Наурыз айының 21-24 аралығында «ҚР әуесқой лигасы» қауымдастығының бастамасымен Ақтау қаласында әуесқойлар арасында ел чемпионаты өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы ҚКО-да өткен брифингте «ҚР әуесқой лигасы» қоғамдық бірлестігі Ақтау қаласы филиалының директоры Мұрат Бекмағанбетов айтты.
Спикердің айтуынша, ел біріншілігінің VIII чемпионатына алдын ала аймақтық іріктеуден өткен нақты 35 команда қатысады.
«Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықтылар арасында: «Металлург» (Аөсу), «YASSY GOROD» (Түркістан), «MADI STROY» (Кокшетау), Алаш (Карағанды), «Мақат» (Атырау), НДФЗ ФОСФОР (Тараз), «BATYS» (Ақтөбе), «Мұнайшы» (Жезқазған), «Локомотив» (Атырау), «Allur» (Астана) командалары бар. Маңғыстау облысы атынан «Баянды» (Мұнайлы ауданы), «Бұрғылау» (Жаңаөзен), «Бейнеу» (Бейнеу), Мұрагер (Ақтау) құрамалары қатысады», - деді Мұрат Бекмағанбетов.
Жарыс қорытындысы бойынша чемпион атанған команда алдағы жылы Испания мемлекетіндегі Барселона қаласында өтетін Еуропа чемпионатына жолдама алады.
«ҚР әуесқой лигасы» қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Нұрсұлтан Әлімқұловтың мәліметінше, биылғы чемпионаттың ресми добы отандық өнім - «Жебе берен» деп аталады. «Жебе берен» ақ және көк түстерден тұрады. Ақ түс - адалдықтың, әділдіктің белгісі, ал көк түс татулық пен достыққа шақыру. Бұл екі қасиет спорт саласында айрықша мәнге ие. Ал жебенің ұшы қызыл түспен бейнеленген. Қазақтың ою-өрнегі допқа ұлттық өрнек береді. Доп Қазақстан шағын футбол федерациясы мен Қазақстан футбол әуесқойлары лигасының тапсырысы бойынша жасалған.
Сонымен қатар брифинг барысында байрақты бәсеке кезінде алғаш рет өңірдің танымал тұлғалары топтасқан «Жұлдызды МАТЧ» ұйымдастырылатыны туралы айтылды.
«Жұлдызды матчқа елімізге танымал сан саланың саңлақтары қатысады. Оның ішінде, белгілі актер, блогер Айдар Каримбаев, бокстан Олимпиданың екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, елімізге танымал әнші, Қазақстан Республикасының эстрада жұлдызы Ғаділбек Жаңай, Ұлттық құрама және «Қайрат» футзал клубының экс-капитаны, маңғыстаулық Дінмұхаммед Сүлейменов, журналист, қоғам белсендісі, «Жағымды жаңалық» қорының директоры Нұрлан Қуанышбай спорт бәйгесінде бақ сынасады», - деді ұйымдастыру мүшесі Эльвира Айтенова.
Айта кетейік, жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары тартысқа толы ойындарды «Halyk Arena», «BS Arena», «Батыр» спорт кешендерінде тамашалай алады.
Чемпионат Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.