13 маусым күні Бейнеу астық терминалын іске қосу мәселелері бойынша аудан әкімі Рахымжан Шалбаевтың төрағалығымен жиналыс өтті. Жиынға «Каспий» ӘКК-ның төрағасы Б. Бейсов пен аталған кәсіпорынды қалпына келтіру және одан әрі жүргізу мақсатында сатып алған «Евразия Транслогистик» ЖШС басшысы Ж. Досбаев қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жиын барысында «Каспий» ӘКК-ның төрағасы астық терминалының «Куса Халық» ЖШС-нен «Евразия Транслогистик» ЖШС-нің меншігіне 2024 жылдың 15 мамырынан бастап өткенін, содан бері бастапқы қалпына келтіру жұмыстарының басталғанын атап өтті.
Астық терминалының жаңа басшысы Ж. Досбаев қайта іске қосу, қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарына мамыр айының соңынан бастап осы уақытқа дейін 30-дан астам аудан тұрғындары жұмысқа қабылданғанын және толық іске қосылғанға дейінгі жөндеу жұмыстарына кезең-кезеңімен тағы 100-ден астам тұрғынды жұмысқа алынатынын айтты. Жұмысқа қабылданғандардың басым көпшілігі бұрын астық терминалында еңбек еткендер. Алдағы уақытта қажет мамандар Бейнеу аудандық еңбек мобильділігі орталығы арқылы қайта даярлау курстарын оқып, жұмысқа орналасады.
«Астық терминалы жоғары және бірінші сортты ұн, құрама жем, кебек өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр. Өнімдер бастапқыда облыс көлеміндегі қала, аудандарға жеткізілсе, кейін Орта Азия елдеріне экспортталмақ. Сонымен қатар астық терминалы жанынан 65 га ашық егістік алаңы өңделіп, бақша дақылын себу жұмыстары жүргізілмек. Одан асқабақ өнімін алу көзделген. Өнімнің белгілі бір көлемі облыс аумағында сатылса, қалған бөлігі Еуропа елдеріне экспортқа шығарылады», деп жазылған аудан әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Кәсіпорынның жоспарына сәйкес 2025 жылы көлемі 3 га болатын жылыжай кешенінің құрылысын бастамақ. Жылыжай кешені құрылысы кезеңінде 70-80 аудан тұрғыны жұмысқа қабылданса, құрылыс жұмыстары толық аяқталғанда 200-ге жуық аудан тұрғыны жұмыспен қамтылмақ.