Мемлекет басшысының су тапшылығын жою және оны өндіру қуатын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында өңір басшысы Нұрлан Ноғаев «МАЭК» кәсіпорнына жұмыс сапарымен барып, жабдықтардың техникалық жағдайымен, оны жаңғырту және төзімділігін арттыру жөніндегі жұмыспен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңір басшысы бастаған жұмыс тобымен бірге облыстық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары барды. Олар «МАЭК»-тегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Нұрлан Ноғаев қазіргі таңда тозу деңгейі 73,5% - құрайтын Дистиллят өндіру және өнеркәсіптік жылусумен жабдықтау зауытында (ДӨжӨЖСЖЗ) болды, сондай-ақ, тозуы 78% - ға жеткен ДОУ-7 қондырғысының жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Жобалық қуаты тәулігіне 14000 м3 болатын қондырғы бүгінде тек тәулігіне 4000 м3 су өндіруде, яғни жалпы жұмыс қуатының 30%-ы.
Нұрлан Ноғаев «МАЭК»-ті жаңғырту бойынша жоспарланған жұмыстар өңір үшін стратегиялық маңызды екенін атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешуді тапсырды. Жүйелі жұмыс нәтижесінде ауыз су тапшылығы кезең-кезеңімен шешілетін болады. Бұл мәселе мемлекет басшысының бақылауында. «МАЭК»-тің коммуналдық меншікке берілуі, сондай - ақ бөлінетін қаржыландырудың арқасында - облыс орталығында су тапшылығы таяу жылдар ішінде тұрақталады- деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Өндірістің бастапқы жобалық көлемін қайтару мақсатында қондырғыда жөндеу және жабдықтарын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде, мұндай жұмыстар бұрын ДОУ-11 қондырғысында жасалған болатын. Қазірдің өзінде кейбір қондырғыларды іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Энергетиктердің айтуынша, ДОУ - 7, 9, 11 қондырғыларындағы тозған бөлшектерді, тораптар мен агрегаттарды ауыстыру ауыз судың өнімділігін тәулігіне 4000 м3-ке ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Одан әрі облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ГТПИ - 4 және ГТПИ – 5 қондырғыларының жұмысымен танысты. Бұл термиялық әдіс бойынша теңіз суын тұшытатын израильдік көлденең құбырлы буландырғыш құрылғы. Олардың тәуліктік өндірістік қуаты 24000 м3 құрайды.
Сондай-ақ, Нұрлан Ноғаев ЦУВС-2-де болып, тәулігіне 5000 м3 қуаты бар кері осмості су тұшыту қондырғысын орнату процесімен танысты. Қондырғы Құйылыс- Меловое кен орнындағы жер асты (минералды) суларын тұшытып, пайдалануға беретін болады.
Сапар соңында өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.