©
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының тұрғыны, көп балалы ана Людмила Смағұловаға қайырымды жандар үй алып берді. Людмила Смағұлова 7 баланы бір өзі тәрбиелеп отыр. 10 жылдан астам уақыт әркімнің босағасын паналап жүрген. Көптен аңсаған баспанаға қайырымды жандардың көмегімен қол жеткізді. Тұрғын үйді сатып алуға «Біз адамбыз – біз біргеміз» қайырымдылық қоры көмектескен. Қор мүшелері ананың жағдайын көпшілікке жариялап, халықтан көмек сұраған. Батыр ана мұң-мұқтажын елеген азаматтарға алғысын айтты. «Барлығына рақмет айтқым келеді. Көп адамдар көмектесті. Қаншама халық естіп, тамақты да, киімді де әкеліп жатты», – дейді Людмила Смағұлова. Қазір үйге жылу жүйелері тартылуда. Керек-жарақпен қамтылған соң, отбасы толық қоныстанбақ. «Қазіргі кезде көп балалы, жалғыз басты аналарға көмектесеміз. Қордың жұмыс жасап жатқанына 10 жылдан асты. Қазір бізде қиын жағдайда өмір сүріп жатырған 30 отбасы бар. Соларға тамақпен, киіммен жәрдесудеміз», – дейді қор директоры Иманғазы Досмұхамбетов.Жайық НАҒЫМАШ