17-шағынауданда салынып жатқан «Оқушы сарайының» қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Ақтау қалалық білім бөлімінің мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Қала тұрғыны облыс әкімдігінің телеграм каналына 5-шағынауданда орналасқан «Абыл Тарақұлы атындағы қазақ өнер мектебіне» өзі тұратын 34-шағынауданнан 12 және 10 жастағы екі ұлының қатынауы қиын екенін және жұмыста болуына байланысты ата-анасы балаларын өнер мектебіне апара алмайтынын айтқан. Яғни балаларының жолдағы қауіпсіздігіне алаңдап, жаңа шағынаудандардың бірінен аталған өнер мектебінің филиалын ашуды сұраған.
Тұрғынның сауалына жауап берген Ақтау қалалық білім бөлімі өкілдерінің айтуынша, 17-шағынауданда жер көлемі — 3 гектарға жуық, аумағы — 6540 шаршы метр, күніне 1000-нан астам баланы қабылдайтын үш қабатты «Оқушы сарайы» салынуда. Бүгінгі таңда құрылыстың ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
- Оқушы сарайында» қысқы бақ, компьютер сыныбы, сурет, фото және видео шеберханасы, хореография, музыка сыныбы, робототехника, шахмат, футбол, волейбол, бір сөзбен айтқанда, оқушының жан-жақты дамуына ықпал ететін барлық үйірме, секция түрлері бар, - дейді жауаптылар.