© ашық дереккөзден алынды
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен «Бейнеу гуманитарлық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорынының директоры Ж., колледждің бюджеттік ақша қаражаттарын иемденгені, яғни сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлағаны үшін айыпталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Сотталушы Ж. 2022 жылғы желтоқсан және 2023 жылғы тамыз айлары арасында колледж қызметкерлеріне сыйақы беру туралы бұйрықтар шығарған. Сотталушымен тікелей кадр бөлімі басшысына нақты қандай қызметкерлерге сыйақы беру және оның мөлшері туралы бұйрықтар рәсімдеу туралы ауызша нұсқау берген.
Колледж қызметкерлерінің бірқатары сыйақы ретінде өз есеп шоттарына аударылған ақшалай қаражаттарының бір бөлігін сотталушы Ж.-ға қолма-қол, ал бірқатары сотталушыға колледж бухгалтері арқылы қайтарған» деп жазылған Бейнеу аудандық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сотталушының кінәсі жәбірленуші өкілі мен куәгерлердің жауаптарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және істің басқада материалдарымен дәлелденді.
Сот үкімімен сотталушы Ж. ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
ҚК-нің 74-бабына сәйкес, асырауында жас баланың болуына байланысты тағайындалған жазаның орындалуы 4 жыл мерзімге кейiнге қалдырылған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.