Ақтауда қала әкімі Ұлықбек Тналиевтің қатысуымен облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының жылдық есеп беру кездесуі өтті. Жиында тұрғындар автомобиль жолын кеңейту, қоқыс мәселесін қозғады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, шараға Маңғыстау облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімдігінің қызметкерлері мен тұрғындар қатысты. Кездесуде облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары жасалған жұмыстар бойынша есеп берді.
Қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен 2023 жылдың наурыз айынан бері 11 сессия және 6 тұрақты комиссия отырысы өткен.
«Тұрақты комиссия отырысында 11-12 және 26-27 шағын аудан аралығындағы автомобиль жолын кеңейту мәселесі қозғалған болатын. Қазіргі таңда «11-12, 11а-12а, 26-27, 28-28а, 29-29а, 31-Шығыс-1, 31а-Шығыс-2 және 31б-Шығыс-3 шағынаудан аралығындағы №18 автомобиль жолын кеңейту және қайта құрылымдау» жобасы жасақталып жатыр», - деп жазылған әкімдіктің хабарламасында.
Қала әкімі қоқыс шығарушы компанияларға тұрғындар шағымының негізінде бірқатар ескертулер берілгендігін айтты.
- Қоқыс шығару компания өкілдерімен жиналыс өткен болатын. Қалада қоқыс шығарумен айналысатын 8 компания бар. Оларға бірнеше рет ескерту берілді. Тұрғындар уақытылы төлемін жасаса, компания сапалы қызмет көрсетуі керек. Қоқыс компаниясымен келісім-шартқа отыру мәселесін тұрғындар өздері шешеді. Яғни егер сіздің тұрғын үйге қызмет көрсететін компания өз міндеттемелерін орындамаса, оны өзгертуге толық құқығыңыз бар. Алайда оған басқа тұрғындардың келісімі керек. Жалпы депутаттар тұрақты комиссия және кезекті, кезектен тыс сессияларда тұрғындар көтерген мәселелерді қозғайды. Қала әкімдігі депутаттармен бірге жүйелі жұмыстарды жүргізуде. Қазіргі таңда 1 шағын ауданнан бастап 6 шағын ауданға дейін инфрақұрылым мәселесін шешу бойынша арнайы жоба жасақталды. Бұл жұмыстар жылыту маусымы аяқталғаннан кейін қолға алынады. Шағын аудандардағы абаттандыру мәселесі бойынша да жұмыстар жасалуда. 1, 4, 14, 22, 28а, 29 шағын ауданды абаттандыру және ойын алаңдарын салу бойынша жоба жасақталды. Сараптамадан шыққаннан кейін тиісті жұмыстар жүргізіледі. Ал былтыр облыс әкімінің және депутаттардың қолдауымен теңіз жасағына 400 орындық пен 400 қоқыс жәшігі орнатылды, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының жылдық есеп беру кездесуі 8 сәуірге дейін жалғасады. Жылдық есеп беру кездесу мына мекенжайлар бойынша өткізіледі:
7, 7а, 8, 9, 10, 11, 12, 12а,13,14,15 , «Самал», «Самал-1», «Самал-2» шағынауданы бойынша
02.04.2024
18:00
Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры
16,17,18,18а,19,19а, 20, 20а, 21, 22, 23, 24 ш/а «Көктем», 25, 26, 27, 28, 28а, 29, 29а, 32а, 32б, 33, 34, 35, 38 шағын аудан бойынша
03.04.2024
17:00
Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасы
Өмірзақ ауылының, «Оймаша», «Ақ желкен», «Рауан» тұрғын-үй массивіндегі барлық үйлер, Монтаж басқармасы-3
04.04.2024
17:00
Өмірзақ ауылы, №27 орта мектеп
30, 31, 31а, 31б, 32в, «Толқын-1», «Толқын-2», «Шығыс-1», «Шығыс-2», «Шығыс-3» шағынаудан бойынша
????️08.04.2024
⏱️17:00
????Шығыс-2, №26, «Жанұя» мейрамханасы