ҚР Премьер-Министрі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен «Асыл ана» жобасы аясында өткізіліп жатырған «Көрпе-Фест» қолөнер фестиваліне елімізге танымал қолөнер шебері, «Алтын сапа» сыйлығының бес мәрте иегері Ырза Тұрсынзада арнайы қатысуда. Сондағы мақсаты көпбалалы аналар мен қыз-келіншектерге тігін және қолданбалы өнер бойынша тегін дәрістер жүргізу. Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы асында өткізіліп жатырған маңызды іс-шараның басты қонағы, әйгілі этнодизайнер Ырза Тұрсынзада ханыммен жүздесіп, сұхбат құрудың сәті түскен еді. - Ырза ханым үш күн бойы екі жүзге жуық қыз-келіншектерге тегін шеберлік сабағын өткізу осал дүние емес. Бұл жолғы жобаның бұрынғы іс-шаралардан басты өзгешілігі неде? Игі іске ұйытқы болған кімдер? - Әуел бастан «Асыл ана» жобасына ҚР Премьер Министрінің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаев қолдау білдірді. «Көрпе-фест» мегафестивалі Астана күніне орай республикалық деңгейде Елорда төрінде өткізілген еді. Жоғары бағаға ие болған іс-шара жалғасын тауып, мінеки, маңғаз Маңғыстау мекенінде екінші мәрте ұйымдастырылуда. Маңғыстау топырағына үш жыл бұрын табан тіреген едім. Ол жолы құрақ құрау қолөнеріне қызығушылығы ерекше нәзік жандыларға «Аналар аманаты» атты тігін және қолданбалы өнерді үйрету сабағын өткіздім. Мұнда бас қосқан барша қыз-келіншектер, әйел-аналар әлеуметтік желі арқылы құлақтанып, өз еркімен, ерекше ынта мен зор ықылас танытып келді. Ютюб арнасындағы менің парақшамды үзбей тамашалап, кәсіби ақыл-кеңестерді көңілге түйіп, іс-тәжірибеде кәдеге жаратып жүргендер де бар. Бүгінгі таңда олардың әрқайсысы жеке авторлық брендке ие, ауқымды клиентурасы қалыптасқан, тісқаққан мамандар. Бұл жолы тігуге икемі зор, құрақ құрауды кәсіпке айналдырған, ине-жіптен іс иіргендерді бөлектеп, оқшау отырғыздық. Оларға күрделірек құрақ құрау әдіс-тәсілдерін, жаңа дизайнды үйретуді жөн көрдім. Әрине, қатысушылардың басым бөлігі іске енді ғана кірісіп, құрақ құрау технологиясының әліппесін ғана меңгеріп жатыр. 10 қазан күні «Көрпе-фест» қолөнер көрмесі қалың көрермен назарына ұсынылды. Менен білім алған, біліктілігін жетілдірген шәкірттерімнің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдар көрме қонақтарының көзайымына айналды. Ісмер, талғамы ерек, қиялы ұшқыр қыз-келіншектердің ұлттық бояуы қанық бұйымдары, сән-салтанаты үйлесім тапқан көркем композициялары көрме төрінен орын алды. Оның ішінде қоржын, келіннің шәй көрпесі, құдағи көрпе, құда жастық, шымылдық тәрізді қыз жасауы, ұлттық киім үлгілері, бесік жасауы секілді барлық қолөнер туындылары бар. Көрмеге осы жолғы қатысушыларды ынталандыру мақсатында үш күн ішінде тігілген қолөнер бұйымдарын да қоюды ұйғардым. Көрме қорытындысы бойынша үздік қолөнершілер мен құрақшыларға Маңғыстау облысы әкімдігі және «Тігін машиналары үйі» атынан тігін мәшинелері мен құнды сертификаттар табысталды. «Асыл ана» жобасының Маңғыстау өңірінен бастау алуы тегін емес. Бұрыннан ойға алған дүнием еді. Себебі, өз басым Маңғыстау өңірін ерекше жақсы көремін. Еліміздің батыс өңірлері халықымыздың салт-дәстүрі мен ата-ғұрыпының алтын арқауын үзбей, берік сақтап келеді. Мұндағы әйел аналарымыздың ұлттық болмыс-бейнесін өзге өңірлер де үлгі тұтса екен деген тілек бар. Сол себепті де, көрме аясында ең үздік ұлттық киім киген, ерекше сәнденген қыз-келіншектер аса сапалы, жеке авторлық дизайнмен өрнектелген, бағалы көйлектік маталармен марапатталды. Тігін және қолданбалы өнерді үйрету сабағының түп мақсаты - нәзік жандыларға құрақ құрау әдіс-тәсілдерін игерту ғана емес. Бұл істің басын ұстайтын қыздар - нағыз қазақтың рухты, қадірлі, өрелі қыздары. Келте ойлы, шолақ етекті шүйкебас бұл шаруаға қырсыз келері, арзан ойын-күлкіге құмар қыздың құрақ құрауды қажет деп таппасы анық. Байсалды, мінезді, шыдамды, кеудесінде ұлттық намысы бар, ұлттық болмысын жоғалтпаған нәзік жанды аруларымыз ғана түп-тұқияннан мына бізге мұра боп жеткен қазақ қолөнерінің құпия сырына қаныға алады. - Ырза апа сіздің төл брендіңіздің өмір сүріп келе жатқанына неше жыл толады? Табысыңыздың басты құпиясы неде? - Мен өз кәсібімді 46 жасымда бастадым. Менің брендімнің өмірге келуіне биыл он жыл толады екен. Аллаға шүкір, айналдырған он жыл ішінде толайым табыстарға жеттік. Қолымыздан шыққан қолөнер туындылары қалың қазақ төрінен төбе көрсетті. Бес дүркін Қазақстанның ең үздік өнімі атанып, “Алтын сапа” иегері ретінде танылдық. Тасым өрге домалап, кәсібім кең қанат жайып келеді. Бұның сыры неде?! Менің ойымша, табыстың кілті - ұлттық дүниенің ұлы құдіретінде. Ұлттық қолөнер бұйымдары - ықылым заманнан, бағзы дәуірден бүгінгі ұрпаққа мирас боп жеткен асыл дүние. Өз асылымызды өзіміз қадір тұтып, төрге оздыру - баршамыздың қасиетті парызымыз. Мен бұл іске 46 жасымда кірістім. Ал бүгінде қолөнермен шұғылданып жүрген қыз-келіншектердің жастары отыздың әр жақ, бер жағы. Демек олардың алар асуы, бағындырар белесі әлі алда. Маңғыстау өңірінің ақ жаулықты аналарымыз бен ибалы қыздарымыздың болмысы бөлек. Олардың бойында ерекше ұлттық болмыс, қазақ қызына тән ізгі қасиет, өжеттілік пен табандылық бар. Сол қасиетті жоғалтпаса деп тілеймін. Өзіңіз куә болып отырсыз. Зал толы қыз-келіншектер. Оларды ешкім зорлап, немесе еркінен тыс мәжбүрлеп әкелген жоқ. Бәрі де тігін мәшинесі мен топ матасын арқалап, тіпті емізулі бөпесін көтеріп, үйренсем, ұқсам, көкірегіме тоқысам деген шынайы ниетпен жиналып отыр. Әрине бұл талпыныс мені ерекше қанаттандырады, айрықша қуантады. - Халқыңыз сізді «қазақ көрпесінің қадірін арттырған» жан ретінде құрмет тұтады. Қолөнерге деген шынайы махаббатыңыз бала кезден оянғанын әрі ұлттық дүниеге деген қадірлі сезімнің бастауында ардақты әжеңіздің тұрғандығын тілге тиек еткен едіңіз. Осы турасында ой толғасаңыз? - Менің Тұрарбай апам (әжесі-ред.) өте шежірелі кісі еді. Жатқан жері жайлы болсын, кейде сол кісінің әруағы разы болар деген ойға батам. Ол кісінің киім киісі, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, жасаған кез келген дүниесі өміршең өнеге, ұлы ұлағат көзіндей еді. Мен сол кісінің тәрбие бұлағынан сусындадым. Апамның тілі өте бай, сондай бір нәрлі, бейнелі еді. Ол кісінің сөйлеген сөзіне дейін құлағымызға құйып өстік. Әкем де зиялы ортаның өкілі болды. Біздің шаңырақта Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбілмәжін Жұмабаев, Қадыр Мырза-Әлі сынды қазақтың мүйізі қарағайдай қайраткерлері, қазақ әдебиетінің сүт бетіне шыққан қаймақтары жиі қонақтайтын. Менің бойымдағы ұлтқа деген сүйіспеншіліктің, ұлттық қолданбалы өнерге деген ізгі махаббаттың қалыптасуына осы кісілердің өрелі ойлары, салмақты сөздерінің ықпалы болды деп айтар едім. Маған алғаш «Алтын сапа» сыйлығын табыстағанда «бұл менің «Алтын сапам» емес, апамның «Алтын сапасы» деген едім. Шүкір, уақыт өте ісіміз оңға басып, өркендеп келеміз. Қадірлі қазағымның, ұлттық өнерді сүйе де, қадірлей де, бағалай да білетін халқымның арқасында барлық марапаттарға қол жеткіздім. - Ырза ханым кез келген кәсіптің алға басуы білікті қызметкерлердің нәтижелі еңбегіне тікелей байланысты. Бүгінгі таңда республика аумағында неше шеберханаңыз бар? Тігін шеберлеріне қояр талаптарыңыз қандай? - Жалпы біздің өнімдер жаппай сатылымға шығарылмайды. Біз дара дизайнмен жұмыс істейміз. Бір тапсырысты орындау ұзақ уақытты қамтуы әбден мүмкін. Топырлап отырған қызметкер жоқ. Әрі кетсе 20-30 адам жұмыс жасайды. Оның басым бөлігі үйде отырып-ақ еңбек етеді. Ақиқатын айтқанда, өз брендімнің өнімдерін масс-маркетке айналдырғым келмейді. Қолөнер бұйымдарының даралығын, өзіне ғана тән ерекше дизайнын сақтасам деймін. Себебі біздің қолымыздан шыққан дүниелердің сапасы өз бағасын ақтайды. Менің ең арзан көрпелерімнің құны 50-60 мың теңге. Ең бағалысы 2000 АҚШ долларын құрайды. Күнделікті өтіп жатырған көрпелердің орташа бағасы 280 мың теңге. Ұлттық үй-тұрмыс бұйымдары ұлттың терең тарихынан сыр шертеді. Үй жиһаздарымен үйлесім тауып, ұядай шаңырақтың шырайын кіргізіп, көз жауын алады. Құдайға шүкір, қалталы қазақ қатары күн санап артып келеді. Өткенімізге көз жүгіртіп, тарих парақтарына үңіліп, «өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғыртып» жатқан жайымыз бар. Бір ауқатты отбасының үйіне арнайы тапсырыспен ұлттық дизайн үлгілерін жасауға бас сұққанымда 200 мың долларлық жиһаз ды көрдім. Қаражаты жеткілікті мұндай жандарға неге екі мың долларлық көрпе тікпеске?! Мен қыз-келіншектерді ынталандырудан жалықпаймын. Ала дорба арқалап,Қытай,Бішкек асып, жол азабын тартқаннан, ұлттық кәсіптің нәсібін көру керемет мүмкіндік емес пе?Әсіресе, көп балалы аналарға таптырмайтын тұрақты табыс көзі. Себебі отбасыңның ас-суын қамдап, қолың босай қала, тігінмен шұғылдану уақытыңды тиімді пайдалану мен үйден шықпай-ақ табыс табудың керемет үлгісі. Мұндағы қолөнер шеберлері ай сайын орта есеппен 100 мың теңгеге тапсырыс қабылдайтын көрінеді.Мұның өзі неге тұрады?! - Сіз әркез өз шәкірттеріңіз яғни ізбасарларыңыз жайлы зор мақтанышпен айтасыз. Бес саусақтан өнер тамған қолөнер шебері болу үшін ұстанатын басты қағида қандай? - Бұл жайында менің керемет мысалым бар. Бір жолы ақылы сабағыма қолына ине ұстап көрмеген келіншек келіп қатысты. Бар білгенімді үйреттім. Бірде арнайы тапсырыспен Пір Бекет ата басын әсемдеу, тұрмыстық бұйымдармен әрлеу бойынша конкурс өткізген едім. Конкурста сол өзім тігін тігу әліппесін алғаш үйреткен шәкіртімнің құрақ көрпесі көп ішінен үздік деп танылды. Бұдан түйетініміз, барлық нәрсе ынтаға, ниетке, талап пен талпынысқа, зор еңбекқорлыққа байланысты. Тігіншіліктің керемет қасиеті қазақ қызының бойындағы көне болмысты жаңғыртады. Қазақ әйелді «қырық шырақты» дейді. Ал қолөнер нәзік жандылар бойындағы жігерді, ұлттық рухты, қазақ қызына тән иба мен иманды, ұят пен арды, сабыр мен төзімді, маңғаздылық пен тектілікті оятады. Қазір қазақта бәрі бар. Өкінішке орай ұлттық рух тозып барады. Біздің азаматтарымыздың жігерін жанитын, намысын қайрайтын, ой-сана серпілісіне түрткі болатын біздің апа-жеңгелер, аналар, әжелер екенін естен шығармаған жөн. Әйел-Ана - ұлт ұйытқысы. Жаугершілік заманда ұлтты басыну үшін алдымен қыздарын қорлаған. Қыз намысы –ұлт намысы. «Қызын биле, қызын билесең,елін билейсің» деген екен. Сондықтан біздің қыздар ешкімнің ықпалында қалмауы керек. Дүниенің кілті - әйелде. Марқұм апам тамақтың басында әкеме үнемі құлаққағыс қылатын «айналайын елге тізеңді батырма, елдің қарғысы ұрпағыңа тиеді» деп. Қазір бізге осындай әйел-аналар керек. Мен үнемі өз сабақтарымда қыз-келіншектерді қамшылаймын, осындай дүниелерге ынталандырамын. Себебі қолөнер тек қол еңбегі ғана емес, ой-санамыз бен дүниетанымыздың, көзқарас көкжиегіміздің кеңейуіне түрткі болатын өнер. - Кәсіп жолында көптеген белестерді артқа қалдырдыңыз. Алдағы жоспарларыңыз, арман-мұратыңыз қандай? - Армансыз адам бұл өмірде болмайды. Арманды тағалай білу қажет. Арман-тілегім де, алдыма қойған мақсат-жоспарым да көп. Ең алдымен ұлттық дүниені брендке айналдырдым, халықаралық деңгейде әйгілендім. Аллаға шүкір. Шебердің шыққан биігі шәкірт тәрбиелеу дейді. Мені осы биікке алдымен Алла жетелеп алып келді. Бүкіл өңірлерден ізімді басып келе жатқан шәкірттерім бар. Бір Атырау облысының өзінде 2 мыңға жуық шәкіртім бар. Ендігі жерде еліміздің барлық өңірлерінен аналардың басын біріктіретін тегін қолөнер орталықтары ашылса деймін. Осы бағытта жұмыстанып келемін. Бұған жергілікті билік өкілдері қолдау танытса құба құп.Мұндай игі іс көп балалы аналарға, жалпы қазақ әйелдеріне үлкен мүмкіндіктер сыйлар еді. - Тағылымды әңгімеңізге аса ризамын. Жоспарларыңыздың көп ұзамай жүзеге асуына тілектеспін.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН