Маңғыстау ауылындағы 22-квартал тұрғындары ауыз судың жоқтығына шағымданып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тұрғындар бір күн бойы ауыз сусыз отыр. Айтуынша, кешеден бері тамақ пісіре алмай, жуынбай, әбден қиналған.
Белгілі болғандай, ауыз су жетіспеушілігі тас жолдағы диаметрі 400 мм болатын желінің жарылуымен байланысты болған. Осылайша, аудан орталығындағы 82 көпқабатты тұрғын үй және 22-кварталда 32 көпқабатты тұрғын үй бар ауыз судан ажыратылды.
«Маңғыстау жылу» МКҚК сумен жабдықтау ұйымының мәліметінше, мамандар таңғы сағат 03.45-ке дейін жұмыс істеген, өкінішке қарай, желіні қалыпқа келтіре алмаған.
– Негізгі ауыз су жеткізушіміз – Каспий тұщыту зауыты, су үш магистральды су құбыры арқылы беріледі. Біреуі сынып қалды. Кешеден бері жұмыс жүріп жатыр, бірақ оны жоюда қиындықтар бар. Біріншіден, магистраль арқылы су ағып жатыр, бұл құбырды дәнекерлеуді қиындатады. Екіншіден, құбыр пластик, бірден салқындап, сапасыз дәнекерлеу жұмыстарына әкеледі. Қазір муфтаның көмегімен бір жағын дәнекерлеп жатырмыз, одан кейін екпіннің екінші жағын дәнекерлеуге кірісеміз, – дейді «Маңғыстау жылу» мемлекеттік кәсіпорнының директоры Жансейіс Мұхашев.
Маңғыстау ауылының тұрғындарын қамтамасыз ету үшін 10 су тасымалдаушы шыққан. Оның төртеуі 22-кварталға жол тартты.
Сумен қамту ұйымы басшылығының айтуынша, желі жарылуын қалыпқа келтіргенше, су тасымалдаушылар ауыл тұрғындарын тегін сумен қамтамасыз етеді. Бүгін сағат 21.00-ге дейін желіні жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр.