Қоғаммен ашық диалог орнады
Баршаға мәлім, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ел дамуының бағыт-бағдары мен алдағы міндеттерін айқындап беріп, қоғамдық диалог орнату мен ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аударуды талап еткен еді. Осы орайда Қыдырберді Беков Қарақия ауданында Президенттің бастамалары халыққа барынша жеткізіліп, толығымен орындалу үстінде екенін атап өтті. «Әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге жауап беру, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ауданның барлық салалық бөлім басшыларының және ауыл әкімдерінің қатысуымен 9 ай ішінде атқарылған жұмыстары туралы әкімдіктің фейсбук парақшасында тікелей эфирдегі брифингтері ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – аудан тұрғындарының мәселелерінің уақытылы шешілуіне ықпал ету, әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа жеткізу, халықпен тиімді кері байланыс орнату. Жалпы аудан әкімдігіне қарасты барлық мекемелер мен кәсіпорындар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігінің әлеуметтік желілерде ресми парақшалары ашылған. Аталған парақшаларда 6 124 тұрғын тіркелген. Кез келген тұрғын тікелей сауал жолдай алады», – деді Қ.Беков.Халық саны артты
Аудан басшысының айтуынша, қазіргі уақытта аудандағы қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Аудан халқының саны 2019 жылғы 1 қыркүйектегі есеп бойынша – 38 мың адам, яғни 101,3 пайыз. Өнеркәсіп өнімдерінің ауқымы 2019 жылы қаңтар-қыркүйек айларына 827,2 млрд. теңгені құраған. Өнеркәсіптік өндірістің индексі – 99,3 пайыз. Ауданның аталған көрсеткіші облыстағы өнеркәсіп өнімдері ауқымының 37,9 пайыздық үлес көрсетіп отыр. «Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 2019 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында 114 млрд. теңге. Бұл көрсеткіш 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 млрд. теңгеге төмен болып отыр. Инвестиция көлемінің индексі – 94,7 пайыз. Ал тоғыз айдағы құрылыс жұмыстарының көлемі 26,7 млрд. теңгені құрап, нақты индекс көлемі 52,1 пайызды құрады. Тұрғын үйлерді қолданысқа енгізу бағытында 9 айда 45,2 мың шаршы метр пайдалануға беріліп, көрсеткіш 120,8 пайызды құрады», – деді аудан басшысы. Жалпы Қарақия ауданының бюджеті 2019 жылға 13 млрд. 353 млн. теңгеге нақтыланып, қаңтар–қыркүйек айларында жоспарланған 9 млрд. 604 млн. теңге 100% игерілген. Жергілікті бюджетке түскен салықтық және салықтық емес түсімдер – 7 млрд. 825 млн.теңге немесе 101,5% құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд. 325 млн. теңгеге арта түскен. Ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 2019 жылдың 9 айында 2 044,2 млн. теңгені құрап, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,1 пайызды құрады. Оның ішінде егін шаруашылығы – 462,6 млн. теңге көрсеткіш 96,9 пайыз, мал шаруашылығы – 1443,5 млн теңге, көрсеткіші – 101,5 пайыз. Бүгінгі күні аудан бойынша 485 шаруа қожалығы тіркелсе, оның 41-і егін шаруашылығына тиесілі.Робототехника кабинеттері ашылды
Ауданның білім саласында атқарылып жатқан жұмыстармен қатар шешілуі тиіс мәселелер де бар екен. Есептік мерзімге білім беру саласына 4,1 млрд.теңге қаржы бөлінген. Аудандағы 15 білім беру ұйымында 8 608 бала оқыса, мектепалды даярлық сыныпта 875 бала білім алуда. «Білім саласындағы мәселенің бірі – кадр тапшылығы. Қазір 26 маман тапшы болып отыр. Бұл бағыт бойынша жас мамандарды тарту мақсатында әр түрлі шаралар қарастырып, ұсыныстар жасасақ деп отырмыз. Ал ауданымыздың 14 мектебінде оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылған. Мектептердегі аз қамтылған, мүжәлсіз отбасы балаларын және мектеп үздіктерін жазғы сауықтыру лагерімен қамтамасыз ету үшін жолдамамен басқа қалаларға ұйымдастырылатын лагерьге 202 балаға барлығы 13 млн. 806,0 мың теңге қарастырылған», – дейді аудан әкімі. Білім саласын цифрландыру жобала- рын жүзеге асыру мақсатында Қарақия ауданындағы барлық мектепте «mektep.edu. kz» электрондық журналы мен күнделігін пайдалану енгізіліпті. Бұдан басқа, робототехника құралдарымен жабдықтау бағытында, биылғы оқу жылына «Теңізшевройл», «Ерсай» компанияларының демеушілігімен және бюджет қаржысы есебінен 7 орта білім беру мекемесі робототехника құралдарымен қамтылған. Қыдырберді Беков бұл жұмыстар одан әрі жалғасатынын, сондай-ақ аудан мектептері интернет желілеріне толық қосылып, дербес сайттары жұмыс істейтінін атап кетті. Денсаулық сақтау саласында да жаңа технология жетістіктері барынша іске қосылған екен. Бұл орайда egov.kz сайты және «ДамуМед» мобильдік қосымшасы арқылы емханаға тіркелу, дәрігер қабылдауына жазылу, үйге шақыру қызметтерін тұрғындарға үйде отырып пайдалануға мүмкіндік жасалған. Бүгінгі күні 848 адам egov.kz қызметін, 6 187 адам «ДамуМед» мобильдік қосымшасын пайдаланады, ересек тұрғындардың үлесі 69 пайызды құрап отыр. «Аудан бойынша 9 ай ішінде жаңа туылған сәбилер саны – 805. Сәбилер өлімі 1 000 тірі туғанға шаққанда 11,1 промильді құрап (9 сәби), өткен жылмен салыстырғанда 0,5 промильге төмендеді. 2019 жылдың есепті кезеңіне ана өлімі тіркелген жоқ», – дейді әкім.Кәсіпкерлікке жол ашық
Қарақия ауданында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік» бағдарламасының 2-бағыты аясында 26 адамға 94 млн. теңге көлемінде шағын несие берілген. Қосымша 23 млн. теңгенің 6 жобасы дайын. «Мәдениет және спорт саласында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Қазіргі таңда аудан бойынша 65 мәдени-клубтық құрылым бар. Оның ішінде 30 үйірме, 35 ұжым жұмыс істейді және ауданның балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 56 топта 902 жасөспірім спортпен шұғылданады. Биылғы жылы «НКОК» компаниясының демеушілігімен жоба құны 196 млн. теңге болатын Сенек ауылында жаңадан спорт кешені салынып, қыркүйек айында пайдалануға берілгенін де айта кетсек болады. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2019 жылдың 9 айына тұрғын үй сатып алу және салу үшін 53 маманға 196,9 млн теңге бөлініп, қаржы толық игерілді. Қаржы тапшылығына байланысты 9 маман кезекке қойылды. Бұл мамандар үшін 34 млн. теңгеге сұраныс берілді», – деген аудан әкімі өлкедегі кәсіпкерлік бағытындағы нәтижелерге тоқталды. Оның айтуынша, соңғы 9 айда ауданда 2 427 кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 103,3 пайызға өскен. «Нұр капитал» өңірлік бағдарламасы бойынша 2019 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында құны 78 млн. теңге болатын 4 жоба екінші деңгейлі банктерден қолдау тауып, 31 жұмыс орнын ашу жоспарланған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 6 жоба (55,8 млн. теңге) іске асырылу үстінде. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 61 адам сертификат алып, 18 адам бизнес ашу бойынша несие алды. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 52 адам кәсіпкерлік негізіне оқытылып, 35 адам жобасын сәтті қорғап шыққан. «Zhas project» бағдарламасы бойынша ауданда 33 әлеуметтік жоба іске асырылып жатыр. Сонымен қатар «Теңізшевройл» ЖШС-ның қолдауымен биылғы жылы «Жарқыра» жобасына (Ақтау, Баутин, Боранқұл кіреді) Құрық ауылы да еніп, күні кеше ауыл тұрғындары үшін түсіндіру кездесуі өткен екен. Жобаға қатысушылардың құжаттары 27 қазанға дейін жинақталады.Көлік және логистика
Қарақия аймақтағы логистика бағытында экономикалық-әлеуметтік маңызы үлкен аудан саналады. 2019 жылы «Құрық Порт» ЖШС арқылы импортталған вагон саны – 9 054-ті құраса (499 000,0 тонна), экспортталған вагон саны – 7 063 (394 780,0 тонна) вагонды құрады. Барлығы 16117 вагонға (893 480,0 тонна) және 6246 ауыр және жеңіл (ауыр – 4 995, жеңіл – 1251) автокөлікке салмағы 167 678,0 тонна қызметі көрсетілген. Болашақ стансасы арқылы жүк тасымалы барысында импорт және экспорт көрсеткіштері 2019 жылы импорт 282 пойыз (13 034 вагон) салмағы 840 024 тонна, экспорт салмағы 740269 тонна болатын 285 пойызды (12 928 вагон) құрады. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарына 2019 жылға 39,3 млн. теңге бөлінген. Құрық ауылындағы ауылішілік автомобиль жолдарын салу құрылысына 2019 жылы 150,0 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілген. Салынатын жолдың ұзындығы – 7,1 шақырым. Бүгінгі күні 3 552 метр жол салынып біткен. Нысанды толық аяқтау мақсатына қажетті қаражат көлемі 152,6 млн. теңге болып отыр. Биылғы жылға бөлінген қаражат көлемі толықтай игерілген. Қазіргі уақытта аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту мақсатында «Қызылсай–Сенек» 17,8 шақырым автожолына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары 2020 жылға жалғасады екен. Қарақия ауданын ауыз сумен қамту шаруалары да біршама жолға қойылған. Бүгінде Жетібай ауылындағы Еділ суын тазарту қондырғысына ағымдағы жөндеу жобасы жасақталған. Жетібай ауылындағы тәулігіне 3 200 м³ тазартатын Еділ суын тазарту қондырғысына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 40,0 млн. теңге бөлініп, қазір тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары биылғы жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарланған. Ал аудан бойынша орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші бүгінгі күні 90%-ды құрап отыр.Инфрақұрылым жаңарады
«Сонымен бірге бірнеше инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Атап айтсақ, келісім шарт құны 21,6 млн. теңге болатын, «Жетібай, Құрық селосының полигондарына және Құрық селосындағы мал қорымына арналған жаңа электр желілерінің құрылысы» толық аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Жетібай селосында модульді кәріздік тазарту имаратын орнату» құрылыс жұмыстарына конкурс жарияланды. Жобаның мақсаты – Жетібай ауылындағы 16 пәтерлі 1 үйдің, 24 пәтерлі 1 үйдің, 624 орындық мектептің және 280 орындық балабақшаның кәріздік жүйесінің өзекті мәселесін шешу. Тазартылған су мектеп пен балабақшаны көгалдандыруға пайдаланылатын болады. Ал тұрғын үймен қамту мәселесіне келер болсақ, бүгінгі таңда ауданымызда 1 100 адам кезекте тұр. Осы ретте тоқтала кетсек, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша барлығы 49 жолдама беріліп, оның ішінде 8 отбасы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы екінші санаттағы тұрғын үй құжаттарын рәсімдеуде. Бұдан бөлек, аудандық бюджет есебінен 1 санаттағы баспана алуға тұрғын үй сертификаттары үшін 6 млн. теңге қарастырылды. Биылғы жылдың 18 қазан күні аудан орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 120 пәтерлік 4 тұрғын үй тұрғындарға пайдалануға беріліп, ауданның тұрғын үй кезегіндегі көпбалалы отбасыларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналарға, әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтарға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға пәтер берілді», – деп атап өтті аудан әкімі. Қыдырберді Беков баспасөз брифингін аудандағы интернет байланысының сапасын күшейтуге бағытталған жұмыстармен түйіндеді. Интернет желісінің сапасын арттыру мақсатында Сенек, Құланды және Ералы станциясына талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту үшін арнайы жобалық-сметалық құжаттама жасақталған екен. Қазір «Құрық селосы – Ералы станциясы талшықты-оптикалық байланыс жүйесінің құрылысы» жұмыс жобасына жергілікті бюджеттен қаражат қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, нысан іске қосылған. Ал Құланды, Сенек ауылдарына талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту мақсатында «Транстелеком» АҚинвестициялық жобасы аясында жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталған. Енді Құланды және Сенек ауылдарының құрылыс-монтаж жұмыстары тамыз айында басталмақ. Аудан әкімдігі тарапынан Сенек–Аққұдық бағыты бойынша кең жолақты интернет тарту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама жасақтау мақсатында жергілікті бюджеттен 1 млн.теңге қаражат бөлініп, мердігер мекеме анықталып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Брифинг соңында аудан әкімі журналистер мен әлеуметтік желіден келіп түскен тұрғындар сауалдарына жауап берді.Жайық НАҒЫМАШ