Жаңаөзен қаласы Наурызнаманың онкүндігі аясында Кендірлі ауылы мәдениет үйінің алдында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарыстар дәстүрлі садақ атудан, қазақ күресінен, арқан тартудан, тоғызқұмалақтан, леңгі тебу, гір тасын көтеру және қол күресінен өтті. Сондай-ақ, бұл күні қонақтар және қала тұрғындары құсбегіліктен демонстрациялық көріністі тамашалады.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, наурыз мейрамы жаңаша форматта тойланып, Наурызнама онкүндігінің жетінші күні - Ұлттық спорт күні деп бекітілді. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мақсатында облыстық спорт басқармасының бастамасымен және «Korkem Alem» ЖШС және «ЭкраКазахстан»ЖШС қаржылай қолдауымен бүгін еліміздің бренді саналатын - ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп жатыр, - деді МО дене шынықтыру және спорт басқарма басшысы Мақсат Мұқаш.
Жарыс барысында мергендер дәстүрлі садақ атудан 2 нысана бойынша ерлер арасында бақтарын сынап, 60 метр қашықтықта 1-орынды Әжімұхан Өтебақ, 2-орынды Самал Зұлпыхаров, 3-орын Ерасыл Нәдір иеленсе, 30 метр қашықтықта 1-орынды Ғалымжан Бисенов, 2- орынды Нұрлан Панаев, 3-орынды Ерлан Худайбергенов иеленді. Ал жас балуандар қазақ күресінен сынға түсіп, жеңімпаздар қатарынан 30 келіде Бағлан Нұржұмаұлы , 38 келіде Нұрбол Амангелдиев және 38 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша Абдулла Нұрболатұлы көрінді.
Сондай-ақ, тоғызқұмалақтың рапид түрінен ұлдар арасында Мирас Наурызбай және қыздар арасында Сымбат Сарсенбай жеңіс тұғырының бірінші сатысынан көрінді.
Сондай-ақ, спортшылармен қатар қала тұрғындары да гір тасын көтеру мен қол күресі жарысына қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша гір спортынан 18 жасқа дейін Бекзат Жаманқұл және 18 жастан жоғары абсолютті салмақ дәрежесі бойынша Саламат Еңсепов жеңімпаз атанды. Қол күресі жарысында 18 жасқа дейінгі қатысушылар арасында 60 келіде Ғанибек Тілеген және 60 + келіде салмақ дәрежесінде Расул Сағынғалиұлы және 18 жастан жоғары қатысушылар арасында 80 келіде Арсен Олжабек, 80 + келіде салмақ дәрежесінде Әділет Бақтыбай жеңімпаз атанды. Арқан тартудан 1-орынды «Өзенмұнайгаз» командасы, 2-орынды«Бұрғылау» командасы, 3-орынды «Кендірлі» командасы иеленді. Ал, ләңгі тебуден Жамбыл Тачкараев жеңімпаз атанды.
Бұл айрықша күні ұлттық спорт түрлерінің бай мұрасын насихаттап, ортақ құндылықтарды қалыптастыруға спортшылармен қатар мемлекеттік қызметкерлер, қала тұрғындары да атсалысып, бақтарын сынады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сый-сияпатпен марапатталды.