Ақтауда БАҚ қызметкерлері күніне орай жігіттер арасында шағын футболдан және қыздар арасында волейболдан жарыс өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шағын футболдан небәрі 5 команда бас жүлдеге таласты. Ала доп аламанында «Маңғыстау» арнасы үздік атанып, 100 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы алды.
- Бәрі де кәсіби емес әуесқой ойыншылар. Спортты серік еткен журналистер қаламы жүрдек, өздері ширақ, шымыр әрі ұтқыр ойыншы екендерін дәлелдеді. Ең алғашқы кездесу «Маңғыстау медиа» құрамасымен өтті. Қарсылас командадан басым түсіп, табандылық пен ұмтылыс нәтижесінде жеңіске жеттік. Барша БАҚ қызметкерлерін алдағы келе жатқан мерекемен құттықтаймын,- деді «Маңғыстау» арнасының директоры Әнуарбек Бимағамбет.
Қоғамдық коммуникация орталығының футболшылары 2:1 есебімен Жаңаөзен командасын ұтып, 2-орынды иеленіп, 70 000 теңгеге ие болды. Ал Жаңаөзеннен келген «Жаңаөзен» арнасы 3-орынға тұрақтап, 50 мың теңгені қоржынға салды.
Қыздар арасында волейбол ойынынан 4 команда жарысты. Ойында «Жолбаян» радиосының қыздары жеңімпаз атанды.
- Ойын өте әділ өтті. Командамыз 5 адамнан тұрса да жеңіске жеттік. Біз өте қуаныштымыз. Ал енді ақпарат кеңістігінде жүріп, дәйекті деректі дөп басып, шындықтың бетін ашып жүрген журналистер спорт саласында да өздерінің мықты екенін көрсетті деп ойлаймын. Баршаңыздың ерен еңбектеріңіз бағалана берсін, - дейді Жолбаян радиосының бас редакторы Арайлым Асылбекқызы.
Дүбірлі додада екінші орынды «Маңғыстау медиа» иеленсе, үшінші орынға «Маңғыстау» арнасының қыздар командасы ие болды. «Маңғыстау» телеарнасында 13 жылдан бері қызмет етіп жүрген 52 жастағы Эльмира Кисметованың айтуынша ойын өте қызықты өтті.
- Ойын өте керемет деңгейде өтті. Алдыңғы жылы екінші орынды алсақ биыл үшінші орын бұйырыпты. Келесі жылы бұдан да мықты дайындықпен келеміз деген ойдамын. Еңбегімізді бағалап, марапаттап жатқан ұйымдастырушыларға мың алғыс!,- деді Эльмира Кисметова.