Маңғыстау газетінің жарық көре бастағанына 50 жыл толуына орай Ақтауда аталған басылымның фототілшісі Талант Құсайынның фотокөрмесі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Салиқалы ғұмырын фотожурналистикаға арнаған ардагер фототілші бүгінде өңірдің фотошежіресін жасаған санаулы маманның бірі. Қырық жылдан астам уақыт бойы қоғам өмірін фотоаппарат таспасына түсірген Талант Құсайынның суреттері мерейтой аясында көпшілік назарына ұсынылды. Айтулы шараға еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, республикалық және өңірлік медиахолдинг басшылары арнайы қатысып, оң бағасын берді.
Айта кетерлік бір жайт, фотограф соңғы 4-5 жыл шамасында түсірген Маңғыстау келбетін көрсететін туындыларын ұсынды.
«Бұл көрме алдағы үлкен ауқымды көрменің бастауы болғалы отыр. Ұзақ жылдардан бері осындай туындыларды көпшіліктің тамашалауына ұсынудың орайы келмей жүр еді. Алда ертедегі сарғайған суреттерді де жинақтап, өңір тұрғындары куә болады деген сенімдемін», - дейді ардагер фотограф.
Талант Құсайын фотожурналистикада өзіндік орны бар маман. Оның таспасына ілінген суреттер өңірлік басылымдардан бөлек, республикалық БАҚ беттерінде жиі жарияланып жүр. Кеңестік кезеңдегі шектеудің салдарынан жарыққа шықпаған кейбір суреттерді алғаш болып жариялады. Соның ішінде Ерсарының қайрағы мен Бекет Ата мешітін фотосурет арқылы алғаш жұртшылыққа көрсетті.
«Бүгінгі көрмеде қойылған суреттердің көбі іріктеліп алынды. Мысалы, кейбір тақырыпта түсірілген суреттер топтамасын бөлек көрме өткізуге болады. Сол арқылы көрермен Маңғыстаудың ашық аспан астындағы мұражай екеніне көз жеткізе түсер еді. Уақытпен бірге түлеп келе жатқан мұнайлы өлкедегі естен кетпес ұмытылмас сәттерге талай мәрте куә болып, таспаладым. Солардың көрген жұрт өзгеше әсерге бөленеді деген сенімдемін», - дейді Талант Құсайын.