©
Тәуелсіздік ұлттық болмысымызбен қайта қауыштырды. Қоғамда жансарайы таза, көкірегіне иман ұялаған, жақсылыққа жаны құмар өндірдей жастар өсіп келеді. Тәуелсіздіктің төл құрдастары - берекелі Бейнеудің киелі топырағында 1991 жылы өмірге келген 300-ге жуық қыз-жігіттердің Рамазан айында ізгі жүрек, ақ көңіл, кең пейілмен атқарған қайырымдылық шарасына аудандағы ел тегіс сүйсінді. Атажұртқа қоныс аударған Қожабай Матулбаевтың отбасы қиындық құрсауына тап болды. Өзінің денсаулығы жоқ еді, жұбайы Тойдық Жұмабаева бір аяғынан айрылып, бірінші топтағы өмірлік мүгедекке айналды. Күндері жалданып жұмыс жасайтын жалғыз ұлдың бірде бар, бірде жоқ мардымсыз табысына қарап қалды. Сол кезде басыбайлы баспанасының жоқтығы жандарына әбден батты... Атажұртты аңсап келген қандасымыздың жағдайы құлағына шалынған тәуелсіздік құрдастары – Бейнеудің төл тумалары он екі айдың сұлтаны Рамазан айында ел сүйсінген ізгі амалды атқарып, Матулбаевтың отбасына Бейнеу ауылындағы Уәли көшесінен қонысқа дайын тұрған үйді тарту етті. Осы игі шараны ұйымдастырған жастар 25 мамырда Бейнеу мешітіне жиналды. Жиында аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Досов, жастардың бұл игі ісі аталар салып кеткен ұлағатты жолдың жалғасы екенін, тәуелсіздік құрдастарының тағылымы мол шарасы жалғасын табуға тілектестігін білдірді. Ауданның бас имамы Ұзақбай Жанабаев қиындыққа тап болған отбасына шексіз қуаныш сыйлаған ақ көңіл, ізгі ниетті жастарға ризашылығын білдіріп, олар Матулбаевтың отбасына сыйға тартқан пәтердің кілтін Тойдық Жұмабаеваға жақсы тілекпен табыстады. Тойдық қуанғаннан көз жасына ерік беріп, қайырымды жастарға шексіз алғысын білдірді. Тәуелсіздік құрдастарының ізгі шарасы жалғасын табатынына сенеміз.Қартбай НАЗАРҰЛЫ
https://youtu.be/T7McHnqHXyE