Жемқорлық түбі – қорлық!
[ 2019 ] 12 қараша, 09:15 | Қоғам
Жақында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменттің тергеу басқармасының басшысы Бауыржан Баймұрза мен басқарманың аса маңызды істері жөніндегі офицері Анар Маңқатаева аймақтағы сыбайлас жемқорлық бойынша тергеу жұмыстарының қорытындысын баяндады.
ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменттің тергеу басқармасы алдына қойған мақсат-міндеттерін асқан жауапкершілікпен орындап, 9 ай ішінде үлкен нәтижелерге қол жеткізген. Пара алу мен бюджет қаражатын ұрлау алдын ала жоспарланатын, тұрақты схемасы бар жүйелік сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысы да екі есе артқан.
«Департаментпен жүйелік сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша 6 дерек анықталды. Бұл деректер бойынша белгіленген және өтелген шығын 1,2 млрд. теңгені құрады. Мәселен, автожол саласында облыстық деңгейдегі екі басшының қылмыстық схемасына тосқауыл қойылды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры мен оның орынбасарының қылмысы әшкереленіп, сыбайлас жемқорлықтың жолы кесілді. Олар республикалық маңыздағы автожол құрылысына бөлінген қаражатты жымқыру, мердігер мекемелерінен заңсыз сыйақылар алу, орындалмаған актілерге қол қою мен шарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпау, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде өнім берушінің мүддесін қолдау сынды қылмыстық істерге жол берген. Қазіргі таңда бұл қылмыстық іс бойынша сот алдындағы тергеу жүргізіліп жатыр. Мемлекет бюджетіне шығын қайтарылуда», – деді департаменттің тергеу басқармасының басшысы Бауыржан Баймұрза.
Сондай-ақ Бауыржан Баймұрза аймақтағы сыбайлас жемқорлыққа бейім салаларды тексеру мен талдау нәтижесінде жер қатынастары, денсаулық сақтау, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында қылмыстық деректер анықталғанын атап өтті.
Департамент басқармасының аса маңызды істері жөніндегі офицері Анар Маңқатаева сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдем берген 9 азамат департаменттен 1 млн. 416,4 мың теңге көлемінде сыйақы алғанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жұмыстары сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басым бағыттарының бірі болып табылады.
«2019 жылдың 9 айы бойынша департаментке 633 өтініш түссе, өткен жылы дәл осындай кезде 587 өтініш келген. Бұл сандарға қарап, халықтың біздің органға сенімінің артқанын байқаймыз. Агенттіктің халықпен тығыз байланыс орнату мақсатында құрылған Call орталығына (1424) 26 өтініш келіп түсті, оның екеуі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді А.Маңқатаева.
Ханым ҚУАТ
1752
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.