Маңғыстаулық боксшы Бекзат Нұрдәулетов рейтингте Қазақстанның үздік он боксшысының қатарына қосылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Boxrec.com сайтының жазуынша, әлем чемпионы Б.Нұрдәулетов Қазақстан құрамасындағы ТОП-10 қатарына кірген. Оның нәтижесі 51-15 көрсеткішімен бағаланып отыр.
Сондай-ақ, бұл рейтингте Сәкен Бибосынов (69-21) көш бастаса, Асланбек Шымбергенов (99-20) екінші сатыда тұр. Үздік үштікте Махмұд Сабырханның есімі аталды (66-8).
Бұдан бөлек, Нұрбек Оралбай (56-14), Серік Теміржанов (49-21), Санжар Тәшкенбай (38-6), Дулат Бекбауов (38-15), Айбек Оралбай (53-7), Ертуған Зейнуллинов (31-13) үздіктер қатарын толықтарған.
Тізімге енген боксшылардың бесеуі биыл Париж Олимпиадасында сынға түседі. Ал жерлесіміз Бекзат Нұрдәулетов былтыр Астанада өткен Қазақстан спартакиасында 80 келіде күміс жүлдегер атанып, Олимпиада жолдамасы үшін өтетін сыннан тыс қалған еді.