Маңғыстау облысындағы «Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік» колледжінде балық өндірісі мамандығы ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
2016 жылы жұмысын бастаған колледж 263 студентке 8 мамандық, 12 біліктілік бойынша білім береді. «Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік» колледжінің директоры Айнұр Сұлтанғалидың айтуынша, заман талабына сəйкес жаңа мамандық өндірісті өңір экономикасының өрістеуіне септеседі.
-Түпқараған ауданы мен ауыл тұрғындарының өтініші бойынша және жергілікті халықты жұмыспен қамту мақсатында балық өндірісі мамандығын аштық. Балық өндірісінде көбінесе шетел азаматтары жұмыс жасағандықтан тапшы мамандықты өңір жастарына үйретіп, болашақта мықты маман болып шығуына жағдай жасағымыз келеді. Бәсекеге қабілетті білікті мамандарды дайындау - бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан, жаңашыл мамандарды даярлау барысында кәсіби бағыттылығына баса назар аудауымыз қажет, - деді Айнұр Сұлтанғали.
Сондай-ақ, жаңа оқу жылында «Балық және теңіз өнімдерін өңдеуші», «Техник-технолог» біліктілігі бойынша 20 студент мемлекеттік тапсырыспен тегін түрде білім алып, шәкіртақымен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Балық өндірісі мамандығы бойынша білім алатындар үшін оқу кабинеті мен шеберхана жасақталған. Студенттер жаңа мамандықтың арнайы кітаптарымен де қамтамасыз етілген.
-Білім алушылар кәсіптік тәжірибеден Түпқараған ауданы, Аташ елді мекенінде «Аташ Фиш Пром» ЖШС мекемесінде өтетін болады. Сонымен қатар, мекеме ұсынысы бойынша мақсатты мемлекеттік тапсырысқа 4 орын ұсынып отыр, - деді Айнұр Сұлтанғали.
Айта кетейік, балық өндірісі мамандығына құжаттарды қабылдау 26 маусым, Түпқараған ауданы «Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік» колледжінде басталып, 18 тамыз күні аяқталады.