Облыста ажырасқан отбасында бала құқығының бұзылуы жиі кездеседі. Сонымен қатар "баланы жеке меншік ретінде қабылдайтын" ата-ана да бала құқығының бұзылуына себепші фактор. Бұл туралы Бала құқығы бойынша Маңғыстау облысының уәкілі Тілектес Болатбаева айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жалпы бала құқығы - бала дүниеге келген сәттен бастап қауіпсіздігі, дұрыс тәрбие алуы, жақсы жағдай жасалып, денсаулығы мен дамуына көңіл бөлінуі. Баланың құқығын қорғау "Бала құқықтарын қорғау конвенциясы" келісімі бойынша жүргізіледі.
Тілектес Болатбаеваның айтуынша, бала 10 жасқа жеткенде оның әрбір ой-пікірімен санасу керек.
- Бала дүниеге келген соң оның қауіпсіз өмір сүруге, ой-пікірін білдіруге құқығы бар. Сондықтан ата-ана баланың қауіпсіздігін жасақтап, материалдық, моральдік жағдайын ойластырып, жақсы тәрбие беруге міндетті. Отбасы балаға отан болуы керек. Емін-еркін өсіп, махаббатқа бөленіп, дұрыс тәрбие алған бала болашағында да жақсы азамат болады. Ал баланың іс-әрекетіне көңілі толмай, үнемі айқайлап, ұрысып, күш көрсететін болса, онда ол балаға кері әсерін тигізеді. Баланың құқығын сақтау әрбір ата-ананың міндеті, - деді Бала құқығы бойынша Маңғыстау облысының уәкілі Тілектес Болатбаева.
Осы орайда ол ата-ананы құқықтық сауатқа баулу керек екенін ескертті. Көп жағдайда бала мен ата-ана арасындағы байланыстың болмауы, бір-бірін түсінбеуі де көзқарастың сәйкессіздігінен, бірге дамымаудың себебі екенін айтты.
Сонымен қатар бала құқықы бойынша уәкіл Тілектес Болатбаева буллинг тақырыбына да тоқталды. Маманның сөзінше, буллинг мектеп пен балабақшада ғана емес, университеттер мен колледжде, отбасында да жиі болады. Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, яғни ерлі-зайыптылар немесе ата-ана мен бала арасындағы кикілжің, күш көрсету салдарынан бала буллингті қалыпты жағдай ретінде қабылдап, жолдастарына қайталай бастайды.
- Буллингке ұшыраған бала кенеттен тұйықталады, асқа тәбеті болмайды, өзіне көңілі толмайды. Мұндай жағдайда ата-ана баламен ашық сөйлесуі маңызды. Егер буллингтің алдын алмаса, зорлық көрсетуші күшіне енеді де әрі қарай іс-әрекетін жалғастыра береді. Салдарынан баланың психикасы бұзылады, қоғамға керексіз сезініп, суицид жайлы ойланады. Бұл ретте ата-ана да, қоғам да жауапкершілікті сезінуі қажет. Алдын алу шараларын жиі жүргізу керек, - деді Тілектес Болатбаева.
Егер бала құқығы бұзылса, буллинг жасалса, онда Бала құқығы бойынша Маңғыстау облысының уәкілі Тілектес Болатбаеваға хабарласуға болады. Байланыс нөмірі - Байланыс нөмірі - +7 (701-46) 3-33-09 amankos_tlektes.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА