Маңғыстау облысына қарасты аумақта Көңдіқұдық-Тұщықұдық су құбырының құрылысы басталды. Енді су құбырының құрылысы аяқталған соң, Шебір, Тұщықұдық ауылдарының тұрғындары осы су құбырын пайдаланады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл жоба тіршілік көзі атанған су мәселесін шешудегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі болған еді. Осы ауылдағы судың жағдайы облыс, аудан әкімінің тұрғындармен кездесуінде жиі айтылатын.
Су құбырының құрылысы бастау алған кезеңіне ауданға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Тілеген Әбішов қатысты. Құрылысқа жауапты ауыл азаматы Асқарбек Сайынұлына ауыл үлкендері сәттілік тіледі, сондай-ақ аудан әкімі Ғалымжан Ниязовқа бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін ауыл тұрғындары Астрахань-Маңғышлақ (Қиғаш)су құбырымен келетін ауыз суды пайдаланып келді. Судың сапасына қатысты тұрғындар тарапынан көңіл толмаушылық болған.