Партияның облыстық филиалы Саяси кеңес бюросының шешімі және «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының бұйрығымен Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары болып Шамшадинова Анар Амангелдіқызы тағайындалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шамшадинова Анар Амангелдіқызы 1974 жылы 23 мамырда Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында дүниеге келген. Ұлты қазақ. Білімі жоғары. 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шығыстанушы-тарихшы мамандығы бойынша, 1997 жылы аталған университетте журналист мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Еңбек жолын 1990 жылы пошта қызметкері қызметінен бастап, 1997-2001 жылдары Алматы қаласындағы № 81 мамандандырылған мектебіне қазақ тілі, әдебиеті және этика пәнінің мұғалімі, 2001-2003 жылдары «Алматы-южная столица» телеарнасының редакторы, 2003 - 2007 жылдары аралығында Маңғыстау облыстық «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының редакторы, бас редакторы қызметтерін атқарды.
2007-2008 жылдары «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының координаторы, 2009-2012 жылдары салауатты өмір салтын қалыптастыру облыстық орталығында БАҚ-та коммуникация және салауатты өмір салтын насихаттау бөлімінің бастығы, 2012-2013 жылдары «Ақтау – Ақпарат» газетінің аға тілшісі, 2014-2017 жылдары «Маңғыстау» облыстық газетінің журналисті, 2017-2019 жылдары кәсіби әскерилендірілген авариялық құтқару қызметінде мемлекеттік тілді дамыту бойынша маман, 2019-2021 жылдары «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директордың орынбасары қызметтерін атқарды.
2021-2023 жылдар аралығында «АMANAT» партиясы Маңғыстау облысы Ақтау қалалық филиалының атқарушы хатшысы қызметін атқарды. Бүгінгі күнге дейін Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында әлеуметтік бөлім маманы қызметін атқарып келді.
Сондай-ақ Ақтау қалалық мәслихатының VІІ шақырылымының депутаты болды (2021-2023 ж.ж.).