Әдеттегідей, мектептерде 25 мамырда өтетін "Соңғы қоңырау" салтанаты Бейнеу ауданының барлық мектебінде болды. Салтанатты шараларға аудан әкімдігінің өкілдері мен білім бөлімінің қызметкерлері қатысты. Осындай шара Бейнеу гимназиясында да өтті. Биыл 20 жылдығын мәнді мәдени шаралармен атап өткен бірегей білім ордасына аудан әкімі Б.Әбілов барып, құттықтау сөз сөйлеп, мектеп ұжы мен оқушылардың, ата-аналардың қуанышын бөлісіп, жас түлектерге ақ жол тіледі. «Ұлы дала ұландары» деген тақырыппен өткен бұл шара мемлекетіміздің әнұранымен ашылды. Соңғы қоңырау салтанатына жиналғандарды құттықтап, сөз сөйлеген Бейнеу гимназиясы директорының міндетін атқарушы Марал Бекібай, аяқталып отырған оқу жылында педагогикалық ұжымның шәкірттерге жаңа мазмұнда білім берудегі атқарған қызметтері мен шығармашылық табыстарын және шәкірттердің оқудағы, өнердегі және спорттағы жетістіктерін атап баяндама жасады. Биыл ұжымның гимназияның 20 жылдығын мәнді мәдени шаралармен атап өткенін айтқан ол 2018-2019 оқу жылында шәкірттерге кезең талабына сәйкес бәсекеге қабілетті білім мен тәлімді тәрбие беруге шығармашылық жетістіктерімен үлес қосып жүрген ұстаздарды атады. Шәкірттердің пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар мен байқаулардағы жетістіктерін жіктеп айтты. Осындай шығармашылықпен еңбек етіп жүрген ұстаздардың қызметінің нәтижесінде биыл 19 жас түлек оқу жылын зор жетістіктермен бітіріп, ҰБТ-ға ерекше дайындықпен қатысқалы отыр. — Осындай дарынды да талантты оқушылардың қабілеттері мен шығармашылығы ұстаздардың ерен еңбегімен ұшталып, дараланатын білім ордасында бүгінгі күні 21-рет соңғы қоңырау соғылып, жас түлектерді биік қияларға ұшырмақпыз, - деп сөзін аяқтаған М.Бекібай түлектерге ақ тілегін арнады. Бұдан кейін Жастар жылына және «Бейнеу гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 20 жылдық мерейтойына орай қажырлы еңбегімен көзге түскен мектеп қызметкерлеріне Алғыс хатын табыстады. Өз кезегінде сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Демократұлы биылғы мектеп бітіруші түлектерге сәт сапар тілеп, жылы лебізін білдірді. 2018-2019 оқу жылының қорытындысымен ұстаздар мен озат шәкіртерді марапаттады. Биыл алтын ұядан түлеп ұшқалы тұрған жас түлектердің ата-аналары атынан ардагер ұстаз Қарашаш Қадірова бұл шараның түлектерден бастап ұстаздар мен ата-аналар үшін қаншалықты қадір-қасиетінің, мән-мағынасының барлығын, түлектер мен ұстаздар үшін қимас сезімдерге толы ұмытылмас сәт, ата-аналардың қуаныш пен толғанысқа толы қанатының астында жүрген балапандарын түлетіп қияға ұшырған кезі екенін айтып, аналық ақ тілегін жеткізді. Сөз кезегі түлектерге берілгенде мектеп бітіргендерінің 10 және 20 жылдығын атап өтуге жиналып келген түлектер білім мен тәрбие берген ұстаздарына ризашылық сезімдерін білдіріп, алғыс айтты. Соңғы қоңырау салтанатты шарасының соңында түлектер ұстаздарымен, ата-аналарымен билеп, қимастық сезімдерін танытты. Шара соңын қоштасу вальсімен аяқтап, «Енді қоңырау соғылмайды бізге» әнін әуелетіп, шарды көкке шарлатып, көгершіндерді ұшырды. Осы бір сәтте заңғар көкке көтеріліп бара жатқан көгершіндер-жас түлектер өмірдің биік белестеріне қанатын қағып бара жатқандай ерекше әсер қалдырды.
К.ШЕРУБАЙҰЛЫ