Маңғыстаулық спортшылар «COMBAT JU-JUTSU-дан» өткен Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өзбекстан мемлекеті Бұхара қаласында «COMBAT JU-JUTSU» спорт түрінен жасөспірімдер, жастар, ересектер, қыздар мен әйелдер арасында Азия чемпионаты өтті. Жарысқа 8 мемлекеттен 300-ден астам спортшы қатысқан. Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Иран, Түрікменстан, Тәжікстан, Индия, Әзірбайжан мемлекетінен келген спортшылар бақ сынасты. Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен маңғыстаулық 3 спортшының
екеуі қола жүлдегер атанды.
Атап айтқанда, Нұржан Кабидулла 50 келіде, Лияс Төребек 45 келіде COMBAT JU-JUTSU-дан өткен Азия чемпионының қола жүлдегері атанды. Өңір намысын қорғаған жүлдегерлер Түпқараған ауданы, Таушық ауылының спортшылары.
Маңғыстау облысы COMBAT JU-JUTSU-дан аға жаттықтырушы Азамат Абаевтың айтуынша, Нұржан бірінші қарсыласы тәжікстандық спортшыны және екінші Қырғызстан елінің спортшысын жеңіп, үшінші жекпе-жекте өзбекстандық спортшыға есе жіберді.
Ал, Лияс Төребек бірінші Әзірбайжан, екінші Өзбекстан елінің спортшыларын жеңіп, үшінші жекпе-жекте қырғыз спортшысына есе жіберді.
- Азия чемпионатында 3 спортшымызда өте жақсы өнер көрсетті. Балалардың жарысқа қатысып, бақтарын сынауға демеуші болған ауыл азаматтарының үлесі зор. Комбат дзю-дзютцу спорт түріне қызығушылық жастар арасында артуда. 13 қыркүйек ауылымыздан 7 спортшы Алматы облысында өтетін жарыста бақтарын сынайды. Дайындықты шыңдап жатырмыз, деді Абаев Азамат.
«COMBAT JU-JUTSU-дан» Азия чемпионаты 8-11 қыркүйек аралығында өтті.