Ақтау қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылға дейін 8 мектеп салу жоспарланды. Білім беру нысандары 17, 16, 19, 20, 33, 37, 38 шағынаудандар мен Өмірзақ ауылы, Рауан тұрғын массивінде бой көтереді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Жайлы мектеп» жобасының Маңғыстау облысындағы жетекшісі Ерлан Қабдинов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, 6 мектеп құрылысын келесі жылы аяқтау көзделген. Қалған екеуі 2025 жылы пайдалануға беріледі.
- Биыл 16, 17, 19, 20, 33-шағынаудандар мен Өмірзақ ауылы, Рауан тұрғын массивінде мектеп құрылысы басталады деп күтілуде. Ал 37, 38 шағынаудандарында білім беру нысандары 2025 жылы ел игілігіне беріледі. Аталған білім беру ұйымдарында оқушылар бір ауысымда 10 600 орында оқиды. Сонымен қатар бірегей оператор "Samruk Kazyna- Construction" АҚ тарапынан мектеп нысандарының құрылысын салатын мердігерлерді анықтау үшін арнайы конкурс ұйымдастырылып, оның 3-і бойынша жеңімпаздар анықталды, - деді Ерлан Қабдинов.
Сондай-ақ Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұрғанбаева 18, 19А шағынаудандарда 2 мектептің құрылысын жыл соңында аяқтау жоспарланып отырғандығын атап өтті.
- 1200 орындық екі мектеп мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатыр. Сонымен қатар биылғы оқу жылында 6 жекеменшік мектеп қолданысқа беріледі. Жоғарыда атап өткен мектептер қолданысқа берілсе, өңірдегі білім беру ұйымдарының тапшылығы шешіледі, - деді Бағдат Тұрғанбаева.