Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаевтың видео түсіріліміне қатысты жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев өзінің инстаграм парақшасында қазылған шұңқырда өртеліп жатқан иттердің видеосын жүктеп, бұл турасында өзінің азаматтық пікірін білдірген еді.
Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы қаңғыбас иттер «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңының 15 бабының 4 тармағына сәйкес тұрғындар өтініштері негізінде ауланып отырғанын хабарлады.
«Ақтау қалалық ветеринариялық станциясы» КММ-не Ақтау қаласы аумағында қаңғыбас иттерді аулап, жансыздандыру жұмыстарын тек қала тұрғындарының арызы негізінде жүзеге асырылады. Бұл арада былтырғы тексерістен өткен иттер ауланбайды. Жансыздандырылған иттер скотомогильник орнынан қазылған шұңқырда жойылуда. Аулау кезінде залалсыздандырылған иттер ауланбайды. Себебі олардың құлағында алыстан көрінетін сырғалары бар. Жоғарыда көрсетілген видеотүсірілімдегі жойылып жатырған иттер ішінде сырғасы бар иттер жоқ. Себебі сырғасы бар иттер ауланбайды, - деді МО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Мархабаев.