Бейнеу ауданының тұрғындары лас су тұтынып отырғанын айтып, таза күйінде қашан берілетінін сұрады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«3 күн бойы күткен суымыздың түрі осы. Бейнеу ауданының суы неге лай? Мына су ішуге жарамды деп ойлайсыздар ма? Күнарадан берілсе де, таза су берілсе екен. Суақысын төлеп отырмыз ғой, - дейді аудан тұрғыны.
Ауданды сумен қамтамасыз етіп отырған «Бейнеу су сервис» мекемесі мамандарының сөзінше, жаз айы басталғалы бері халықтың суға сұранысы көбейген.
«Сондықтан суды күнара беруге көштік. Халыққа су берер кезде 1 күн бойы құбырда жиналған су ластанып кетіп тұр. Негізгі халыққа беріп отырған суымызды сүзгіден өткізіп, лабараториядан сынамаларын алып, таза күйінде жіберіп отырмыз, - дейді «Бейнеу су сервис» мекемесінің басшысы Айбек Сембіғалиев.