Ақтауда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 1800-ден астам адам сенбілікке шықты. Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев, қалалық әкімдіктің бөлімдері, Маңғыстау облысы әкімдігінің 24 басқарма өкілдері, депутаттар, қоғам белсенділері мен экоактивистер Каспий теңізінің жағасында тазалық жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалпыға ортақ еңбек тұжырымдамасын қолдайды. Сенбілікке отбасылар мен ұжымдар қоршаған ортаны таза ұстау мақсатында жаппай қатысты.
20 сәуір күні Ақтаудағы акцияға қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, сенбілікке қажетті заттарды алып теңіз жағалауын тазалады.
-Шараға қатысқан азаматтарға қолғап, қапшық пен қажетті заттар берілді. Экологиялық іс-шарада 45 тоннаға жуық қоқыс пен қураған қамыс шығарылды. Қала тұрғындарын экологиялық шараларға, сенбіліктерге белсенді қатысуға шақырамыз. Біз ата-аналардың өз балаларымен бірге сенбілікке қатысатынына ризамыз. Бұл қоғамда экологиялық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жантілек Асхатов.
-Өткен аптада ұйымдастырылған «Киелі мекен» акциясы аясында ірі, орта кәсіпорын өкілдері және жастардың қатысуымен өңірдегі 32 тарихи орындарға тазалық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, сенбілік «Ыбықты сай», «Айрақты», «Есмамбет ата», «Бердібек әулие», «Қошқар ата» маңында ұйымдастырылды. Сенбілікте көбіне шыны бөтелкелер, пакеттер, шиналар мен құрылыс қоқыстары жиналды. Бұл қоқыстар ыдырамайды, қоршаған ортаға кері әсер етеді, - деді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова.
Келесі сенбілік 27 сәуір күні өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда ел Президентінің қолдауымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталған болатын. Акция бірнеше аптаға бөлінген. Атап айтқанда, 6-13 сәуір аралығында – «Таза өлке» апталығы, 13-20 сәуірде – «Киелі мекен», 20-27 сәуірде – «Жасыл аймақ», 27 сәуірден 4 мамырға дейін – «Өнегелі ұрпақ», ал 4-11 мамырда - «Мөлдір бұлақ» апталығы өтеді.