Жармыш ауылында тұратын 10 жасар оқушы Іңкәр Қозыбай ұршық иіруді жақсы меңгерген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жеткіншекті ұршық иіруге баулыған анасы Айнұр Таңатарова қолөнерден құр алақан емес. Іңкәрдің бойындағы бұл қабілеті де анасынан дарыған. Оның айтуынша , бастапқыда ұршық ұстауға икемі келмегенмен, бертін келе төселіп кеткен.
Іңкәр болашақта қолөнермен айналысқысы келеді. Қазір бұдан бөлек текемет басуға қызығушылық танытып жүр.
Жақында олар облыстық ұршықшылар байқауына қатысып қайтты. Бала күнінен қолы қалт еткенде ұршық иіруді ермек еткен Айнұрдың ұршығы әлі күнге өзінде сақталған.
-Əлеуметтік желіден ұршық иіруден жарыс өтетінін көзім шалып, бағымды сынайын деген ниетпен өзіммен бірге 5- сыныпта оқитын қызым Қозыбай Іңкәрді ала бардым. Байқауға қатысушының үлкені 75 жаста болса, ең кішкентайы 10 жасар менің қызым болды. Байқау шартына сай жүн шүйкелеп, иірілген жіптен арқан есу өнерін көрсеттік. Өнеріміз жоғары бағаланған қызымыз екеуміз Алғыс хатпен марапатталып, марқайып ауылға келдік. Қазақтың қолөнерін дәріптейтін осындай келелі істерге алда да атсалысқым келеді,- дейді Жармыштағы мәдениет үйінің режиссері Айнұр Әдебиетқызы.