11 мамыр күні Қазақстан және Түркіменстан арасындағы темір жол байланысына 10 жыл толды. Жаңа нарыққа жол ашқан осы тарихи күнді атап өту барысында «Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан Республикасының теміржол қатынасына 10 жыл» мерекелік медалімен 30 адам, сондай-ақ бірнеше адам Қарақия ауданы әкімінің алғыс хаты және Қазақстан темір жолының Маңғыстау облыстық филиалының алғыс хатымен, «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» бас директорының алғыс хаттарымен марапатталды.
Аталған темір жолдың маңызы қандай болды деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, бұл - екі ел арасындағы тікелей жүк тасымалының тез әрі тікелей болуына ықпал етті. Ұзындығы - 146 шақырымды құрайтын дәліздің қазақстандық бөлігінің «Жаңаөзен-Болашақ» учаскесі 2009 жылы салына бастады. Қазіргі уақытта теміржол магистралі дамыған инфрақұрылымға ие. Жол бойында электр энергиясы үздіксіз берілетін қызметтік-техникалық ғимараттар мен құрылыстар салынған станциялар, бөлек пункттер ашылды. Содан бері әлеуметтік және техникалық мақсаттағы объектілер кешені салынды, әкімшілік-шаруашылық және тұрғын үйлерді сумен жабдықтау және газдандыру орындалып, Болашақ шекара маңы станциясы айтарлықтай дамыды. "Қазақстан темір жолы "Ұлттық Компаниясы" АҚ жобасын отандық мердігер ұйымдардың күшімен жүзеге асырды.
Құрылыс құны 65 млрд. теңгені құрады. Құрылыс кезеңінде 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Темір жол пайдалануға берілгеннен кейін 700-ге жуық қазақстандық жұмысқа және тұрғын үйге ие болды.
-2013 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов «Болашақ» (Қазақстан Республикасы) станциясы мен «Серхетяк» (Түркіменстан) станциясы өткелі бойынша елдер арасында тікелей теміржол қатынасын салтанатты түрде ашты. Теміржол өткелінің ашылғанына 10 жыл болды. Маңғыстау облысында маңызды көлік торабының арқасында жаңа елді мекен пайда болды. Барлығы нөлден салынған, бұрын тіпті өткізу пункті де болмаған еді. Бастапқыда өте қиын болды. Қазір мұнда барлық әлеуметтік инфрақұрылым бар, 180 пәтерлі 90 үй салынды, дәрігерлік амбулатория, балалар алаңдары, мектеп, балабақша, кітапхана, дүкендер бар. Жылыту, сантехника, электр энергиясы-бәрі дұрыс жұмыс істейді. Тамыз айында осы тарихи оқиға, "Болашақ" станциясының тарихы туралы кітапты таныстыруды жоспарлап отырмыз, шамамен 40 дана. Біз мұны мерейтойға тұспа-тұс етіп арнағымыз келді, бірақ, өкінішке орай, үлгермедік. Біздің болашағымыз зор болатынына сенімдімін, біздің теміржолшылар әрқашан уақыттың ең жоғары талаптарын орындап, жоғары деңгейде қала бермек, - деді "Болашақ" станциясындағы өрт сөндіру пойызының өрт сөндіру жеңдерін жөндеу және өрт сөндіру техникасына қызмет көрсету жөніндегі шебер Ерболат Битиков.
Темір жол саласы қызметкерлерінің елдің дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесін Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Манар Төлегенов та атап өтті. Құттықтау сөз сөйлеу барысында ол теміржолшылар мен сала ардагерлерін айтулы оқиғамен құттықтап, аудан басшысының жылы лебізін жеткізді.
-Бүгін еңбек пен жетістікт мерекесі. Бүгінгі таңда теміржолшылардың жаңа буыны жалғастырып келе жатқан даңқты дәстүрлерді қалыптастырған сала ардагерлеріне ерекше алғыс айтқым келеді. Мұның бәрі ардагерлердің еңбегі. Олар бұл салаға айтарлықтай үлес қосты. Бүгінде өскелең ұрпақ бұл жолды жалғастыруда. Әрине, біз бұған өте қуаныштымыз. "Болашақ" шекара станциясының тұрғындарына жарқын болашақ пен өркендеу тілеймін. Теміржол- ел экономикасының негізгі салаларының бірі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әрқашан теміржол саласының маңыздылығы мен ерекшелігін атап көрсетеді. Алдағы уақытта да мемлекеттік қолдау нәтижесінде үздіксіз көлік ағынын қамтамасыз етуді жалғастырып, қойылған міндеттерді абыроймен орындайсыздар деп үміттенеміз,– деді Манар Төлегенов.
-Бүгін біз мерейтойды тойлап қана қоймай, теміржол көлігін дамытудың жаңа кезеңін ашудамыз. Болашақ-Серхетяк арқылы өтетін жүк ағындары әлемдік саудаға қатысады, нарыққа ең қысқа құрлық бағыты арқылы енеді. Бұл елдер арасында тікелей жеткізілім жасауға және транзиттік пойыздардың жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. "Болашақ" теміржолшылары транзиттік әлеуетті іске асыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар және басқа да жүктерді тасымалдау бойынша одан әрі тиімді жұмысты көздейді. Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, бақыт, отбасылық амандық, қажырлы еңбегіңізге табыс тілейміз, – деді "ҚТЖ -Жүк тасымалы" АҚ Маңғыстау бөлімшесінің директоры Нәжімеден Губашов.
Темір жол саласының ардагері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Қожахмет Шабайұлы сол жылдардағы жұмысы туралы естеліктерімен бөлісті.
-Құрылыс өте жылдам қарқынмен жүрді, мұндай қысқа мерзімде мүмкін емес болып көрінетін нәрселер жасалды. Бұл жылдар - керемет уақыт. Бүгін біз өз еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз. "Болашақ" станциясы - бірегей жоба. Мұнда барлығы жергілікті тұрғындарға ыңғайлы болу үшін ұйымдастырылды, толыққанды өмір сүру және жұмыс істеу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды. Үйлер жиһаздар мен асүй жабдықтары, тіпті ыдыс-аяқтармен берілді. Мен нағыз теміржолшылардың, соның ішінде жергілікті тұрғындардың еңбегімен мақтанамын, бүгін міне біздің күш-жігеріміздің бағаланып, жұмысшылардың марапатқа ие болғанына қуандым. Өйткені, бұл біздің ісімізді жалғастырушылар үшін үлкен жігер береді, - деп атап өтті Қожахмет Шабайұлы.
Мерекелік іс-шараға үш жасар кезінде теміржол өткелінің салтанатты ашылуында сигналдық қоңырау соққан Нұржанбек Аманқосов та қатысты. Қазір ол 9-сыныпта оқиды.
-Менде сол тарихи сәтте түсірілген фотосуреттер бар. Мен сол күні қоңырау соққанымды мақтан тұтамын. Менің ата-анам теміржолшылар, мен де олардың ізімен жүргім келеді. Мектепті бітіргеннен кейін мен темір жолшы мамандығын игеремін деп шештім, бұл – менің нақты мақсатым, - деді Нұржанбек.
Шекара станциясында әртүрлі мамандықтағы адамдар - мұғалімдер, әскери, өрт сөндірушілер тұрады. Бұл жерде әсіресе жас отбасылар көп.
- Бізде қазір бала туылу көрсеткіші жоғары. Болашақ - аудан орталығынан шалғай елді мекен. Шекара станциясы ашылғаннан бері мен жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіп, ҚТЖ-да медбике болып жұмыс істедім. Бастапқыда мұнда менен өзге медициналық қызметкер болған жоқ. Әрине, өте қиын болды. Төрт әйелді жалғыз өзім босандырып алған кездерім де болған, бір әйелдің толғағы поезда басталған кез де болды. Жаңаөзенге жете алмай, сол жерде босандырып, станцияда сәбидің кіндігі кесілді. Қазір шүкір, бәрі жақсы. Үш қыз бен бір ұл баланың дүниеге келуіне көмектестім, балалар қалыпты салмақпен денсаулығында кінәратсыз туылды. 2022 жылы қыркүйекте дәрігерлік амбулатория ашылды, жұмысым жеңілдей түсті, жедел жәрдем көлігі де берілді, - дейді дәрігерлік амбулаторияның фельдшері Аннуза Қадырова.
Болашақ станциясына пойызбен жетудің жалғыз жолы – Өзен-Болашақ жолы арқылы. Пойыз өз қозғалысын Өзен қаласынан сағат 08:30-да бастайды. Бастау, Ақбөбек, Бопай, Тайғыр, Құрмаш, Бесторткөл станцияларында аялдамалар жасайды. 143 шақырым жолдан өтіп, Болашаққа шамамен 11:00-де келеді. Бүкіл жол 2 сағат 30 минутты құрайды.
- Бұрын жұмыс процесі қиын болатын. Көп тексерулерді техниканың жоқтығынан қолмен жасайтын едік. Бүгінгі таңда теміржол желісін күтіп ұстау мен қызмет көрсетудің жаңа технологиялары енгізілді, жаңа техника тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Компьютерлік бағдарламалардың көмегімен станцияның қауіпсіз қозғалысын және жөнелтілуін бақылаймыз. Мониторда бізде «Өзен-Болашақ» аралығы көрсетілген. Компьютерлер барлық станциялармен байланысу үшін көп арналы телефонға қосылған, - дейді Маңғыстау дабыл және байланыс дистанциясының "Өзен-Болашақ" учаскесінің бастығы Мұхтар Көжекбаев.
Салтанатты шара Маңғыстау өңірінің әншілері мен әртістерінің қатысуымен өткен мерекелік дастархан және концерттік бағдарламамен аяқталды.
Болашақ станциясы - Түркіменстанмен шекараның алдындағы соңғы станция. Осы жерден отандық тауарлар темір жол арқылы Парсы шығанағы елдеріне жөнелтіледі. Соңғы екі жылда шетелге 1 млн. тоннадан астам түрлі жүк экспортталған. Өткен жылғы тауарлар импортының көлемі 2 млн. тоннаға бағаланды.