Қарттар мен мүгедектерге қамқорлық
[ 2019 ] 26 ақпан, 04:12 | Қоғам
Қазіргі таңда Ақтауда мүмкіндігі шектеулі жандарға әр түрлі әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сондай арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының нендей қызмет көрсететінін бірі білсе, бірі білмейді. Жалпы орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып, Ақтау қалалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Жанар Үмбетқалиевамен сұхбат өрбіттік.
- Жанар Мадиярқызы, «Ақтау қалалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылуы және қызметіне тоқталсаңыз?
– «Ақтау қалалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыстық мемлекеттік органдарының ведомстволық бағынышты мемлекеттік ұйымдарын оңтайландыру бойынша екі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын біріктіру арқылы құрылды. Орталықта жалғызілікті қарттар мен 1,2-топ мүгедектерге, мүм кіндігі шектеулі 1,5 жастан психоневрологиялық науқасы бар, тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедек балаларға, 18 жастан жоғары психоневрологиялық ауруы бар тұлғаларға, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және қылмыстық атқару инспекциясының пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшелері бар. Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартына сай, орталық есебіндегі 560 қарт пен 1, 2-топ мүгедектеріне, 160 мүгедек балаға, белгілі бір тұрақты жері жоқ, түрлі себептер бойынша жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 52 орынға есептелген адамға әлеуметтік қызметкерлер мен бөлімше меңгерушілері сегіз бағытта қызмет түрлерін көрсетуде.
- Мәселен нақты қандай көмек көрсетіледі?
- Әрбір қызмет алушы лауазымдық міндеттеріне сай жалғызілікті қарттарға әлеуметтік қызметкерлер аптасына екі рет барып, пәтерін жинау, азық-түлігін, дәрі-дәрмегін жеткізіп беру, емханаға апару, коммуналдық төлемдерін төлеу жұмыстарын жүргізсе, мүмкіндігі шектеулі балаларға өзін-өзі күтудің қарапайым рәсімдерін меңгерту, тегін медициналық көмектің кепілді көлемін алуға жәрдемдесу, психологиялық қолдау көрсету, оқу бағдарламасы бойынша және кәсіптік білім алуына жәрдемдесу, тынығу және мерекелік іс-шараларын ұйымдастыруға жәрдемдесу бағытында, сондай-ақ белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және қылмыстық атқару инспекциясының пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға уақытша болу бөлімшесінде медициналық тексеруден және санитарлық өңдеуден өткізіліп, жеке гигиена заттарымен, киімдермен, төсекорынмен жабдықталып, күніне 3 рет ыстық тамақпен қамтылуын қадағалау сияқты қызметтерді атқарады.
– Әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік еңбек көмегі туралы айтыңызшы?
- Әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-еңбек көмегі қызмет алушылардың өмірлік әрекеттерін қолдауға және бұрыннан қалыптасқан еңбек дағдыларын сақтап, дамытуға жағдай туғызуға бағытталған. Жыл сайын орталықта жалғызілікті мүгедектер мен мүгедек балалардың қолдан жасаған туындыларынан қолөнер жәрмеңкесінде көрме ұйымдастырылып, түскен ақшалай қаражат материалдық көмек есебінде өздеріне беріледі. «Каспий Меруерті Оперейтинг компани БВ» компаниясының демеушілігімен орталықта орналастырылған кір жуғыш машинасымен әрбір қызмет алушының киімкешектерін әлеуметтік қызметкер орталықтан жуып, апарып береді. Сонымен қатар орталықта бұрын қолданыста болған киімдерді қабылдау пунктінен аз қамтылған отбасыларына пайдаланылған киімдер таратылады.
- Ал медициналық көмек қалай қарастырылады?
– Әлеуметтік-медициналық көмек қызмет алушылардың денсаулығын қолдауға және жақсартуға бағытталған. Жыл басында әлеуметтік қызметкерлер жеке оңалту бағдарламасына сәйкес қызметіндегі балалардың құжаттарын Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ардагерлер мен мүгедектерге көмек көрсету секторына тапсырады. Осы тапсырылған құжаттардың негізінде төсек тартып жатқан балалар міндетті гигиеналық құралдарын (памперс), протездік-ортопедиялық көмегін (ортопедиялық аяқ-киім, кресло-коляска) алып тұрады. Сонымен қатар өз денсаулықтарын «Маңғыстау облыстық оңалту орталығында», «Здоровье детям» қоғамдық қорында жақсарту мүмкіндіктері болса, 2018 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өткізілген конкурс жеңімпазы «Өркениетті келешек» қоғамдық қорында емдік жаттығулары – иогамен тегін айналысуға мүмкіндік алды. Әлеуметтікпсихологиялық және педагогикалық көмек қызмет алушының ақыл-ой қабілетін ескере отырып, педагогикалық түзетуге және білім беруге, өзіне-өзі қызмет көрсетуге, тұрмыста, қоғамдық орындарда жүріп-тұру, өзін бақылау, қарым-қатынас жасау дағдыларын үйретуге бағытталған. Орталықта Қазақстан-Ресей медициналық университетінің мамандарынан мүгедек балаларды тәрбиелеуші ата-аналарға онлайнпсихологиялық көмек және консультация алу скайф бойынша жүзеге асырылады. Әлеуметтік-мәдени көмек қызмет алушының бос уақыттарын ұйымдастыруға, әлеуметтік-мәдени шаралар өткізуге бағытталған.
- Мерекелерде қандай шаралар өткізесіздер?
- Жылдық жоспарға сәйкес атаулы күндері, әсіресе 1–10 қазан аралығындағы қарттар онкүндігі мен 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелерінде есептегі Ұлы Отан соғысының ардагері Үмбеталина Қамқа апайды және Ұлы Отан соғысының еңбек майданының 79 ардагерін мерекемен құттықтап, «Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбына әр түрлі шаралар өткізу үрдіске айналған. Әлеуметтік қызметкерлер өзінің туысындай күтетін жалғызілікті қарттарға 2018 жылы 1–10 қазан аралығындағы қарттар онкүндігіне орай «Жер ұйық» мейрамханасында Ақтау қаласының мекеме басшылары мен қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен қала қөлеміндегі өткізілген мерекелік шарада орталық қызметкерлеріне деген ризашылығын білдіріп, жүректен шыққан ізгі тілектерін жеткізіп жатты.
– Мекемеде бұдан өзге тағы қандай көмек көрсетіледі?
– Әлеуметтік-экономикалық көмек жәрдемақылар, өтемақылар мен басқа да төлемдерді алуға жәрдемдесу және материалдық жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Әлеуметтік-құқықтық көмектер әлеуметтік қызмет көрсету және өздерінің мүдделерін қорғау құқығына байланысты мәселелер бойынша кеңес беру, жеке куәлікті, паспортты, әлеуметтік төлемдерді және заңдық маңызы бар құжаттарды алу және рәсімдеуге көмектесу. Осы қызметтерді жүзеге асыру мақсатында 2012 жылы орталыққа жеңіл автокөлігі алынып, тапсырыс бойынша орталық есебіндегі қарттар мен балалардың сұранысын дер кезінде жүзеге асырады. 2014 жылы мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша жеке көмекші қаралған көру қабілеті төмен мүгедектерге, 2018 жылы мүгедек арбасында отырған тірек-қимыл аппаратында ақауы бар 1,2-топ мүгедектеріне арнап «Инватакси» көлігі алынды. Инватакси Ақтау қаласы бойынша аталған мүгедектерді жұмыс орындарына жеткізу, әлеуметтік мекемелерге, дәріхана, аурухана, темір жол вокзалы және басқа да инфрақұрылымдарға жеткізу бойынша қызмет көрсетеді.
– Қайырымдылық іс-шаралары болып тұрады ма?
– Осы жұмыстар барысында орталықтың жұмысы алға жүру үшін басқа да мекемелермен бірлесе жұмыс жасалынып отыр. 2018 жылы орталық пен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік инжиниринг және технология университетімен «Servisehearininq» пәнаралық келісім аясындағы әлеуметтік жобаны жүзеге асырудағы ынтымақтастықтың шартына орай, университет жетекшілерінің басшылығымен 1-курс студенттері қызмет алушылардың үй-жайларын тазалауға, теңіз жағалауында серуендеуге және басқа тынығу іс-шараларын ұйымдастыруға көмектесті. 2018 жылы орталық қызметіндегі қызмет алушыларына қаламыздағы 20 кафе мен мейрамхана 430 адамды қамтыған түскі ас ұйымдастырса, 80 дүкен мен супермаркеттер 442 адамды азық-түлікпен қамтыды, 41 қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, 1810 жалғызілікті қарттар мен мүгедектерге қаржылай көмек берілді. Ақтау қалалық үйлерінде әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жалғызілікті қарттарға сапасы жоғары деңгейде қызмет көрсетілуі үшін әлеуметтік қызметкерлер әр түрлі семинарларға қатысып, біліктіліктерін арттырып, сертификаттар алды.
- Қызмет көрсетілетін тағы қандай жағдайлар кездеседі?
– Сондай-ақ Ақтау қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қала бойынша жергілікті баспасөз беттеріне жарияланып отбасынан зорлық-зомбылық көрген мүгедектер мен қарттарға, учаскелік полициялардың және басқа да өкілетті органдардың хабарлауымен немесе қалалық әкімшіліктің тапсырмасымен қараусыз қалған, ешкімі жоқ, көмекке мұқтаж жандарға да қызмет көрсетеді. Мәселен, 2017 жылдың қаңтар айында 9-шағын аудан 30-үй тұрғындары атынан осы үйдің 44-пәтерінде тұратын жалғызілікті зейнеткер А.Неберикутяның үстінен әкімшілікке келіп түскен шағым хаты бойынша орталықтан комиссия құрылды. Пәтеріне тұрмыстық-материалдық акт жасалып, пәтердің іші қоқысқа толы екендігі, тұрғын үй төлемдерін уақытылы төлемегендіктен газ, су, жарықтары өшірілгендігі, барлық техникаларымен бірге жарық пен су өлшегіш аспаптары да істен шыққандығы анықталды. Сонымен қатар зейнеткердің жеке куәлігі мен зейнетақысын басқа біреу алаяқтық жолмен пайдаланып жүргендігі де анықталды. Ақпан айында зейнеткердің абайсыздығынан пәтерінен өрт шыққан. Осыған орай орталықтың қызметкері дереу іске кірісіп, пәтерде күрделі тазалық жұмыстары жүргізіліп, өмір сүру қажеттілігінің үйреншікті жағдайын толықтай қамтамасыз етіп, өртенген есіктерезелерінің орнына жаңасын қойып, киімкешектерін алып беріп, тиісті органға хабарласу арқылы зейнеткердің құжатын өзіне қайтарып, тұрғын үй төлемдері қарыздарынан құтылу жолдары қарастырылып, ол адам орталыққа есепке алынды.
– Еңбегіңіз жемісті болсын! Сұхбатыңызға рақмет!
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
2330
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.