Кеше Қарақия ауданының Бостан, Сенек, Құланды ауылдарының әкімдері 2023 жылдың II тоқсанында атқарған жұмыстары бойынша халық алдында есеп берді.
Ауылдарда бір ғана сұрақ:
Әр ауылдан 10 адам Өзенмұнайгазға жұмысқа орналасса, дейді.
— Алдыңғы жиналыста осы мәселені қолдап, әр ауылдан 10 адамды "Өзенмұнайгаз" мекемесіне жұмысқа кіргізуге уәде берген адам — Б.Мәмбетсапаев еді. Қазір ол азамат "байтал түгілі бас қайғы" дегендей жағдайда екен. Біз енді не істейміз?, - дейді "мұнайға жұмысқа кіреміз" деп күтіп жүрген жігіттер.
Бұған жауап берген аудан әкімі Сымбат Қуанышұлы, бұл мәселені аяқсыз қалдырмау үшін жұмыс жасалып жатқанын, жақында осы тақырып бойынша Акционерлік Қоғамның бас директорымен, облыстық жұмыспен қамту басқармасының басшысымен кездесіп, мәселенің мән-жайын талқылағандары туралы айтты.
Мұнайдың жағдайы баршамызға белгілі. Дегенмен, мүмкіндігіне қарай оң нәтиже болады деп күтетіндігін де айтты.
Алда ауылдардағы есеп беру үрдісі бұрынғыдан гөрі жаңарып, өзгеше түрде өрбитін сыңайлы.
Аудан басшысының айтуына қарағанда, халықты клубтарға қамап, уақытын зая кетірмей-ақ мәселе туындаған аумақтар мен жекелеген топтар арасында, жұмыс басында кездесіп, сол жерде есеп беріп, ұсыныс-пікір тыңдау үрдісі қалыптаспақ.
Тұрғындар бұл ұсынысқа қуана келісіп отыр. Тіпті, Сенектің тұрғыны А.Базылбеков:
- Тайғырдың дөңінде 1000-нан астам кәсіпкер бар, сол жаққа келіңіздер, шаруашылықтың, шабындық пен шаруаның жай күйін біліңіздер, - деген ұсыныс білдірді.
Айтуларынша, жалпы ауылдардың жағдайы жақсы, биыл жер көктеген, жасалған жұмыстар да аз емес көрінеді.
Айта кетейік, 3 ауылдың есептік жиынына аудан әкімі Сымбат Төретаев, орынбасарлары мен аппарат басшысы, аудандық мәслихат төрағасы Жанғабыл Бекмолдаұлы, аудандық полиция бөлімі, дербес бөлім басшылары, депутаттар мен ауыл тұрғындары, БАҚ өкілі қатысып, жиыннан кейін жеке қабылдаулар жалғасты.