Ақтауда өңірлік «Аралас жекпе-жек» федерациясына спорттық инвентарларды табыстау шарасы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Спорттық құрал-жабдықтар федерацияға демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы шеңберінде сыйға берілді.
Енді Ақтау қаласы 19 шағындауданда орналасқан спорт клубына федерация спортшыларынан бөлек жасөспірімдер де келіп, спортпен шұғылдана алады. Қазіргі таңда спорт клубта 300-ден аса спортшы шынығады.
«Naiza»лигасының президенті Нұрбек Қарабала жаттығу алаңы мен спорттық құрал-жабдықтардың бір жерде орналасуы спорт клубының ерекшелігі екенін айтып өтті.
- Кейбір спорт клубтарда жаттығу алаңы мен спорттық инвентарлар әр жерде орналасқан, сондықтан балалардың уақыты мен қаражаты бос кетіп жатады. Спортта уақытты ұтымды пайдалану үшін барлығы бір жерде болғаны жөн, бұл ерекше серпін мен нәтиже береді. Осының барлығын ескеріп, қолдау көрсеткен демеушілерге балалардың атынан алғыс айтамын, - деді Нұрбек Қарабала.