз толатын және толмайтын дүние қандай? Әсіресе, театр саласында. - Көңілім толатыны – театрға қызығушылар саны көбейіп келеді. Көңілім толмайтыны жоқ-ау... Дегенмен кейде жас актерлерге қолдау білдіру қажет секілді деп ойлаймын. Мысалы, академия бітірген түлектер келеді, бірақ артынша қайта кетіп қалады. Өзіңіз айтқандай, Ақтау қаласы шалғайда жатыр. Біз келгенде қызметтік пәтер берілді. Сондықтан жастардың да мұнда келуі, келгесін қалуы үшін жағдай жасалса деймін. - Сіз ойнағыңыз келген, бірақ бұйырмай қалған рөлдер болды ма? - Міне, дәл қазір дайындық жүріп жатқан «Атың өшсін!» қойылымда мен Геростратты ойнағым келді. Шығарманы оқып шыққаннан кейін өзіміздің және режиссердің көзқарасы болады. Гүлсина ханым басқаша көзқараспен қарайды және рөлді солай бөледі. Жалпы мен кәрі адамның рөлін онша ойнай алмайтынмын. Осы спектакльде дәл сол қарт кісінің образы маған жүктелді. Өзім Геростратты сомдағым келгенімен, режиссер саудагер Криссиптің рөлін берді. Менің образымның «қу, сатқын, пайда үшін өзінің қызын қолданған» деген сипаттамалары бар. Соған қарап отырып, іштей оның «суретін салдым». Сөйтіп ұсақ-түйекшіл, жағымсыз адамның кейпін жасап шықтым. - Киноға түсуге ұсыныстар болды ма? - Шақырады. Мысалы, Алматы қаласынан хабарласып: «Бір сағат ішінде немесе бүгін келе аласыз ба?» дейді. «Ақтаудамыз» десең, «кейінірек хабарласармыз» дей салады. Қаланың алыстығы осындайда білінеді. Оның үстіне қазір оқу бітіріп жатқан актерлер де көп. Оларға бізге жол-пұлымызды төлеп шақыртқаннан, сол жақтан ала салған тиімді. Сосын өз қалтаңнан төлеуің, мында күнделікті спектаклің, жұмысың болған соң 1 күнде барып қайтуың керек болады. Соған қарамастан Медғат Өмірәлиев ағамыз бірнеше фильмге, сериалға түсті. Жалпы кинода ойнау – әр актердің арманы деп ойлаймын. Болашақта мүмкіндік болып жатса, әрине, жоспарда бар. - Спектакль барысында мәтінді ұмытып немесе шатастырған кезіңіз болса, айтып беріңізші. Ондай ситуациядан қалай шығасыз? - Ондай кездер болады. «Әлиханның аманаты» спектаклінде тергеушінің рөлін ойнаймын. Әлиханды тергеп жатқанда, (оның рөлінде Медғат аға) сөзімді ұмытып қалдым. Ол бір ұмытылатын да сөз емес, ұйқымнан оятып сұраса да айтатын мәтін. «Бүгін 27 сентябрь 1937 жыл. Сонымен мен сізге әдеттегідей сұрақ қоямын» деп жалғастырып кетуім керек. Бірақ әрі қарай не айтатыным миымнан бірден жоқ болып кетті. Не дерімді білмеймін. Мен сөйлемейінше, Медғат ағаның да сөзі тумайды. Егер ол айтып кетсе, логикалық байланыс болмайды. Ойнатып кететін комедия да емес, салмақты спектакль. Әдетте жай ғана құжат ретінде мәтіндерім жататын. Өзіме сеніп алғаным сонша, оған қарамаймын. Бірақ сөйлеп жүрмін, не деп жатқанымды білмеймін. «1937 жыл 27 сентябрь» деп жүріп, ақыры сөз келді. Бірақ сондағы 10 секундтық үзіліс маған 1 сағаттай көрінді. Жалпы ондайда жағдайдан шығып кететін не мәтінін еске түсіретін әрекеттер жасап, әңгімелер айтып көмектесіп жатамыз. - Сахнаға шығарда қобалжу болатын шығар. Оны қалай басасыз? - Гитараны шертер алдында оның бұрауын келтіріп алады ғой. Сол секілді біз де спектакль алдында жарты сағат, 15 минут өзімізді дайындаймыз. Кейде қорқыныш болады, кейде мүлде жоқ. Мысалы, премьера алдында толқыныс міндетті түрде болады. - Отбасыңыз, балаларыңыз сіз ойнайтын спектакльдерді көре ме? Сізге қандай да бір сын, пікір айта ма? - Міндетті түрде. Балаларым әлі кішкентай, ертегілерді көреді. Ал жарым міндетті түрде келіп тамашалайды. Ол да бір сыншы, пікірін айтып отырады. - Сайтымыздың оқырмандарына, театр көрермендеріне тілегіңізді, мерекелік құттықтауыңызды айтсаңыз болады. - Келіп жеткен Амал құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, жылдан жылға аман-есен жете берейік. Бірлігіміз мығым, тыныш заманда өмір сүре берейік. - Әңгімеңізге рақмет. Шығармашылық табыс тілеймін.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер: Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ, Талант ҚҰСАЙЫН және Е.Бекеннің жеке мұрағатынан
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="75206,75400,75401,75402,75384,75383,75381,75382,75378,74439"]