Бейнеу ауданының тұрғындар саны 70 мыңнан асты
[ 2019 ] 14 қараша, 05:00 | Қоғам
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов мәлім етті.
- Бейнеу ауданының тұрғындар саны 70 мыңнан асады. Экономикалық белсенді тұрғындар саны – 27 882 адам. Оның 26 687-сі жұмыспен қамтылған болса, 1 195-і – жұмыссыз. Жыл басынан бері ауданға 299 адамы бар 63 отбасы көшіп келді. Олардың 34-і тұрақты жұмысқа орналастырылып, 27-сі ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Барлық қаражат көздерін қоса есептегенде әлеуметтік қорғау ісіне 4,9 млрд. теңге жұмсалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 812 млн. теңгеге немесе 24,7%-ға көп. Бұл қаржының 4,5 млрд. теңгесі республикалық бюджет есебінен, 402 млн. теңгесі аудандық бюджеттен берілген. Соған байланысты жаңадан 2 715 жұмыс орны ашылды, оның 69,4%-ы немесе 1 885-і – тұрақты жұмыс орны. Жұмыспен қамту ұйымдары арқылы 1 048 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасының 934 баласы мектепте тегін тамақтандырылады, – деді Бейнеубек Көңілімқосұлы. Сондай-ақ оның сөзінше, білім беру саласына 7,4 млрд. теңге бөлінген. 3–6 жас аралығындағы балаларды мектепалды дайындықпен қамту көрсеткіші 98,1%-ға жеткен. Опорный орта мектебінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған құны 2 млн. 475 мың теңге құрайтын сенсорлық кабинет жабдықталған.
Одан соң Бейнеу әкімі аудандағы өндіріс, кәсіпкерлік, инфрақұрылымды дамыту бойынша көрсеткіштерге тоқталды. Биылғы жылы ауданда 390,7 мың тонна мұнай мен 910,4 млн. текше метр газ өндірілген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мұнай 2,5 мың тоннаға (99,3%), газ 77,2 млн. текше метрге (92,1%) кеміп отыр.
– Астық терминалы Өзбекстанға 272 тонна ұн экспорттап, 4 664 тонна ұн, 2 057 тонна жем өндірді. 2019 жылғы қаңтар–қыркүйек айына өнеркәсіп өнімінің көлемі 51,8 млрд. теңгеге, негізгі капиталға салынған инвестиция 22,9 млрд. теңгеге жетті. Өнеркәсіптік өндірістің индексі 89,0% болса, инвестиция көлемі 100,6%-ды құрады. «Шағырлы- Шөмішті» кен орнында 651,2 млн. текше метр газ өндірілген. Бұл ауданда өндірілген газдың 79,7%-ын құрайды. Қазір онда 247 адам еңбек етеді, оның 46,5%-ы немесе 115-і – аудан тұрғындары. Кәсіпкерлікке келер болсақ, ресми статистикалық ақпаратқа сәйкес 2019 жылдың қаңтар-мамырында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірген өнім көлемі 3 769,0 млн. теңгені, 2019 жылғы қаңтар–қыркүйектегі бөлшек сауданың нақты көлем индексі 9 873,1 млн.теңгені құрады. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 60,7 млн.теңге көлемінде кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетілді, оның ішінде: 49,4 млн.теңгеге 2 жоба субсидияланды (10 жұмыс орны) 11,3 млн. теңгеге 2 жоба кепілдендірілді (11 жұмыс орны). Аталған бағдарлама аясында жаңа бизнес идеяларға дем беріліп, «IT мектеп» ашуға 1,0 млн. теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді.
«Нұр капитал» бағдарламасы бойынша барлығы 11 кәсіпкер 137,3 млн. теңге көлемінде несие алды. 60 жұмыс орны құрылатын болады. Шағын несиелендіру бойынша барлығы 74 несие, 343,1 млн. теңге, 82 жаңа жұмыс орны ашылды, – деді Бейнеу ауданының әкімі.
Сөз соңында Бейнеубек Әбілов «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан, құны 19,8 млрд. теңге болатын «Бейнеу–Ақжігіт– Өзбекстан Республикасы шекарасы» автомобиль жолының 80 км асфальттанып, құрылысқа 353 техника мен 659 адам жұмылдырылғанын және жергілікті бюджет есебінен Бейнеу ауылында 10 көшеге 441,9 млн. теңгеге ауылішілік газ құбырын тарту жұмыстары басталғанын атап өтті.
Ханым ҚУАТ
5899
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.