Жаңаөзендік спортшы Ділшат Нұрым кәсіпқой бокстағы жекпе-жегінде жеңіске жетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Соңғы екі айдан астам уақыт шетелде жаттыққан жерлесіміз кеше елге оралды. Соңғы 1,5 ай ішінде жаңаөзендік кәсіпқой боксшы Ділшат Нұрым рингте үш кездесу өткізіп, барлығында басым түсті. Алғашқы кездесу 25 желтоқсанда Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен болатын. Бірінші жартылай салмақта алты раундқа есептелген кездесуінде жергілікті боксшы Агаджан Даргаховты екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.
Содан кейін Ділшат Нұрым Колумбияның Санта-Марте қаласында жергілікті боксшы Овер Патерниньямен жұдырықтасып, кезекті жеңісіне қол жеткізді. Осылайша екі рейтингтік кездесуді сәтті аяқтаған жерлесіміз чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасуға мүмкіндік алды. Араға шамамен 10 күн салып тағы бір колумбиялық былғары қолғап шебері Кевин Мартинезпен шаршы алаңда жолығып, қарсыласын ноакутпен жеңген Ділшат Нұрым «UBC INTERCONTINENTAL CHAMPION» титулының иегері атанып отыр.
Ділшаттың қазіргі менеджері Нұрғазы Исмағамбетов кәсіпқой боксшылардың кездесулерін ұйымдастырумен айнылысып жүргеніне биыл 15 жыл уақыт болды. Қазіргі уақытта кәсіпқой бокста Ділшат Нұрым әлемдік рейтингте 211 орыннан 174 орынға көтеріліп отыр.