«Халық Арена» спорт кешенінде бес күнге созылған былғары қолғап шеберлерінің Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған ХIV халықаралық турнирі аяқталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл дәстүрлі жарыс - қазан, қараша айында өтетін бокстан Әлем, Азия чемпионаттарына іріктеу жарысының бірі болып саналады. Жарысқа Тайланд, Әзірбайжан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қазақстан ұлттық құрама командаларынан барлығы 130 спортшы қатысып, бақ сынады. Оның ішінде 14 спортшы өңір намысын қорғады. Жарыста Маңғыстау облысының спортшылары 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль иеленді.
51 келі салмақта маңғыстаулық Қуаныш Дүйсенбай ақтық сында өзбекстандық Фозилжан Абдумурадовты жеңіп, алтын медаль иеленді. Сондай-ақ, 60 келі салмақта маңғыстаулық Берік Джедибаев қарағандылық Талғат Сырымбетовтен басым түсіп, жеңімпаз атанды. Ал, 80 келі салмақта ақтөбелік Жәнібек Қартбаев 1 орын, маңғыстаулық Арман Нұрасылов 2 орын, тайландтық Вирапон Джонгджохо және ШҚО спортшысы Ерасыл Жакпеков 3 орын иеленді.
67 келі салмақта шымкенттік Дәулет Нысан жеңімпаз атанды. Ал 2 орынды Жамбыл облысының спортшысы Елнұр Сүйінбай иеленсе , Маңғыстау облысының спортшысы Санатәлі Төлтаев пен Өзбекстан елінің спортшысы Бекзад Хамидов 3 орын иеленді.
Жарыстың өзге де салмақтағы жеңімпаздарына арнайы диплом, медаль және демеушілердің атынан ақшалай сыйлықтар табысталды.