Басқұдық тұрғындары ауыл маңындағы көпір астындағы каналда орналасқан құбырдан аммиак қалдығы төгіліп жатса да ешкім әрекет жасамай отырғанына шағымданады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Қанша рет шырылдап айтып жатырмыз. 5 жыл бұрын да жаздық бұл мәселені. Экологтар айыппұл салдық дейді. Бірақ тағы да аммиак төгіліп жатыр. Аммиак қалдығын төгіп отырған зауыт айыппұлын төлеп, осы әрекетін жалғастыра береді. Бұл мәселеге енді Ұлттық қауіпсіздік комитеті қосылу керек шығар. Бұл маңдағы 40-50 мың адамды улап жатыр, - дейді ауыл тұрғыны әлеуметтік желідегі видеожазбасында.
Редакция бұдан бұрын да бұл мәселені хабарлады. Көпір астындағы каналға негізінен Ақтаудағы үйлердің тұрмыстық суы төгіледі. Тұрғындар осында зауыттан шыққан улы қалдықты төгіліп жатқанын айтады. Қалдықтар осы канал арқылы Қошқар ата көліне төгіледі.
Тұрғындар ауыл халқының денсаулығы мен экологияға кері әсерін тигізіп жатқан зауытқа тоқтау салатын органдардың әрекетсіздігіне ашулы.
Редакция Маңғыстау облыстық экология департаментінен жауап күтеді.
Махаббат Нұржанқызы