Ақтауда қала әкімдігінің ұйымдастыруымен 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай бірқатар мерекелік шаралар өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, 1 наурызда «Алғыс айту парызым» іс-шарасы ұйымдастырылады. Мерекелік шарада Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығының жастары ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген жандарға алғыс білдіру мақсатында қала жастары жеміс-жидек және тәттілер таратады. Ал «Абай» мәдени-демалыс кешенінде «Ризашылық-мейірімділік бұлағы» атты мерекелік концерт өтеді. Кеште өнерпаздар ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйламақ. Атап айтқанда, концертте Есір Айшуақұлы атындағы қазақ оркестрі «Қазақ маршы» туындысын орындайды. Халықтық ұжым «Настроение» би ансамблі, «Шадвал» кавказ би ансамблі және басқа да өнерпаздар өз өнерлерін көрсетеді.
-Алғыс айту күніне орай өтетін мәдени және спорттық шаралар халықтар арасындағы достастықты арттыруға бағытталған. Барша қала тұрғындары мен қонақтарын аталған шараларға қатысуға шақырамыз. Сонымен қатар, 1 наурыз күні Қазақстан халқы Ассамблеясы кәсіпкерлер қауымдастығының демеушілігімен 15 шағынаудан теңіз жағалауында орнатылатын үстел теннисінің ашылу салтанаты өтеді, - деді Ақтау қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Амантай Кумбаев.