«Өзен жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Жаңаөзен қаласындағы алты шағын аудан тұрғындарын қыста жылумен қамтамасыз етеді. Яғни қаладағы 244 көп қабатты тұрғын үй орталық бу қазандарынан жылу алады. Бұлардан басқа денсаулық сақтау қалашығындағы 6-7 нысанды жылытатын кіші қазандық бар. Дәл осындай шағын қазандықтар темір жол стансасы мен Қызылсай ауылында да жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ әлеуметтік нысандарға, мектептер мен балабақшаларға жылу беретін 35 шағын, яғни автономдық жылу қазандықтары да өздерінің маусымдық жұмыстарына кірісті. Бәрінің де алғашқы аяқалыстары жаман емес. Қала тұрғындарының қылышын сүйреген қыстың қақаған күндерінде бүрсең қағып қалмауы алты ай жазда жүргізілген жөндеу жұмыстарының, яғни қысқа дайындық істерінің сапасы мен нәтижесіне тікелей байланысты. «Өзен жылу» МКК басшысының айтуы мен қағазға түскен деректерге қарағанда жазымен қысқа дайындық жұмыстары ойдағыдай жүргізілген сияқты. Жылда дайындық жұмыстары орталық жылу қазандықтары мен оған қосымша кіші жылу электр орталығындағы қазандықтардан басталады. Биыл да сол үрдістен жаңылмады. Оған мысал келтіру үшін әлгі деректерге жүгініп көрелік. Қысқа дайындық жұмыстары орталық жылу қазандығы ғимаратының ішкі қабырғаларының 1 824 шаршы метрлік аумағын сырлаудан басталыпты. Қазандықтың №2 түтін сорғышы мен №5 сеттік қондырғысына жоғары кернеулі электр кабельдері орнатылған. Суды жұмсартуға қолданылатын 275 тонна техникалық тұз қоры жиналыпты. Биылғы қазан айынан бастап, келесі жылдың сәуіріне дейін, яғни жылыту маусымына осындай тұздың 400 тоннасы қажет екен. Оны тендерден ұтып, тізгінді қолға алған өзге мекеме Қызылорда облысындағы «Арал тұз» компаниясынан тасымалдап, қамтамасыз етіп отыруға тиіс көрінеді. Сондықтан тағы да 4 вагон тұз әкелінеді деп күтіп отыр. Орталық жылу қазандықтарынан қаладағы алты шағын ауданның жоғарыда айтқан 244 тұрғын үйге баратын 192 шақырымдық құбырлары да майланып кейбір қосалқы бөлшектері ауыстырылып, жөнделіп, техникалық сынақтан өткізіліп, қысқа дайындық жүргізілген. Жалпы кіші көлемдегі жылу қазандықтарына да, сыртқы жылу желілеріне де дайындық жұмыстары талапқа сай жүргізілді дейді мекеме басшысы. Тағы да сандарды сөйлетіп көрелік. Қаладағы ыстық су мен жылу тасымалдайтын сыртқы жылу желілерінің жалпы ұзындығы жоғарыда айтқандай – 192,32 шықырым. Оның ішінде магистральды 48 шақырымдық құбыр, 144,32 шақырымдық таратушы құбыр бар. Темір жол бекетіндегі сыртқы жылу желілер 2,4 шақырым болса, Қызылсай ауылындағы сыртқы жылу желісі құбырларының жалпы ұзындығы 5,4 шақырымды құрайды. Осынау сыртқы жылу желілерінің 1,8 шақырымы жөнделген. Ол жұмыстарды «Өзен жылу» МКК өз күшімен жүргізген. Бұлардың бәрі ағымдағы жөндеу жұмыстарының санатына жатады. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетіндей себеп Жаңаөзен қаласында жоқ десе де болады. Өйткені қалада төзімділігі мен қолданылу мерзімі жарты ғасырға жетеді деген кепілдікпен төрт қатарлы пластик құбырларын тартқаны кеше ғана сияқты еді. Әйтсе де содан бері де көзді ашып-жұмғанша арада оншақты жыл зуылдап өте шығыпты. Демек, бұл – қолда бар дүниені ұқсата біліп, ел игілігіндегі заттарға күтімді қарауды жылдан-жылға күшейту қажет деген сөз. Шыны мың күнде сынбайды, бір күнде, бір сәтте сынады. Соны естен шығармау керек. Сонда да қала тұрғындарының ішінде пәтерлерінің салқындығынан қараша болмай жатып бүрсең қағып жатқан көріністер байқалуда. Қарашаның алғашқы күндеріндегі ауа райының сәл бұзылып, суытуына төтеп бере алмай жатқан пәтер иелері алдағы қаңтардың қытымыр аязды күндері мен ақпанның алақұйын ақтүтек боранды күндері бола қалса қайтеді? «Жаман айтпай, жақсы жоқ», әлдеқалай аяқ астынан төтенше жағдайлар орын алып жатса, ең бастысы кім жауап береді? «Жер қатты болса, өгіз өгізден көреді» дегендей, екі арада жазықсыз жандардың орынсыз жапа шегіп жататын жағдайлары аз болмайды. Сондықтан әркім өз жауапкершілігін өзі түсініп, өз мойнындағы тиісті міндеттерін өздері дұрыс атқарса, әрине, қала тұрғындарының қыстан қымтырылмай шығатыны күмәнсіз. Мұны айтып отырған себебіміз осы жағдай күні кеше ғана өз басымыздан өтті. «Жаңаөзен» газетінің редакциясы қалалық әкімдік ғимаратының бір қуысында орналасқанымен электр энергиясы мен жылу жүйелері әкімдіктен бөлек секілді. Жазда ма, әлде күзде ме, әйтеуір қысқа дайындық жұмыстарын жүргізген жауапты мекеме қызметкерлері редакцияға келетін жылу құбырын орталық жылудан айырып, кесіп кетіпті. Бірақ оған қайта айналып ешкім соқпаған. Демек, хабар алмаған. Кешегі қарашаның басындағы қырбық қар түсіп, ауа райы сәл суытқанда редакция іші мұздап сала берді. Сосын тоқ пештерді қосуға мәжбүр болған. Одан электр сымдарына салмақ түсіп, әлсіз, сапасыз сымдар күйіп кетті. Журналистер жарықсыз, жылусыз үш күн жұмысты тоқтатуға мәжбүр болды. Қаладан сым әкеліп тоқты әрең жалғады. Ал жылуға жалғанған құбырдан әлі нәтиже шықпай жатыр. Бұл жағдайды «Өзен жылу» МКК-ге айтса, ол «Сантехобслуживания» деген мекемеге сілтейді. Ол мекеменің қызметкерлері қала әкімі мен әкім орынбасарларының кабинеттерін тексеріп қайта кетіп қалады дейді білетіндер. «Жұмыс бітті, қу кетті» деген осындай-ақ болар деп қала журналистері тезірек көктем шығып, күннің жылынуын құдайдан тілеуден басқа шара қалмағанын сезіп, «Өлмеген құлға келер жаз» деп мұздай бөлмелерде отырып жұмыстарын жалғастыруда. Енді әуелгі әңгімемізге оралайық: – Дұрыс. Бірақ біз өз мойнымыздағы жауапкершіліктен қашпаймыз. Біздің міндетіміз – жаз бойы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қыста жылуды әрбір үйдің іргесіне жеткізіп беру. Жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуі – өзімізге пайда. Себебі жылудың ең басты шикізаты – су мен газды біз де сатып аламыз. Жаздағы жөндеу жұмыстарымыз, яғни қысқа дайындығымыз қаншалықты сапалы жүргізілсе, қалтамыздағы қаржының соншалықты үнемделуіне әсер етеді. Бірақ өз істеріне енжарлықпен қарайтындар қала тұрғындарының ішінен де кездеседі, – дейді бізбен сұхбаттасқанда «Өзен жылу» МКК директоры Бақытжан Өтеғалиев. – Мысалы, қаладағы алты шағын аудандағы тұрғын үйлердің бәрі біздің орталық бу қазандарынан жылу алады. Сол үйлердің астындағы жертөлелерінің жағдайы біркелкі емес. Көп тұрғын үйлердің астындағы су, жылу жүйелері көп жылдардан бері жөндеу көрмеген. Құбырлары әбден тозған. Жамап жасқауға да келмейтін жерлері жеткілікті. Әйтсе де, соларды түзетіп, жылу беру – біздің міндетіміз. Бірақ қазіргі тұрғын үйлердің бәрі жекешелендірілген. Сондықтан сол көп қабатты үйлердің жертөлелеріндегі инфрақұрылымдар – тұрғындардың ортақ мүлкі. Сол үшін жылыту маусымы басталмай тұрып, ауыз біріктіріп, өздері бастамашы болып, қысқа ертелеу қамдану керек. Жалпы тұрғындар соңғы кездері жағдайды, заңды түсіне бастағандай. Бұрын үйлерінің жылу жағдайын қалалық әкімдікке, ЖПИКтерге сілтеп, тақыр жерден шаң шығаруға әуес еді. Биыл бірқатары қысқа ерте қамданды. Әсіресе «Көктем», «Өркен» шағын аудандары тұрғындары жылдам қаржы жинап, бізге жертөлеге қажетті құбырларды сатып алып беріп, дәнекерлеуге ацетилен, пропан, сымның ақшасын төлеп, біздің бригадамызға жасатып алады. Соның нәтижесінде 50-60-тай кіреберіс жертөлелер жылу маусымы басталмай тұрып дайын болды. Тағы 20-30 кіреберіс жертөленің ақшасы дайын тұр. Бірақ «Шұғыла», «Шаңырақ» шағын аудан тұрғындары өте енжар. «Көктем», «Өркен» шағын аудан тұрғындарына қарағанда ұйымшылдықтары, белсенділіктері әлдеқайда төмен. Иә, осындай құрылыс монтаждау жұмыстарын «Өзен жылу» мекемесінің өзі жүргізеді. Тек құрылыс материалдары тұрғындардың өздерінен болуы тиіс екен. Осындай жұмыстарды жүргізетін мекеменің әр шағын ауданда бір-бір бригадасы бар көрінеді. Ол бөлімшелердің жеке-жеке басшылары, шеберлері және электргазбен дәнекерлеушілері бар. Жылыту маусымы басталып, ауа райы сәл салқындағанда сол бригадалардағы дәнекерлеушілердің жеткіліксіздігі сезіле бастайды. Сосын мұнайшылардан көмек сұрауға мәжбүр болды. «Бұрғылау», «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-лары мен «Өзенмұнайгаз» АҚ дәнекерлеушілері мекемеге көмектесуде. Сонда да әбден тозығы жеткен жертөлелер берілген жылуға кері әсер етуде. Соның нәтижесінде кешегі қарашада жауған қырбық қар, содан бері жалғасып келе жатқан шамалы салқындық жағасын жайлауға салған кейбір тұрғындарды тығырыққа тіреуде. «Өзен жылу» мекемесі дәл қазіргі күндері қарбалас жұмыстың құшағында. Қаладағы көп қабатты үйлердің астындағы жертөлелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмесе, осы әдет жылда қайталана беретіні күмәнсіз. Егер қаладағы тұрғын үйлердің бірінде тосыннан жылу жүйелері немесе су құбыры жарылса, мекеменің шығынға бататыны да күмәнсіз. Бірақ ана бастықтан мына бастыққа мирас болып келе жатқан қордаланған қарыздар жылдан-жылға кемудің орнына өсе түсті. Ондай қарыздар ғасырлар тоғысында да тоқтамады. – Қарыз жоқ емес, бар. Бұл бойынша тоқтаусыз жұмыс жүргізіп жатырмыз, – дейді Бақытжан Есполұлы. – Ең ірі қарызымыз газ үшін. Оның әр түрлі объективті және субъективті себептері жеткілікті. Әйтсе де, сол 362 миллион теңгелік қарызды жоюдың жан-жақты жолдарын жасап жатырмыз. Ол қарыздың көлемі осы жылдың басында, яғни үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында 450 миллион теңге еді. Мысалы, бір кездері газдың бағасы өсіп кетті де, біздің қызметтік құнымыз, яғни тарифіміз өспей тұрып қалды. Қарыздың қордалануына оның да әсері мол болды. Сол сияқты біз суды да, тоқты да сатып аламыз. Ал мекемеміздегі ашылуы тиіс шағын электр орталығының проблемасы өз алдына әңгіме.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН