Волонтерлік – елге ерікті қызмет
[ 2019 ] 14 қараша, 06:12 | Жаңалықтар
2019 жыл елімізде «Жастар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Қазақстанда еріктілердің басын біріктірген «Ұлттық волонтерлік желі» бірлестігі – белсенді жастарға жол ашып, жұмыла істеуге ұйытқы болған бірден-бір ұйым. Қазақстанда қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып, үн қосатын азаматтар қатары, әсіресе жастар легі жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі уақытта елімізде 287 волонтерлік ұйым болса, олардың дені осы қоғамдық, әлеуметтік бағыттардағы жобаларға белсене қатысады. Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен кезекті баспасөз брифингінде волонтерлік қызметтердің аяқ алысы мен атқарылып жатқан жұмыстар жайы баяндалды.
«Ұлттық волонтерлік желі» бірлестігінің өкілі Айсұлу Жамашева бүгінгі таңда волонтерлік қызмет аясының кеңейіп, қоғамдық істерге араласатын жастар қатары көбейіп жатқанын айтып, осы саладағы атқарылған жобаларға тоқталды. «Қазір елімізде 287 волонтерлік ұйым бар. Олардың басым бөлігі әлеуметтік салаларда, оқиғалар кеңістігінде, жануарлармен жұмыс және этно-волонтерлік бағыттарда қызмет етеді. Сондай-ақ волонтерліктің төтенше жағдайлар, медицина, мәдениет, медиа және онлайн түрлері де дамып келеді. Қазақстанда ең танымал волонтерлік ұйымдар қатарында «Ұлттық волонтерлік желі» ОЮЛ, «Қазақстандағы Қызылжарты ай», БҰҰ Қазақстандағы волонтерлік бағдарламасы, «Клуб петель», «Клуб добряков», Rina.kz және «Лидер» ұйымдары бар. 2019 жылы үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша 68 жоба іске асырылды. Қазақстан аумағында волонтерлік қызметті қолдау мақсатында 17 орталық құрылды. Сондай-ақ 5 мың респондентті қамтыған волонтерлік зерттеу сауалнамасы жүргізілді. Мүдделес ұйымдар мен волонтерлердің өзара ынтымақтастығын арттыру үшін qazvolunteer.kz онлайн- платформасы құрылды. Бұл платформа республикадағы волонтерлік ұйымдар мен волонтерлік қызметтерді үйлестіруге үлкен мүмкіндік туғызады. Қыркүйек айында бұл платформаға «Әлеуметтік студенттік кредит» модулі енгізілді. Мұнда ЖОО студенттерін қоғамдық жұмыстарға жұмылдыру жұмыстары жүзеге асады. Жыл соңына дейін 8 мың студент тіркеледі», – деді ұйым өкілі.
Qazvolunteer.kz платформасы – көмек іздеушілер мен көмек берушілер арасындағы байланыстырушы көпір. Бұл алаңда білім мен тәжірибе алмасуға, кітапханаға баруға, тізілім үшін сауалнаманы толтыруға, шетелде мүмкіндіктер табуға, басқа да еріктілермен сөйлесуге, еріктілік туралы жаңа жаңалықтарды білуге, түсініктемелер қалдыруға, сүйікті волонтерлік бағыттар бойынша және Қазақстанның барлық аймақтарында жобаларды табуға, сондай-ақ өз идеяларыңмен бөлісуге мол мүмкіндіктер бар. Платформа көмекшілерге лайықты үміткерлерді іздеуде ұйымдарға да жол ашады. Ұйым волонтердің қажетті параметрлерін сипаттап, іс-шараға қатысудың артықшылықтарын да көрсете алады. Онлайн-платформаның ресми тұсаукесері 2019 жылдың 29 сәуірінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен.
Бүгінде әлем бойынша жүз миллионнан аса адам волонтерлік қозғалыстарға қатысады екен. Қазақстандық волонтерлер де түрлі әлеуметтік жобаларға қатыса отырып, қоғамды, әлемді жақсарта түсуге ықпал етеді. Мысалы, экологиялық акцияларға қатысу арқылы олар біз тіршілік кешкен ғаламды сақтауға өз үлестерін қосады. Волонтерлік қызметтің бағыттары жетерлік. Мысал ретінде, Қазақстанда экология, жануарлармен жұмыс, IT – волонтерлік, қарттарға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмек өте өзекті шаруалар екені баршаға мәлім. Осындай әр жоба отандық волонтерлерге жақын нәрсені табуға көмектесіп, өздерін үлкен істің маңызды бөлшегі екендіктерін сезіндіре түседі.
Волонтерлік жұмысы қаладағы кішігірім акциялардан бастау алып, тәжірибемен бірге дамып, ауқымы кеңейіп, республикалық, халықаралық жобалар мен іс-шараларға қатысуға жол ашады. Қазақстандық волонтерлер ЭКСПО-2017 арнайы халықаралық көрмесіне, ОБСЕ саммитіне, Универсиада мен Астана экономикалық форумы секілді көптеген шараларға белсене қатысқан.
Айта кетсек, биыл өңірлерде волонтерлік қызметтерді дамытуға 1 млн. теңге қаржыға 17 грант бөлінген. Сондай-ақ еліміздегі ең үздік волонтерлік тәжірибелер жинағы мен мемлекеттік, жеке және бизнес секторларда волонтерлермен жұмыс жөніндегі оқу құралы әзірлену үстінде. Бұдан бөлек «2019 жылдың үздік волонтері» марапатына конкурс жарияланған. Ал «Жыл волонтері» старты 11-12 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін волонтерлер форумында іске қосылады. «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының төрағасы Кирилл Осин волонтерлік қызметтің аймақтағы жұмысына қолдау көрсетілетінін, бұл бағыттағы шаруалардың нәтижелі жүзеге асырылатынын атап кетті.
«Біз Маңғыстау облысындағы аймақтық орталығы ретінде қызмет атқарамыз. Волонтерлік ұйымдарға игілікті бастамалар бойынша ықпалдастық танытамыз. Жоғарыда әріптесім атап өткен qazvolunteer.kz онлайн-платформасында қалай тіркелуге болатыны көрсетілген. Біз өз тарапымыздан осында тіркелуге қатысты өтініштерді жолдаудағы техникалық мәселелер бойынша көмектер береміз. Өңірде, сондай-ақ бірқатар бастамалар да көтерілген. 2019 жылдың үздік волонтері конкурсына өтінімдер қабылдауды қорытындылап қалдық. Аталған конкурстың жеңімпаздары 9–11 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін форумға қатысады. 1 500 адам бас қосатын форумға 16–29 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Сондай-ақ еріктілер жұмыстарына қолдау көрсетіледі, қатысушылардың форумға келіп-кету, қонақ үй, тамақтану шығындары да өтеледі. Жалпы еріктілер форумына қатысушылардың жасына қатысты қандай да бір шектеулер жоқ. Елімізде 2019 жыл «Жастар жылы» деп жариялануына байланысты жастардың орташа жас мөлшері ескеріліп, форумға қатысушыларға барынша қолдау көрсетілгелі жатыр. Бірақ форумға кез келген жастағы адам қатысып, шеберлік сабақтарын тыңдай алады. Біздің өңірден өтініштер 15 қарашаға дейін қабылданады. Бұдан бөлек, желтоқсан айының орта шеніне дейін облыста 5 еріктілер акциясын ұйымдастыру жоспарланып отыр», – деді К.Осин.
«2020 жыл – Волонтерлер жылы» деп жариялануына байланысты облысымызда ауқымды жұмыстар мен игі бастамалар өткізсек деген ниеттеміз. Волонтерлер қызметінің аясын кеңейту және дамыту жоспарда бар. Қазір пилоттық жоба ретінде студенттік әлеуметтік кредит бастамасы іске қосылған. Бұл бастама студенттерге университетте 2–5 кредитін жабуға, волонтерлік қызметіне байланысты 20–50 мың теңге аралығында стипендия иеленуге мүмкіндік береді. Бұл – өте таптырмас мүмкіндік. Айта кету керек, бұл бастама Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асып отыр. Соңғы жағымды хабардың бірі, жақында Ресейдің Омск қаласында еріктілер ұйымдарының съезі өтті. Қазақстан мен Ресей арасында өте тиімді келіссөздер жасалды», – деді К.Осин.
Еске сала кетсек, 7 қараша күні Омбы қаласында Қазақстан мен Ресейдің XVI өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында өткен екі елдің Жастар көшбасшыларының форумында Ресей волонтерлік орталықтары қауымдастығы мен Қазақстанның Ұлттық волонтерлік желісі арасында волонтерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойылды. Кеңес Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында салалық ынтымақтастық органы қызметін атқармақ, сондай-ақ волонтерлік қызметті дамыту саласындағы өзара іс-қимылды үйлестіруді және мәселелерді шешуді қамтамасыз етеді. Бұл осы орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қостанай қаласында өткен Қазақстан–Ресей жастар ынтымақтастығы форумы аясындағы бастама десек те болады.
Ресей волонтерлік орталықтары қауымдастығы мен Қазақстанның Ұлттық волонтерлік желісі арасындағы ынтымақтастықтың бірқатар перспективаларына атап өтер болсақ, әлеуметтік жобаларда волонтерлік қызметті танымал етуге бағытталған Ресей мен Қазақстанның шекаралас аймақтарында түрлі акцияларды іске асыру, волонтерлік тақырыбын көтеретін жаппай волонтерлік іс-шаралар желісі, волонтерлік саласындағы түрлі санаттарға бағытталған тақырыптық вебинарлар циклы, волонтерлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі жалпы консалтинг, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы бірқатар ұйымдарда волонтер қызметтің түрлі бағыттарындағы тағылымдамалар т.б. көзделіп отыр.
Ал 11-12 желтоқсан күндері Елорда төрінде «Волонтерлер жылы – 2020» шарасы, сондай-ақ халықаралық волонтерлер күніне арналған республикалық Волонтерлер форумы өтеді. 1 500 адам қатысады деп жоспарланған форум жұмысы волонтерлік орта үшін маңызды тақырыптардың ең қызықтыларын қамтиды. Қатысушыларға сессиялар, воркшоптар, шеберлік сыныптары, тренингтер, коворкинг, бірегей тәжірибелер, тәжірибе алмасу және т.б. сан алуан шаралар ұйымдастырылады. Спикерлер қатарында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «Beeline Қазақстан», «БҰҰ Еріктілер бағдарламасы», «БҰҰ Әйелдер құрылымы», «БҰҰ Даму бағдарламасы» және «ЮНИСЕФ» сынды халықаралық ұйым өкілдері болады.
Жайық НАҒЫМАШ
4649
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.