Маңғыстаулық кәсіпқой боксшы Нұрым Ділшатты Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейт Қайнарбаев жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Нұрым Ділшат таяуда Колумбияда өткен бокс кешінде қарсыласын нокаутқа жіберіп, жеңіске жеткен болатын.
Жерлесіміз үшін бұл жекпе-жек Колумбиядағы алғашқы дебют болды. Оған дейін ол өз елінде, сондай-ақ Өзбекстан мен Әзірбайжанда жекпе-жек өткізген еді.
Жаңаөзен әкімі чемпионмен кездесу барысында қаланың спорт саласындағы жетістігі тағы бір жүлдемен толыққанын, бұл жеңістің күшті рух пен үздіксіз шынығу және үлкен еңбектің арқасында келгенін ерекше атады.
Сонымен қатар, жастар арасында бұқаралық спортты насихаттап, балаларды спортқа баулу бағытында бірігіп жұмыстануға шақырды. Сондай-ақ, боксшыға әлемдік деңгейде облысымыздың және қаламыздың абыройын асқақтатқаны үшін шынайы алғысын айтып, бұдан да жоғары жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірді.