Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде (Yessenov University) қазақстандық және шетелдік танымал спикерлердің қатысуымен «Университет – ой-пікірлер аймағы» атты халықаралық форумы өтті. Форум аясында «Yessenov University үздік стартап жобасы» байқауы, панельді және сараптамалық сессиялар, мастер-класстар және кейстер өтті. Форум педагогтарды, кәсіпкерлерді, жоғары және қосымша білім беру ұйымдарының басшыларын, сарапшыларды, жергілікті мемлекеттік құрылымдардың өкілдерін біріктірді. Маңғыстаудың ғылыми шаңырағы, үлкен білім ордасы Yessenov University ұйымдастырған шараға мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабының Басқару комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова, BTS Digital білім беру жобаларының бас директоры Нұрбек Саясат, «МИСИС» ҰТЗИ даму жөніндегі директоры Нұрлан Қиясов, Алматы менеджмент университетінің ректоры Гүлмира Курганбаева, Каспий маңы мемлекеттері университеттері қауымдастығының атқарушы директоры Юрий Пименов сынды қазақстандық және халықаралық спикерлер қатысты. Форумның ашылу салтанатында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбаев құттықтау сөзін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Қош келдіңіздер, құрметті қонақтар, форумға қатысушылар! Киелі Маңғыстауда маңызы мол форумда кездескенімізге қуаныштымыз. Бұл жерде әлемдік деңгейдегі ой-пікірлер алаңы өтеді деген ойдамыз. Біздің жас кезімізде мемлекетшіл үлкен тұлғалармен ой-пікір алмасу мүмкіндіктері болған жоқ. Қазір сіздерге берілген мүмкіндіктер көп, жасалған жағдайлар жеткілікті десек болады. Сондықтан да сіздерге осындай тұлғалармен пікірлесуге үлкен мүмкіндік туып отыр. Форум аясында ой-пікір алаңын тиімді өткізуге шақырамын. Баршаңызға сәттілік тілеймін», – деді Нұрдәулет Игілікұлы. Бүгінде университеттер өңірлерді, қалаларды дамытудың қозғалтқыштары саналады. Жоғары білім беру саласы 200 миллионнан аса студентті қамтыған қуатты әлеуметтік институтқа айналды. Университетке түсу туралы шешім, ең алдымен, жеке мүдде, әлеуметтік мәртебе, материалдық әл-ауқат немесе мансаптық өсу мүмкіндіктері болуы мүмкін. Ал шындығында жоғары білім – аймақтық, ұлттық, ғаламдық деңгейге дейінгі үлкен мүдде. Бүгінде университеттерде өндіріс, білім, мәдени құндылықтар, азаматтық қалыптасудағы және әлеуметтік бағыттардағы пікірталастар өрбу үстінде. Жоғары білімнің әр түрлі әлеуметтік-экономикалық деңгейдегі университеттердегі қызметі, олардың маңыздылығын анықтау, сондай-ақ білім берудің институт ретінде қалыптасуға әсерлері, сананы жаңғыртуда, мақсатты жақсартудағы міндеттері де өзекті бола түспек. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры Берік Ахметов форумды өткізудегі мақсат-міндеттерді атап кетті. «Құрметті әріптестер, достар, баршаңызға университетімізге қош келдіңіздер дейміз. Бүгінгі әлем мүлде өзгерді. Білім бәсекесі, ой-сана күресі алға шықты. Біз таяуда Ресей астанасы Мәскеуде өткен конференцияға қатыстық. Сол алқалы жиында мән-мағыналы пікірлер естідік. Сонда әлемнің қай кезде де тұрақты болмағаны, уақыт пен заман талабына сай өзгеріп, құбылып тұрғаны айтылды. Қазіргі уақытта технология жетістіктері, цифрландыру біздің өміріміздегі барлық салаға өте ерекше ықпал етеді. Ол бізге цифрлы мәліметтер мен деректердің барлығын қол жетімді етеді. Дегенмен сарапшылардың зерттеуіне сүйенсек, 2030 жылы қазіргі мамандықтардың 77%-ы түгелдей жойылады. Уақыт өткен сайын мамандықтар, білім, көзқарастар өзгеру, даму үстінде. Осындай кезеңде біз қандай қадамдар жасауымыз керек? Жаңа заман үрдісіне қалай ілесеміз? Біз бүгін осындай өзекті мәселелерді талқылау үшін форумда бас қосып отырмыз. Мәселен, енді он жылдан соң Маңғыстау қандай болады? Иә, қазір мұнай, кен байлықтары бар, бүгінгі күніміз жарқын десек болады. Бірақ 10–15 жылдан кейін жағдай қандай болмақ? Қазба байлықтар азайған кезде адами капиталымызды қалай дамытамыз? Сол уақытта ішкі жүйемізді сақтап қала отырып, өркениет көшінен қалмауымыз үшін не істеуіміз керек? Міне, ел болашағын ойлаған білімді жасты осы сұрақтар толғандыруы тиіс. Форумда осы мәселелер төңірегінде пікірлесейік, ой қосайық», – деді университет ректоры. Қашанда қоғам мен мәдениетті дамытудың қуатты жұмылдырушы күші ретінде білім берудің маңызы арта түседі. Бүгінгі цифрлы әлемде құндылықтар мен мағыналы бағыттардың қалыптасуына, тек қана тұрақтылықты ғана емес, одан әрі дамуды қамтамасыз ететін модельдердің қалыптасуына жаңа бағдар беріледі. Алматы менеджмент университетінің ректоры Гүлмира Курганбаева университеттердің рөлі мен миссиясы туралы сан алуан пікірлер ішінен қазіргі білім берудің көздеген мақсатына қол жеткізу үшін қажетті ойлау мәдениетін қалыптастыру қажеттігіне тоқталды. «Бүгінгі форум тақырыбы Қазақстан территориясында алғаш рет көтеріліп отыр. Университеттер, шын мәнінде, ой-пікірлер алаңы. Біз цифрландыру туралы көбірек ой қозғап, айтқан сайын адами капитал туралы да ойлануымыз керек. Адами құндылықтарды, руханиятты да ұмытпауымыз қажет. Қазақстанда адамдарды біріктіретін орта сауда орталықтары емес, университет болуы тиіс. Студент университетке 4 жылға ғана келмеуі керек. Ол өмірін арнағаны жөн. Әрбір адам қоғам құндылықтарын оқу ордаларымен байланыстыра қарауы ләзім. Университет – тәлім ордасы. Сондықтан мұндай маңызды шараға жай келіп қана қоймай, үлкен ой түйіп, сананы жаңғырту жайын ойлағанымыз дұрыс»,– деді Гүлмира Курганбаева. Форумға арнайы келген мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабының Басқару комитетінің төрағасы Әлихан Байменов бүгінгі жаһандану заманында адами құндылықты сақтап қалудың маңыздылығын, білім жолын ұстанып, ғылым жолын игілікті бағытта игерудің өзектілігін айтты. «Ең алдымен, киелі Маңғыстау жерінде өздеріңізбен қауышуға мүмкіндік туғызған университет басшылығына ризашылығымды айтқым келеді. Ш.Есенов атындағы оқу орнына келу – мен үшін ерекше құрмет. Шахмардан ағамыз кезінде еңбек жолын да, қоғамдық қызметін де алғаш менің туған жерім Жезқазғаннан бастаған еді. Сол себептен бұл кісінің есімі бізге бала кезімізден таныс, Қаныш Сәтпаев, Төрегелді Шарманов секілді аңыз болып қалыптасты. Ал форумға келер болсақ, технологиялар мен адамзат мәселесі, біз кімді тәрбиелейміз? Кезінде әл-Фараби бабамыз «тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы» деп айтқан еді. Сондықтан біз қандай да жаңа технология түрі болса да оны құрал ретінде қарауымыз қажет. Бұл істе орта, құндылық қалыптастыру сөзсіз бірінші кезекте маңызды. Мен өткен аптада әлемдегі жаңа инновациялар, жаңа технологиялар пайдалану жөнінде көшбасшы мемлекеттің бірі Оңтүстік Корея республикасында осы ақпараттандыру, инновацияға жауапты министрлермен кездестім. Менің бір таңғалғаным, сол Корея үкіметі бұған дейін экономикалық көрсеткіштерді алға қойып келсе, қазір ақпараттық технологияларды қолданудың, инновацияларды дамытудың өзінде ең бірінші саясаттың өзегі ретінде қоғамдық құндылықтарды атап өтеді. Екіншіден, ақпараттық технологиялар әр азаматтың дербес өкілеттілігін арттыру жолы деп қарастырылады. Содан кейін барып технологиялар мен техникалардың өзіне ден қояды. Яғни бұл нені көрсетеді? Елдер қарыштап дамығанымен, түптеп келгенде технологияны пайдаланатын – адам. Адам технологияны жақсы мақсатта да, бұрыс пиғылда да пайдалануы мүмкін», – дей келе Ә.Бәйменов өркениет қалыптастырудағы білімнің маңызы, ұстаздың міндетіне тоқталды. «Ұстаздың рөлі, ұстаз бен шәкірт қатынасы адамзат өркениетінде ерекше құбылыс десек болады. Мыңдаған жыл бойы адамзаттың бүгінгі күнге дейін жинап-терген тәжірибесін ұстаз, мектеп келер ұрпаққа жеткізіп отырды. Ал бұл ұғым әзірше өз маңызын жоғалтқан жоқ деп есептеймін. Бірақ ұстаз кім болуы керек? Бүгінгі білімнің көлемі 2-3 жыл сайын еселеніп отыратын заманда ұстаздың миссиясы да бейімделіп отыруы қажет деп санаймын. Ұстаз – ең алдымен, құндылық қалыптастырушы, орта ұйыстырушы тұлға. Екіншіден, ұстаз осы ақпараттардың үлкен мұхитында дұрыс бағыт-бағдар беретін, тек өз білгенін ғана үйретіп қоймай, өзі біле алмаған дүниенің өзін шәкірті қалай таба алады, жаңа технологияларды, жаңа ақпараттардың көзін қалай іздеуі керек, осы істе бағыт-бағдар беретін тұлға болуы тиіс. Үшіншіден, адамзат тарихына көз салсақ, жаңа технологиялар пайда болған кезде оның жауапкершілігі де арта түседі. Ең жарқын мысал – атом қаруы. Атом қаруын ғалымдар жасады. Мен кезінде «Невада-Семей» қозғалысының белсендісі ретінде тоқсаныншы жылдары Америка құрама штатының сутегі бомбасын жасаушы ғалымдардың бірімен кездестім. Сонда ол кісі «жас ғалымдар үшін атом, сутегі қарулары ғылыми-зерттеу жұмысы саналады» дейді. Ал оны қалай пайдаланатынын ары қарай саясаткерлер шешіп отыр. Сол себептен, менің ойымша, құндылықтар, орта қалыптастыру өте маңызды. Ол тек қана жалпыадамзаттық құндылықтар емес, сонымен қатар білімге, жаңалыққа құштарлық, жаңа технологияларды дұрыс мақсатта игеру болмақ. Ұстаздың миссиясы да осы болса керек деп ойлаймын», – деп сөзін түйіндеді Ә.Бәйменов. «Университет – ой-пікірлер аймағы» атты халықаралық форумы санды болашақ мамандарын даярлау саласында тәжірибе және инновациялық шешімдерімен алмасу үшін диалог алаңы іспеттес. Шара цифрлы болашақ мамандарын даярлау саласында тәжірибе және инновациялық шешімдермен алмасу үшін диалог алаңын ұйымдастыру мақсатында өтті. Форум педагогтарды, кәсіпкерлерді, жоғары және қосымша білім беру ұйымдарының басшыларын, сарапшыларды, жергілікті мемлекеттік құрылымдардың өкілдерін – Қазақстанның болашақта білім алуға мүдделі барлық тұлғаларды біріктіреді. Форум аясында сөз сөйлеген спикерлер жоғары оқу орны түлектерінің кәсіби дамуы, қызметке тұру мен өзін-өзі жетілдіру жолдары, қоғамдық құндылықтарды қалыптастырудағы міндеттері туралы өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ студент жастардың да пікірлері тыңдалып, өзекті тақырыптар төңірегінде тұшымды пайымдаулар айтылды.
Жайық НАҒЫМАШ