Жаңа оқу жылында Мұнайлы ауданынан үш жекеменшік мектеп ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жекеменшік 3 мектептің бірі - Атамекен ауылындағы Ы.Алтынсарин қазақ ұлттық мектеп-лицейі. Жер көлемі 850 шаршы метр. 800 оқушыға арналған мектеп-лицейі қазіргі уақытта 500 оқушыны мектепке, 60 адамды жұмысқа қабылдады.
― Мектеп-лицейдің бір ерекшелігі - оқушы үй тапсырмасын мектеп қабырғасында мұғалімнің қадағалауымен орындайды. Әр баланың денсаулығы біз үшін аса маңызды. Сол үшін бізде әртүрлі спорттық үйірмелер бар. Мектеп мұғалімдеріне келетін болсақ, барлығы да жоғары білімді, тәжірибелі мамандар. Ұстаздарымыз балалардың сапалы білім алуына жағдай жасайды. «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» демекші, мектепте ағылшын тілін тереңдетіп оқыту үшін Америка елінен білікті мамандар келеді. Одан бөлек, білім ордамыз заманауи, ең соңғы құрылғылармен жабдықталған, - дейді мектеп директоры Ғазизбек Титанов.
Мектепте 10-11 сыныптардың оқуына ерекше мән берілген. Оқушыларға таңдау пәндері бойынша уақыт бөлініп, ҰБТ-ға жүйелі дайындық жасап, қалаған оқу орнына түсуге жағдай жасалынбақ. Балаларды ынталандыру және білімін арттыру мақсатында оқу жылының соңында мектептің үздік оқушыларына бағалы сыйлықтар берілмек.
Сондай-ақ үздік сыныптар апта сайын кинотеатрға, теңіз жағасына немесе облыс маңындағы тарихи құндылықтары терең әсем жерлерге, экскурцияларға апару жоспарланған.
Білім күніне орай ауданда жаңа мектептердің лентасы қиылды. Аталған «I.Altynsarin School-Lyceum» қазақ ұлттық мектеп- лицейінен бөлек Маңғыстау ауылы, 22 кварталдан «Zerek» бастауыш мектебі, Қызылтөбе ауылдық округінен «ALT» мектеп-лицейі ашылды.
Айта кетейік, ауданда жекеменшік мектептерден бөлек мемлекеттік білім ордалары оқушылар үшін есігін айқара ашпақ. Мәселен, алдағы уақытта Басқұдық ауылында 600 орындық мектеп ашылмақ. Сонымен қатар осы ауылда 1200 орындық мектеп салынып жатыр.