© knews.kg
Бейнеу ауданының тұрғындары жаз айы келсе ауыз су мәселесінен қиындық көретіндерін айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыс әкімдігінің телеграм арнасына шағымын жазған тұрғындар ауданда 4 күн бойы ауыз суды тоқтатып тастағандарына наразылықтарын білдірді.
- Бүгін ауыз суды сығырайтып беріп отыр. Егін шаруашылығына үнемдеп пайдаланыңыздар дейсіздер. Ал егін үшін жаз айында су қатты қажет емес пе? Неге су мәселесін жаз айы келмей тұрып, шешпеске? Тегін келіп жатқан су емес, ақысын төлеп отырмыз. Су мәселесі – ауданымызда неше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе. Әлі күнге дейін водовоз іздеп, зар қағамыз, - дейді тұрғындар.
Ауданды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Бейнеусусервис» мекемесі мамандарының айтуынша, 26 мамыр күні «Магистралды су құбыры» ЖШС мекемесінің хабарламасымен Астрахань-Маңғышлақ су құбырынан су алу тоқтатылған.
- Әрине ол кезде су сақтау қазандарында 43 мың текше метр суымыз сақтаулы тұрды. Сол 43 мың текше метр судың шетінен 31 мамыр күні таңғы сағат тоғызға дейін Бейнеу селосы тұтынушылары үздіксіз сумен қамтамасыз етілді. Бес күнге 30 мың м3 су қордан алынды. Қалған 12 мың м3 суды үнемдеу мақсатында 31-і мамырдан бастап водовозбен жеткізу шарасын қабылдадық. Магистралды су құбырынан кеше яғни 1 маусым сағат 21-00 де суды қабылдап бастадық. Тәулігіне 7 мың текше метр су қабылдай аламыз. Оның 3000 м3 суын құбырмен халыққа, 4 мың м3 суды қорға жинап, жағдайды қалыптастырып алуымыз керек, - дейді облыстық мәслихаттың депутаты, «Бейнеу су сервис» мекемесінің басшысы Айбек Сембіғалиев.
Айбек Сембіғалиевтің айтуынша, алдымыздағы шілде айына 45 мың текше метр суды жинау жоспарланған.
- Барлық жағдайға дайын болуымыз керек. Сол себепті әр аймаққа 12 сағат бойы 3 мың м3 су беріледі. Осы суды ауыз суға жинап алуларыңыз сұралады. Бұл қиындық уақытша. Сабырлық сақтап түсіністік танытуларыңызды сұраймын, - дейді ол.