Өткен жылдың қорытындысында моноқалалардағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 15 пайызға төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда 1,4 млн халқымен 20 моноқала бар. Моноқалалар елдің өнеркәсіптік өндірісіне айтарлықтай үлес қосатынын атап өткен жөн. 2023 жылдың қорытындысы бойынша елдің өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 40 пайызы осы қалаларға тиесілі. Қала құраушы кәсіпорындардың болуы және олардың тұрақты жұмыс жасауы моноқалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді. Бүгінгі күні моноқалаларда мұнай-газ, көмір, боксит, темір кендерін өндіру және басқа да бағыттарда 23 қала құраушы кәсіпорын жұмыс істейді», - деді министр.
Оның дерегінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндірістің көлемі 18,5 трлн теңгені құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға төмендеді.
«Осы бағыттағы көрсеткіштің ең көп төмендеуі Теміртау, Балқаш және Құлсары қалаларында байқалады. Бұл ретте өнеркәсіптік өндірістің нақты көлем индексінің төмендеуі Степногорск, Балқаш және Қаражал қалаларында тіркелді. 2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 4,2 трлн теңгені құрады және 2022 жылмен салыстырғанда 6,1 пайызға өсті. Көрсеткіштердің Жаңаөзен қаласында 3 есеге жуық және Ақсу қаласында 1,7 есеге өсуі байқалады. Моноқалаларда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлер субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 92,3 мыңнан 100,2 мың бірлікке дейін ұлғайды. Сондай-ақ 2023 жылдың қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,3 пайызды құрады», - деді Нұрлан Байбазаров.